«Ortalyq Qazaqstan» газетіне – 90 жыл

ҚарУ-дың төрінде – қарашаңырақ

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тоқсан жылдық торқалы тойы ерекше дәріптелуде биыл. Әрине, бұл той бұрынғы тойдан өзгерек. «Орталық» алмасша жарқ еткен өткір сын мен қайрат қайрар ой-пікірдің алаңы. Осы бір ордалы жұрттың ортақ тойына айналған мереке қызығын бөліспекке академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің журналистика кафедрасы «Ормандай оқырманның «Орталығы!» атты кездесу ұйымдастырған еді. «Қарашаңырақ келді» деп бізді ҚарУдың Басқарма Төрағасы – ректор Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ бас болып, жылы шыраймен қарсы алды. Ыстық ілтипаты мен қонақжайлық танытқандар қатарында кафедра оқытушылары һәм студенттер және зиялы қауым өкілдері болды.

Қос қарашаңырақ бас қосқан жиында «Ortalyq Qazaqstan» газетінің өткені қысқаша баян етілді. Небір талантты тілшіні баптаған басылымның тарихы кімге де болсын қызық. Сонау 90 жылдардан бастау алған ҚарУ мен газеттің ымырасы берік.

ҚарУ ректоры биыл «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 100 данасын әр факультетке тегін жаздырып бергендігін айтты.

– Қарашаңырақ ұжымының қадірлі саңлақтары – ат басын біздің мекенге бұрып мәртебемізді арттырдыңыздар. Алғысымыз шексіз. Дәл осы Қара­ ғанды университетінің алар орны мен үшін қандай болса «Ortalyq Qazaqstan» газетінің орны да сондай. Менің ғана емес бүтін баспасөз саласында тарихы том-том бұл басылымның. Өткенін айтпағанда, бүгінінің өзі өте ерекше. Жаңа буын жас тілшілер толқыны басылымға тың тыныс, өзгеше серпін сыйлағандай. Сонау Мәскеуде, қала берді Алматыда аспирантурада оқып жүргенде ел жағдайын білмек үшін кітапха надан іздеп жүріп оқитын едік осы «Ortalyq Qazaqstan» газетін, – деп ерекше лебізін білдірді ректор Нұрлан Орынбасарұлы.

Иә, түңліктен күн көріп түтіктен су ішіп, телефонға жіпсіз байланған заманда бізге алдымен ақпараттың ағы, оқиғаның нағы керек. Мұны тек газет қана бере алады. Мойындауымыз керек, кейде «Газет не үшін керек? Барлығы дамыған дәуірде ақпарат ұялы телефонда-ақ тұр емес пе?!» – дейтініміз бар. Деуін дейміз-ау, бірақ, онда адал мен арамды ажыратудың қиын екенін ескермейміз. Арзан жарнама, өтпелі өсек. Міне, мазмұны мұның. Айтпағымыз – газет халықтың тура жолдан тайдырмас рухани картасы.

– Тағылымды іс-шара ұйымдастырып, бізді қонақ етіп жатырсыздар. «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің атынан университет ұжымына үлкен алғысымызды айтамыз. Тоқсан жылдығын атап өткелі жатқан газеттің осы бір оқу орнымен тығыз байланыста екенін барша жұрт біледі. Газет алдымен қоғамның қозғаушы, дамытушы күші. Осында отырған ҚарУ-дың қалың ұжымының оқырманға тараған мақалалары да басылым іргесін кеңейтіп, арадағы әріптестік байланысты нығайтуда, – деді «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахметов өз сөзінде.

Иә, газет пен бұл оқу орнының байланысы тым тереңде. Оған дәлел ҚарУ-дың журналистика бөлімін тәмәмдаған журналист түлектер. Қазірде кешегі тастүлек болып ұядан ұшқан балапан буынның алды аға өкілге айналғандығы баршаға мәлім.

– Тоқсан жыл толып мерейіміз арта түскен шақта ҚарУдың қарашаңырағында қонақта болу біз үшін мәртебе. «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тізгінін 22 жыл ұстаған Арқа баспасөзінің қара нары Мағауия Сембай ағамыз өле-өлгенше осы Нұрлан мырзаға алғысын айтып өтті.

«Кешегі 90-жылдары нарықтық қыспақтың қиыншылығын көрген шақта дәл осы Дулатбековтей Атымтай жомарт азаматтың көмегі тигенін ұмытпауымыз керек» – деп жиі есіме салатын марқұм Мағаш аға. Міне, осы сәттен бастап сізге «Орталық» риза. Әлі күнге дейін қолдау-қамқорлығыңызды сезініп келеміз. Біз таразының арғы басында тұрған оқырман мүддесін басты орынға қоямыз қашанда. Сол оқырман талабынан шығып келеміз деген үміттеміз. Ол әрине әр ісімізге қолдау көрсетіп отырған холдинг басшылығының көмегі алдымен. Онан соң өзім басқарып отырған ұжымның шығармашылық әлеуетінің арқасында осындай мәртебеге ие болдық. Бүгінде «Орталық Қазақстан» республика бойынша көш бастап, үздік бестіктің қатарына енді «Ortalyq Qazaqstan», – дей келе бас редакторымыз Ерсін Кәрібайұлы мақалалары жиі шығып тұратын газеттің тұрақты авторларын Алғыс хатпен марапаттады.

– Газет пен оқу орны арасындағы байланыс ажырамайды қашанда. Байланыстың алтын көпірі ол еңбек жолын біздің басылымда бастайтын осы жердің түлектері. Газетке тек, оқуды тәмәмдаған соң ғана емес, оқи жүріп күніне 1 сағат уақыттарын бөліп, негізгі жұмыспен танысқандықтары өздеріне оңтайлы студенттердің. Бізге келгендердің қиялы жүйрік, сөз жоқ. Айтары ойы да анық, тек жазуға келгенде тыныс белгісінен қателер көп жібереді. Сіздерге айтпағым осы бір олқылықтың орнын толтырсақ бірлесіп. Сабақ кестесіне сөз өнерінің шеберлігі, сөйлеу мәнері мен қоса сөйлеммен жұмыс жасау да енсе, тіпті, тамаша болар еді, – деп ортаға ой тастады бас редактор.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні талай ұлылардың ізі қалып, тоқсан жыл топта толғаған қарашаңырақ ағалар салған сара жолдан таймай жүз жылдыққа да еңсесін тік ұстап жетері анық.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button