Баспасөз мәслихаты

Астықты өңір – өрлеу жолында

Осакаров ауданын облыстың ауыл шаруашылығын ілгерілетіп, қамба байлығымызды еселеп отырған астықты өңір ретінде жақсы білеміз. Мұндай аймақтың қай жағынан болсын озық дамуы да оңды һәм орынды. Биыл да халықтың әл­-ауқатын арттыру мақсатында біршама жұмыстар қолға алынып отыр. Қаржының көп бөлігі де аудан орталығын, ауылдарды абаттандыруға, жолдарды жаңартуға және әлеуметтік нысандарды жөндеуге бағытталыпты. Бұл, әрине, құптарлық қадам. Инфрақұрылымдық жобалар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламалары шеңберінде іске асырылып жатқанын айтады аудан әкімі Нұркен ҚОБЖАНОВ баспасөз мәслихатында.

– Тұрғын үй құрылысын аяқтау – маңызды мәселелердің бірі. Өйткені, кезекте тұрғандарды көп күттірмеуіміз керек. Дегенмен, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты шегерілгенін жасырмаймыз. Осакаров кентінде алты 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы 2020 жылы басталған еді. Құрылыс материалдары құнының қымбаттауына байланысты объектілерді салу барысында бұрын бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге тура келді. Сол себепті, пәтер кілттерін табыстау биылға шегерілді. Осылайша, биыл тұрғын үйді пайдалануға беру 10 825 шаршы метр көлемінде жоспарланған. Тұрғын үймен 108 отбасы қамтамасыз етілмек. Жаңа үйлерді абаттандыруға да көңіл бөлінеді, – деді Нұркен Қобжанов.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Молодежный кентіндегі 18 көше мен 1 квартал, Ақбұлақ ауылындағы 13 көше жөнделді. Сонымен қатар, Комсомол және Звезда ауылының жалпы ұзындығы 26,8 шақырым Сарыопан кен орнының кірме жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Облыстық бюджет есебінен ұзындығы 14,5 шақырым «Осакаров-Есіл-Тельман-Молодежный» облыстық маңызы бар автожолына жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде, соңғы екі жылда жағдайы жақсы жолдардың деңгейі 17 пайыздан 51 пайызға дейін артты.
Ауыз су мәселесіне де айтарлықтай көңіл бөлу қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Кейінгі екі жылда Есіл және Маржанкөл ауылының су құбыры желілерін қайта жаңартыпты. Батпақ және Озерное ауылдарының су таратқышына ағымдағы жөндеу жүргізілген. Звезда, Мирное елді мекендерінің су мұнаралары ауыстырылған. Биыл Сұңқар ауылындағы су мұнарасын ауыстыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Молодежный кентінде 14,5 млн. теңге сомасына сумен жабдықтау, су бұру және жылу желілері ағымдағы жөндеуден өткенін де атап айту керек. Биыл 1,1 млрд. теңгеге Пионерское ауылының және 1,7 млрд. теңгеге Озерное, Ералы ауылдарының су құбыры желілеріне құрылыс жұмыстары жүреді.
– Ауыз сумен қамтамасыз ету
бағдарламасын іске асыру үшін ауданда Осакаров кенті мен Николаев ауылының 7-кезектегі су құбыры желілерінің құрылысына жобалар әзірленді.
Биыл біз Тельман ауылындағы су құбыры желілерінің құрылысына 9 млн. теңге сомасына және Колхозное ауылындағы 8 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжатын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Ауыз сумен қамтамасыз етумен қатар, ауданның жылумен жабдықтау жүйелері ерекше бақылауда. Молодежный кентінің №7 қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары 45,2 млн. теңгеге жүргізіліпті. Сондай-ақ, қазандықтан күл шығару үшін 20,5 млн. теңгеге жаңа шахталық конвейер орнатылған. Жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Биыл аудандық бюджеттен Молодежный және Осакаров кентіне жаңа қазандықтар сатып алу, Мо- лодежный кентінің жылу құбырын жөндеу жоспарлануда, – дейді Нұркен Сайфиддинұлы.
«Биыл Озерное ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған. Жоба құны 147 млн. теңгені құрайды. Қазіргі уақытта ауданда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Әрбір азаматтың денсаулығы мен әл-ауқаты елде жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың басты нәтижесі болып табылады. Осыған байланысты біз спортпен жаппай айналысу үшін инфрақұрылымды дамытуға үлкен көңіл бөлеміз. 2021 жылы Осакаров кентінде «Street Workout» аула спорт кешені орнатылды. Осакаров кентіндегі стадионға ағымдағы жөндеу жұмыстары 45 млн. теңгеге жүргізілді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен Молодежный кентіндегі спорт кешеніне күрделі жөндеу жұмыстары жүруде», – деді аудан әкімі.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Молодежный кентінің №23 және №26 мектептеріне 282 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. 26 млн. теңгеге Маржанкөл ауылындағы мектептің жылу қазандығы жаңартылды. Биыл Осакаров кентінің №12 мектебіне 150 млн. теңге көлемінде күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Уызбай және Садовое ауылдары мектептерінің жылу қазандықтарын салуға 42 млн. теңге бөлінді.
«Бұл жұмыстар күнделікті бақылауымда» дейді аудан басшысы.
Сонымен қатар, жастарды кәсіпкерлік қызметке тарту – бұл шағын бизнестің үлесін арттыру және жұмыспен қамту мәселесін шешу үшін тиімді екені белгілі. Осы мақсатта былтыр облыс әкімінің грантын 2, аудан әкімінің грантын 13 жас кәсіпкер алып, кәсіптерін өркендетіп отыр. Биыл грант сомасы 10 млн. теңгеге артыпты.
Аудан әкімінің айтуынша, биыл мәдениет саласына 321,7 млн. теңге бөлінген. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша Молодежный кентінің мәдени-демалыс орталығына 126,1 млн. теңге сомасына күрделі жөндеу жүргізілуде. Звезда және Ералы ауылдық клубтарының жылу беру жүйесін жөндеуге 2 млн. теңге бөлінген.
– Ауданда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы табысты іске асырылуда. Ауылдық елді мекендерді интернет-байланыспен қамтамасыз ету шеңберінде Қарағайлы, Родниковское және Николаевка ауылдарында Beeline 4G базалық станциялары пайдалануға берілді. «Smart City» жобасы аясында Осакаров кентінде қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін 108 бейнебақылау камерасы орнатылған. Айта кетейік, 2020 жылы жергілікті бюджет есебінен Молодежный кентінде адам көп жиналатын жерлерге 12 бейнебақылау камерасы орнатылды. Камералар құқық бұзушылықты ашуда өзінің тиімділігін көрсетіп отыр, – деді аудан басшысы Н.Қобжанов.
Осакаров ауданы – облыстағы ең ірі астықты өңір. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 101,3 пайызға орындалғанын да алға тартты аудан әкімі. Дәнді дақылдардың жаздық егістігі 402 мың гектарды құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 33 мың гектарға артық деген сөз. Биыл егістік көлемін 11,4 мың гектарға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл – астық молаяды. Осы саланың негізгі капиталына салынған инвестиция 9,6 млрд. теңгені құрады. Қаражат техникалар мен жабдықтар сатып алуға бағытталған.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button