Арманы асқақ ансамбль

        Жуырда Кеншілер мәдениет сарайында облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының іргесінде құрылған «Қуаныш» үлгілі хореографиялық би ансамбілінің кезекті есеп беру концерті өтті.

       Халықаралық, республикалық конурстар мен байқаулардың жүлдегері атанып жүрген бұл ұжым – қарағандылықтарға бұрыннан таныс. Облыстық деңгейдегі көпшілік іс-шаралардың басым бөлігі – осы ансамбльдің қатысуымен өтеді. Бұл туралы ансамбльдің көркемдік жетекшісі, «Жылдың үздік хореографы» аталымы бойынша облыс әкімі сыйлығының иегері Айман Тойболдина ой бөлісті.

Ансамбльдің кезекті есеп беру концерті бізден бұрын – өнерін шыңдап жүрген шәкірттерімізге қажет. Төккен тер мен еткен еңбектің жемісін ата-аналар да көріп қуанады. Ансамбльде қазіргі күні жетпіске жуық қатысушы бар, – дейді Айман Нұрланқызы.

         Бүрмелі көйлек киіп, мың бұралған аруға кім сүйсінбесін. Сүйсіндік. Қазақ қызының биіне, әр басқан ізіне тамсаныстық. Ойы – еркін, арманы – ұшқыр Айман Нұрланқызы ансамбль мүмкіндігін ұлттық бимен ғана шектеп қалмай, қоғам мен заман ағымына, сұранысына сай түрлі ізденістерге баруды да жолға қойған. Өзге ұлттардың биінен бөлек, биылғы жылы Елордамыз – Астана қаласында өтетін халықаралық көрмеге арнап «ЭКСПО» биін де әзірлеген екен. Көрдік. Көз сүйсінерлік дүние дайындапты. Сонымен тәмам. Азды-көпті бір сағаттың мұғдарында сұлулық пен шеберлік қатар үйлескен тартымды кештің куәсі болдық. «Көрген де арманда, көрмеген де арманда…»

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Қарағанды қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.