Жаңалықтар

Арыстарымызды ардақтайық

Қазақ елінің жеке мемлекет болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан, негізін қалаушылардың бірі, жерлесіміз Нығмет НҰРМАҚОВТЫҢ туғанына биыл 126 жыл толғаны белгілі.

Н.Нұрмақов қасиетті Қу-Балқантау өңірінде дүниеге келді. Осы өлкеге аты мәлім, бұрнағы жылы ғана өзіміз ардақты атын еске түсіріп, ескерткіш тас орнатқан ел жанашыры, белгілі меценат, атақты Ақайдың Қасенінің тәрбиесін көрген, ол ашқан алғашқы мектепте оқыған. Еңбек жолын Қарқаралыда мұғалім, уездік ревкомның хатшылығынан бастап, Семей губкомының бөлім меңгерушісі болды.

Кейін ҚАКСР революциялық Трибуналының (Жоғарғы Соттың) тұңғыш төрағасы, Юстиция халық комиссары, әрі республиканың прокуроры болып қызмет атқарған. 1924-1929 жылдары ҚАКСР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы қызметінде республиканың өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірді. Сондай-ақ, Қазақстанның алғашқы Конституциясының жобасы мен қазақ алфавитін құрастырған комиссияны басқарды.

1928 жылы республика өлкелерінде селолық, оның ішінде, Қарағанды облысының Ақтоғай, Нұра, Шет және өзінің туған елі Балқантау өңірінде Егіндібұлақ (бұрынғы Қу) аудандарын құруда зор еңбек сіңірді. 1931-1937 жылдары Бүкілресейлік ВЦИК хатшысы, оның президиумының ұлттар бөлімінің меңгерушісі болды. Отанының адал перзенті, талантты әрі іскер басшысы бола білген ол сол кездегі солақай саясаттың кесірінен 1937 жылы жаламен атылды.

Асыл азамат өзі өмір сүрген 42 жыл ішінде елінің өркендеуіне зор үлес қосты, өзгелерге үлгі болды. Алыс ауылдан шыққанына қарамастан өзінің білімділігін, біліктілігін көрсеткен жерлесіміздің есімі ұрпақ есінде мәңгілік сақталатыны хақ. Атқарған еңбегін білетін жұрт Н.Нұрмақовтың өмірі жайлы қалам да тербей бастады. Дегенмен, оның бейнесі белгісіз болып қалу қаупі бар. Осыны ескерген егіндібұлақтық бір топ азамат асыл ағаның туған жерінде еңселі ескерткіш орнату үшін қайырымдылық қорын құрған еді. 2015 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде қаралып, қолдау да тапты. Сондай-ақ, ҚР ескерткіштер мен монументтер орнату жөніндегі Мемлекеттік комиссиясының отырысында қаралып, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ селосында Н.Нұрмақовқа ескерткіш орнату жөнінде шешім қабылданды.

2016 жылы наурыз айында осы ескерткіштің үздік жобасына орай облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бәйге жарияланды. Байқау комиссиясының отырысына Егіндібұлақ ауылының халқы да атсалысып, өз таңдауларын жасады. Сөйтіп, жоба анықталып, құжаттары әзірленді. Осы шараларға байланысты өңір жұртшылығымен қатар сыртта жүрген жерлес азаматтар зор ынта мен құлшыныс танытқан болатын.

Өткен 2020 жылы республика деңгейінде ұлы тұлғаның өмірі мен қызметіне байланысты ғылыми конференциялар өткізіліп, деректі фильмдер түсірілді.

Жақында Егіндібұлақ ауылы әкімдігі жанындағы жергілікті қауымдастық төрағасы А.Дәуіпбаев аудан әкімі Э.Дүйсетаевтың қабылдауында болып, ескерткіш туралы айтқан еді. Аудан басшысы бұл игі бастаманы қолдай отырып мүмкіндігінше көмек жасалатынын жеткізді. Әрине, бұл жерде бюджеттен қаржы бөлінбейтіні анық. Дегенмен, жергілікті басшылықтан бастап облыс пен республика көлемінде қазақ тарихының туын тігуге атсалысқан, кезінде қылышынан қаны тамған Кеңес үкіметін аузына қаратқан, дәлелді сөзін өткізіп, елге ел, жерге жер қосқан ағамыздың асыл бейнесін ел есінде қалдыру бізге парыз болып қалатыны шындық.

Ендігі мәселе – «Туған жерге туың тік» дейтін қанатты қағиданы түсіне білетін елдің еншісінде. Тарихқа тағзым – ету парыз, сол арқылы болашаққа болжам жасалады. Жеті атасын жете білетін жұрттың ұрпағымыз, елдіктің белгісіндей болсын десек, барша болып осынау игілікті де сауабы мол іске қолдау көрсетсе, нұр үстіне нұр болмақ. Ол үшін осы бастаманың негізгі өкілдері бас болып, шараны жолда қалдырмай әрі қарай дамытса дейміз. Былтыр бұл игі іс бүкіл әлем жұртын алаңдатқан қатерлі індеттің кесірінен кешеуілдеп қалды. Қашанда елімізде кеудесі кең, жүрегі жомарт жандар жетерлік, елім, жерім дейтіндер де қаншама. Солардың жәрдемімен еңселі ескерткіш орнатылса, киелі өлкеден қанат қаққан қайраткердің өр тұлғасы танылар еді.

Н. Нұрмақовтың ескерткішін орнатуға арналған қайырымдылық қоры Қазақстан Республикасы Қарағанды облысы «НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ» Жеке қайырымдылық қоры «Қазақстан Халық Банкі» АҚ БИН 150440012817 БИК HSBKKZKX СЧЕТ KZ916017191000007073

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button