Covid-19

Арнайы госпитальдар азайды

Қарағанды облысында босаған 5 ковидтік госпиталь жабылды. Олар халыққа көпбейінді медициналық көмек көрсету үшін штаттық жұмыс режиміне оралды.

– Коронавируспен сырқаттанушылық көрсеткіші 2 есеге дейін төмендегені байқалады. Орташа есеппен алғанда, күніне 350-ге дейін жағдай анықталып жатыр. Осыған байланысты бізде төсек қорының жүктемесі азайды. Барлығы 4 264 төсек орналастырылды, бұған дейін біз олардың 1 433-ін жинап тастадық. Соның арқасында бес ковидтік госпиталь жабылды. Онда облыс тұрғындарына қайтадан көпбейінді көмек көрсетілетін болады. Бүгінгі таңда КВИ төсектерінің жүктемесі 29%-ды құрайды, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев.

Госпитальдардың реанимацияларында 101 науқас жатыр. Олардың көпшілігі өзін-өзі емдеумен уақыт жоғалтып алғандар. Соның салдарынан өкпенің зақымдануы артып,  инфекциялық ауруханаларға түскен. Өкпені жасанды желдету аппараттарына 27 адам қосылған.

Аурудың таралуы төмендегенімен босаңсуға әлі ерте. Облыс әлі де «қызыл» аймақта.

– Біз облыс тұрғындарын өзін-өзі емдеумен айналыспауға, барлық шектеу шараларын сақтауға, сондай-ақ, вакцина алып өзін және жақындарын қорғауға шақырамыз, – деді Гамаль Тоқсамбаев.

Ресми деректерге тоқтала кетсек, 14 қыркүйекте облыс бойынша 340 коронавирус жағдайы анықталды. 354 адам сауығып шықты. Осы уақытқа дейін аймақта барлығы 94 185 адам індет жұқтырды. Оның 85 803-і  жазылып шықты.

Кешегі күнгі мәлімет бойынша 504 074 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін, 430 577 адам екінші компонентін салдырды.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің мәлімдеуінше, індет жұқтырғандар арасында 14  жастағы балалар 28%-ды, 30-39 жастағы адамдар 12,5%-ды, 60 жастан асқан тұлғалар 21%-ды құрайды.  COVID-19 анықталған науқастардың басым бөлігінде (78,9%) ауру белгілері байқалмаған.  Қалған  21,1% симптомсыз вирус тасымалдаушылары болып табылады.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button