Басты тақырып

Арманға жетелеген Астана


Елордамыз жылдан­жылға сәніне сән, сәулетіне сәулет қосып келеді. Биыл Астана қаласына – 20 жыл. Бұл орайда, басым көпшілігі болашағын Астанамен байланыстыратын Қарағанды жастарының арманға бастаған ару қала жайлы айтар естеліктері көп. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде өткен «Астана – ғылым мен білімнің даму орталығы» республикалық студенттер форумында жастар Қазақстанның Астанасын әнге қосып, әңгімелеріне арқау етті.

Форум жастар ісі жөніндегі комитет және «Жас Отан» жастар қанатының мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Шараға Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Әл Фараби атындағы ҚазҰУ, Жезқазған, Оңтүстік Қазақстан, С.Торайғыров атындағы Павлодар университеті және кеншілер шаһарына қарасты университеттердің жастары ат салысты. Қазақстанның жалынды жастарын жинаған бұл жиын «Менің елім – менің тағдырым» акциясынан бастау алды. Көтеріңкі көңіл-күй мен рухты көтеретін флешмобтан кейін, ҚарМУ ректоры Еркін Көбеев шаһардың тез арада тамсанарлықтай бой көтеруіне себепкер болған Президент бастамаларына тоқталды.
Форум өз жалғасын диалогтік алаңнан тапты. «Нұр Отан» партиясы Қазыбек би ауданы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алма Бектұрова, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев, «Спарта Номад Астана» КТК командасының мүшесі Дидар Жексеков, «Жас Отан» жастар қанаты «Сана» бағытының үйлестірушісі Айгерім Серікжанова және шахматтан спорт шебері Вячеслав Малый жиынға қатысты. Ашық сұрақ-жауап түрінде өткен диалогтік алаңның сахна экранында whatsapp мессенджерінің нөмірі көрсетілді. Қатысушылар келген қонақтарға сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.
Қызықты әрі сәтті ұйымдастырыл­ған жиында белсенді қонақтар Астанамен байланысты орын алған қызмет жолындағы оқиғаларымен бөлісті. Мысалы, «Жас Отан» жастар қанаты «Сана» бағытының координаторы Айгерім Серікжанова: «Елбасының арманы – «Жас Отанды» қазақстандық жастардың басын бі­ріктіріп, олардың дамуына, тұлға бо­лып қалыптасуына өз ықпалын тигізетін ұйымға айналдыру болатын. Биыл «Жас Отан» жастар қанатының құрылғанына он жыл толып отыр. Жастар – қоғамның белсенді күші болғандықтан, елімізге қызмет ету – үлкен мәртебе», – дейді.
Айгерімнің арманы Астанада тұ­рып, білім алу болған. Алайда, ол Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде оқыды. Оқу бітіргеннен кейін арман қуып, Астана қаласына көшті. Сол жылы республикалық «Жас Отан» жастар қанатының «Сана» бағытына үйлестіруші болып тағайындалды. Студенттік өмірде шет елдерге барып тәжірибе жинаған, түрлі мектептерді өткен Айгерім – біздің жастарға үлгі болатыны сөзсіз.
Ал, Вячеслав Малый: «Ең бастысы – өзіңе адал болу. Мен үшін бұл – басты қасиеттердің бірі. Әрекет етіп, талпынған адамның еңбегі ешқашан бағаланбай қалмайды», – дейді. Ел жастарына үлгі болған Вячеслав шахматпен мектеп кезінен айналысқан екен. Оның ойынша, шахмат қиялды, логиканы дамытып, тіпті, күнделікті өмір­дегі жағдайларға басқаша қарауға мүмкіндік береді. Қазіргі фиде рейтингі – 2429 және бұл тек бастамасы деп біледі.
Студенттердің қойған сауалына тұщымды жауап берген Дидар биікке, сәттілікке жетудің жолы – армандау деп біледі.
Дидар ЖЕКСЕКОВ, «Спарта Номад Астана» КТК командасының мүшесі:
– Мектеп кезінен қоғамдық іс-шараларда белсенділік танытып, көңілді тапқырлар клубында ойнауды жетінші сыныптан бастадым. Сол кезде «Мұның бәрі болашақта саған керек болмайды, не үшін бұл нәрсемен айналысып жүрсің?» дейтін көптеген сыни көзқарастар болатын. Алайда, қазір сол адамдар жұмыстарына барғылары келмей, бас тартқанда, мен жұмысыма қуанышпен барамын. Сүйікті қаламда, сүйікті ісіммен айналысып жүргеніме өте қуаныштымын. Бәріне арманым жетелеп алып келді, – дейді.
Жастайынан қазақстандық шоумен Нұрлан Қоянбаевты үлгі тұтып, соның деңгейіне жетуді көздеген Дидар – мақсатына жетуде көптеген қиындықтардан өткенін айтты. Оның айтуынша, 13 жылдың 11 жылында қазақ лигасында демеуші болған емес. Олар өз күштерін, бар мүмкіндіктерін пайдаланып, алға ұмтылды. Қазіргі таңда – жоғары лиганың жеңімпаздары. Өзі жеңіп алған алтын медалін мақсатына жетуге арқау болған Нұрлан Қоянбаевқа сахна төрінде сыйға тартыпты.
Сөйтіп, көбісі Астанада тұратын қарағандылық жастар форум аясында Астанамен байланысты жүзеге асқан армандарын ортаға салды. Форумның екінші күні «Астана – Тәуелсіздіктің символы» дөңгелек үстеліне жалғасты. Университеттің жас ғалымдары ұсынған көрме де көпшіліктің көңілінен шықты. Оған қоса, шығармашылықтарының 10 жылдығын Елорданың мерейтойына арнаған «Жастар» эстрадалық ән студиясының кеші жоғары деңгейде өтті. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-да бас қосқан республикамыздың зияткер, дарынды жастары форумды дәстүрлі түрде өткізуге уәделесті.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button