Руханият

Ашаршылық ақиқаты айтылған жиын

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің кітапханасында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «ХХ ғ. 20-50 жылдардағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін тарихы: жаңа мұрағат деректері және зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға шетел және ел ғалымдары, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпағы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Іс-шараны Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов пен университеттің Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Дулатбеков ашып, жүргізді. Олар атаулы күнге орай өткізілген конференцияның маңызына тоқталып өтті.

Жиында ХХ ғасырдың 20- 50 жылдары аралығында Қазақстанда болған жаппай саяси қуғын-сүргінге байланысты мұқият зерделенген тарихи оқиғалар талқыланды. Оған қоса, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтаудағы ғылыми-әдістемелік проблемалар аталды.

Шара барысында университет ғалымдары архив қызметкерлерімен бірге құрастырған «1920-1950 жж. Орталық Қазақстандағы репрессиялар» мұрағат құжаттары жинағының тұсаукесері өтті. Мұрағат құжаттарының негізгі бөлігі алғаш рет ғылыми айналымға енген. Онда Орталық Қазақстандағы қуғын-сүргін саясатын жүзеге асырудың, халықтарды кәмпескелеу мен жер аударудың аймақтық ерекшеліктері туралы мәліметтер қамтылған. Жинақта Қарағанды облысының Мемлекеттік мұрағаты, ҚР Президентінің мұрағаты және ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты қорында анықталған құжаттар берілген.

«1920-1950 жж. Орталық Қазақстандағы репрессиялар» мұрағат құжаттары жинағының даналары Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығына және Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханаға берілді. Мұрағат жинағы кейіннен облыстың кітап сақтау қоймаларына бекітіледі.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Дулатбековтің айтуынша, жаңа мұрағаттық деректер мен зерттеулер елдегі репрессияның тарихи бейнесін қалпына келтіруге және түсінігімізді кеңейтуге ықпал етеді, мұндай игі іс ары қарай жалғасады.

Университет ғалымдары Қарағанды облысы әкімдігі мен ішкі саясат басқармасының қолдауымен зерттеу тақырыбы бойынша Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатынан және аудандық мұрағаттардан деректер жинақтап, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізгендігін атап өткен жөн.

– Бұл халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткенді есте сақтауға жасалған маңызды қадам болды. Көптеген адамның тағдырына әсер еткен күрделі тарихи оқиғалардың толық бейнесін қалыптастыруға ықпал етті. Ол қоғамның тарихи санасын байытуда маңызды рөл атқарады және толеранттылықты, Қазақстанның тарихи мұрасына түсіністік пен құрметті қалыптастыруға ықпал етеді, – деп түйіндеді ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button