Қарағанды

Артур НЫҒМЕТОВ: “Өңірлердің өз бетінше дамуына мүмкіндік беру керек”

Өткен аптада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, өңір жұртшылығымен кездесу өткізді. Саясаттанушы Артур Нығметов Мемлекет басшысының өңірге келуі туралы өз пікірімен Facebook парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі. 

Фото: facebook.com / Артур Нигметов

Саясаттанушы Артур Нығметов Қарағанды облысында әрекет ететін әлеуметтік бағдарламаларды енгізу туралы, өңірдің экономикалық өсу әлеуеті туралы айтады, сондай-ақ Қазақстанның әкімшілік субъектілерінің жаһандық дамуы туралы пайымдайды.

“Жақында Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесуде Президент Қ.Тоқаев “моноқалалар таза, ықшам, гүлденген және “жасыл” елді мекен болып дамуы тиіс” деді. Мұның бәрі, әрине, дұрыс. Индустриалды өңірлерде қала құраушы жұмысшыларды дамыту мен әлеуметтік қолдаудың өзіндік бағдарламалары болуы тиіс”, – дейді саясаттанушы.

Өздеріңізге белгілі, Қарағанды облысы – еліміздің көмірлі өңірі және металлургиялық өңірі. Мұнда жұмысшы табының өкілдерін қолдауға ерекше назар аударылады.

“Қарағанды облысына келетін болсақ, онда мұндай бағдарламалар бар және олар табысты дамуда. Мысалы, мен “тау-кен ипотекасын” атап өтер едім. Кеншілер мен металлургтер үшін осы өңірлік тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға 2022 жылы облыс әкімдігі миллиард теңге бөлді, ал “Отбасы Банкі” қосымша 700 миллион теңге қосты. Бүгінгі таңда кеншілер мен металлургтердің 120 отбасы, бюджет саласында жұмыс істейтін жастар арасынан 75 отбасы өздерінің тұрғын үй мәселелерін шешуге мүмкіндік алды. Менің түсінгенімдей, бағдарлама кеңейіп, аймақ жастарын қамтыды. Міне, осындай ынтымақтастық бар”, – деді Артур Нығметов.

Сондай-ақ, саясаттанушы өкілеттіктердің үлесін жергілікті атқарушы органдарға, Қарағанды облысына ғана емес, басқа өңірлерде де беру қажеттігін айтады. 

“Тұтастай алғанда, әл-ауқат стандартына қол жеткізу көбінесе билік деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді тиімді ажыратуға байланысты деп санаймын. Өңірлерде тұрақты даму болуы үшін салықтардың бір бөлігін жергілікті деңгейге беру керек. Осының арқасында аймақтық билік өмір сапасының белгілі бір “төмендетілмейтін” стандартын – халықтың әл-ауқатының стандартын қамтамасыз ету үшін қосымша мүмкіндіктер алады. Өңірлердің өз бетінше дамуына ерекше көңіл бөлінсе, экономикалық өсу нүктелері құрылады”, – дейді Артур Нығметов. Сарапшының пікірінше, Қарағанды өңірі – инвестициялық-индустриялық салада, сондай-ақ адамдарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселесінде ішкі көшбасшы болып табылады.

“Әрине, өз даму бағдарламаларын жасай алатын мемлекеттік топ-менеджментке байланысты. Барлығы үш бағыт аясында болуы керек: қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру, жұмыс орындарын құру және заманауи технологияларды енгізу. Осыған байланысты, менің ойымша, Қарағанды облысы алдыңғы қатарда. Бірақ, әлі де көп жұмыс істеу керек”, – деп қорытындылады саясаттанушы. 

Басқа материалдар

Back to top button