Арманым орындалды

Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Тарихи жыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен туған ауылымда еңбек жолымды бастаумен тұспа-тұс келді.


Қазіргі таңда Оспан Әлібаев атындағы орта мектепте музыка пәнінің мұғалімімін. 2017 жылы Жезқазған музыкалық колледжінде «Әлеуметтік-мәдени қызмет және халық шығармашылығы» мамандығын тәмамдадым.
Би билеу – сүйікті ісім. Студент шағымда оқумен қатар шығармашылық жолда бағымды сынап көрдім. Арманым адастырмады. Еселі еңбек пен табандылықтың арқасында көптеген жүлделі орындарға ие болдым. 2014 жылы «Күзгі марафон» халықаралық конкурстың лауреаты, 2016 жылы Алматыда өткен «Таланттар әлемі» II халықаралық байқауының гран-при иегері, Қарағандыдағы «Бәйтерек» V би конкурсының I орын иегері атандым.
Сондай-ақ, туған ауылымда «Еркем-ай» би студиясын ашып, 40-қа жуық шәкірт тәрбиелеп отырмын. Шәкірттеріммен бірге ауылдағы мәдени шараларға белсене араласамыз. Жуырда «Қазақстан үміті» республикалық жас өнерпаздар байқауының II орын жүлдегері атандық. Бұл – біздің алғашқы жетістігіміз. Жас болсам да, шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық жолдың қасиетін ұғынып келемін. Жақында «Спорт жұлдыздары» журналының шешімімен «Үздік жас маман» төсбелгісін тақтым. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастардың өсіп-өнуіне, қоғамда кең тыныстап, еркін қанат қағуына үлкен мүмкіндік береді. Арманым жүзеге асты деуге толық негіз бар.

Ақерке КӨПБОСЫНОВА.
ЖАҢААРҚА ауданы.