“Астана” бренді сақталады

Қарағанды қаласында «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша ОСПАНОВАНЫҢ төрағалығымен бастауыш партия ұйымдарының аймақтық форумы өтті. Күн тәртібіне қойылған басты мәселе Астана қаласының атауын “Нұр-Сұлтан” деп қайта атау туралы ұсынысты қолдау.

Форумға Елбасы үзеңгілестері, аудандар мен қалалардағы партия ұйымдарының өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері және депутаттар қатысты. Жиынға қатысушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуына қосқан сүбелі үлесі, халықаралық деңгейдегі биік мәртебесі туралы ой қозғап, өз пікірлерін ортаға салды.

Бастауыш партия ұйымдарының аймақтық форумын кіріспе сөзбен ашқан Қадиша Базарбайқызы Елорда атауы өзгерсе де Астана брендінің сақталып қалатынын жеткізді.

Мәдениет нысандары, спорт командалары, компаниялардың, ұйымдардың атауларындағы “Астана” сөзі әрі қарай да қолданыста болады. Өйткені, олар жұртшылықтың санасына еніп, әлемге әйгілі болып үлгерген атаулар. Алдағы уақытта Елордамыздың жаңа аты Нұр-Сұлтан да брендке айналарына сенемін, деді Қадиша Оспанова.

Елбасы үзеңгілестері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласын “Нұр-Сұлтан” деп қайта атау туралы бастамасын орынды шешім деп санайды.

Нұрсұлтан Назарбаев байыпты бағдарламалар мен сарабдал саясатының арқасында Қазақстанды бүгінгі дәрежеге жеткізді. Арқаның төрінде қарасаң көз тоятын зәулім шаһар — елордамыз бой көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы есімін өзі орнатқан шаһарға беріу бастамасы өте орынды шешім, дейді Елбасының үзеңгілесі Қуаныш Омашев.

Қарағанды облысында 500-ден астам бастауыш партия ұйымдары бар. Форумға жиналған нұротандықтар “Нұр-Сұлтан” атауына қолдау білдіріп, Астана мен Нұр-Сұлтан атаулары бірін-бірі толықтыратын егіз ұғым екендігін жеткізді. Елбасы негізін қалаған бас қаламыздың жаңа атауы қазақ елінің дамуына жаңа серпін беретінін жеткізді.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,