Асхат Аймағамбетов Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов аймақ активіне өзінің жаңа орынбасарын таныстырды. Бұл қызметке осыған дейін ҚР Білім және ғылым вице-министрі болған 36 жасар Асхат Аймағамбетов тағайындалды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің ресми сайты хабарлады.

Асхат Аймағамбетов облыс әкімінің орынбасары қызметінде әлеуметтік сала және ішкі саясат мәселелеріне жетекшілік етеді.

Асхат Аймағамбетов 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. «Тарихшы, тарих пәнінің ұстазы» және «құқықтану» мамандықтары бойынша екі жоғарғы білімі бар. Еңбек жолын 2002-ші жылы Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-де бастаған. «Аңсар» Жастар лигасын басқарған. Екі мәрте Қарағанды қалалық мәслихатында өзін өзі ұсынушы ретінде депутат болып сайланған.

2012  жылдан бастап мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Нұра ауданы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 2017  жылдың тамызынан бастап осы тағайындауға дейін Білім және ғылым вице-министрі лауазымында болып, мектепке дейінгі және орта білім, сондай-ақ жоғарғы білім мен ғылым мәселелеріне жетекшілік еткен.