Қарымды қаламгер тартуы
Жақында мәнді де мағыналы деректермен өрілген, шежірелі суреттермен әрленген тағы бір баспа өнімі кітап қорын толықтырды. Нақтырақ айтқанда, кітап авторының мерейтойы аясында жарық көрген, аудандық «Қарқаралы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Құрметті депутаты, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері, аудандық мәслихаттың депутаты Рымбек СМАҒҰЛОВТЫҢ «Ғанибет-өмір тынысы» атты кітабының тұсауы кесілді. Рухани шара оқырмандардың қатысуымен Қасым Аманжолов атындағы аудандық кітапханада өтті.
Ақпарат саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен Рымбек ағайдың балалық шағынан бастау алатын кітапта ата-анасы мен туып өскен алтын ұясы, туған жеріне деген перзенттік сезімі, қызмет жолындағы қалам тербеген мақала, жол сапар очерктері, зерттеу мақалалары, әдеби, мәдени, қоғамдық мәселелерді қамтыған жазбалары топтастырылған.
Аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы Дулат Бәкенұлы аталмыш кітаптың рухани қазынамызға қосылған құнды дүние екендігін айта келе, жазушы журналистің қаламынан әлі қарымды дүниелер туа беретіндей қажыр мен қайрат берсін деген ізгі тілегін жеткізді. «Нар Кемпірбай бабадан» бастап, Қаздауысты Қазыбек би туралы құнды деректер, еліне елеулі еңбек сіңірген ер азаматтардың жасаған ілкімді істері, бірге қызмет жасаған алдыңғы толқын ағалары жайында, сайып келгенде, туған елінің тарихы, мәдениеті, әдебиеті жайында сыр шертетін кітап оқырман көңілінен шыққан. Бұл жөнінде автордың әріптесі Бану Даутанқызы кітапқа шолу жасап өтті.
Автор бірге ұзақ жылдар баспасөз саласында қызмет жасаған аудандық мәслихаттың депутаты, №43 орта мектеп директоры Мұхит Адамов «Рымбек Смағұлұлы екеуіміз Егіндібұлақтың «Балқантау» газетінде бірге еңбек еттік. Редактор болу оңай жұмыс емес. Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік. Оның сыншысы да сарапшысы да оқырман қауым. Бүгінде сіз басшылық етіп отырған газет әлеуметтік экономикалық материалдармен қатар, әдеби танымдық мақалаларға көп қалам тербейді. Ал, мына кітабыңыздың безендірілуі өз алдына бір төбе. Мұқабасына бабамыздың кемел тұлғасы кескінделген екен. Бұл да бір ғанибет деп ойлаймын, – деп, тілегін жеткізді.
Р.Смағұлұлымен үзеңгілес жүріп қызмет жасаған, көз көрген ел ағасы Тілек Сәдуақасов «Рымбек білімді маман ғана емес, білгір басшы. Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Қарқаралы» газетіндегі редакторлық қызметінде ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуындағы елеулі өзгерістердің дер уақытында халыққа жетуіне, елімізде жүргізіліп жатқан саяси жақсы жаңалықтарды жария етуде зор ықпал етіп келе жатқан, әрі аудандық газеттің беделі мен абыройын асқақтатуда зор еңбек сіңіруде» десе, қазынашылық бөлімінің басшысы Мұрат Тойынбеков «кітаптан алар құнды мәліметтер көп, әсіресе, ежелгі тарихымыздан сыр шертетін ұлттық құндылықтарымызды айшықтайтын деректерді оқып, көңілім толды», ардагер ағамыз Мейірхан Қасымжанов автордың кітабындағы Кемпірбай ақынның келбетін ашып, қазақ әдебиетіне қажетті тың деректерді келтіргендігін айта келе, өскелең ұрпақ үшін мұндай кітаптар қажет деген пікірін жеткізді. Аудандық архив бөлімінің басшысы Манарбек Кәрім, ардагер ағамыз Саят Оспанов аталмыш кітапта түйсіктің түбіне жетіп, ойландыратын мақалалардың басым екендігін, бұл кітаптың құндылығы тәрбиелік мәнінде екендігін жеткізді.
Кітаптың тұсаукесерінде оқырмандардың пікірі де оң болды.
Басты мақсат кітап шығарып, атын қалдыру емес, қиындығы мен қызығы да жетерлік журналистік еңбек халықтың тыныс тіршілігі суреттеліп, әлеуеттік әлеуметіне хабардар ететін, ел үшін маңызды мәселелерді көтере отырып, халықтың мүддесінен шығатын жазбаларын жинақтап, есеп беру мақсатында жазылған кітап кейінгі ұрпақтың рухани қазынасы.
Сағыныш ӘБІЛОВА,
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.