Жаңалықтар

Қариялар – құрмет құшағында

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Өткен жұмада халықаралық Қарттар күні Осакаров ауданында айрықша аталып өтті. Алдымен Осакаров ауданының әкімі Қайрат   Шайжанов ауданның зейнеткерлерін, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін төл мерекелерімен құттықтады.

«Таверна» мейрамханасында өткен кездесуде ауданның дамуы мен өркендеуіне өз үлестерін қосқан қарияларға лебізін жеткізген Қайрат Шайжанов:
– Аузы дуалы ақсақалы бар ел – алауыздықтан алыс, бірлігі бекем. Құрметті қариялар, сіздер ауданның ырысын тасытып,  берекесінің артуына ықпал етіп отырсыздар. Жас ұрпақ сіздердің еңбектеріңізді ешқашан ұмытпайды. Ауданымызда қазіргі уақытта қаншама көнекөздеріміз өмір сүріп жатыр. Зейнет жасындағы қарттарға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіліп отыр. Мәселен, Ұлы Отан соғысының 10 ардагеріне, 290 тыл еңбеккеріне мерекелерде қомақты қаржы қарастырылды. Осы Қарттар күніне орай 70 жастан асқан әр зейнеткерге 3 мың теңге көлемінде ақша аударылды. Нақты айтқанда, 1869 зейнеткерге аудан бюджетінен 5 млн. 609 теңге бөлінді. Сонымен қатар, ауданымыздың шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері 3 млн. теңгеге қолдау білдіріп, кейбір қарияларымыздың үйіне отын-суын түсіріп берді. Бұл біздің қарияларымыз үшін жасап жатқан қызметтің бір шеті ғана. Біз сіздерге қарыздармыз. Денсаулықтарыңыз мықты болып, әр шаңырақтың мәуелі бәйтерегіне айналыңыздар, – деді.
Сондай-ақ, мерекеде аудандық мәслихат хатшысы Қанат Саққұлақов ақжарма тілегін айтты. Осы күні ән салып, би билеп көңілдерін көтерген қариялар игілікті іске мұрындық болған аудан әкімдігіне алғыстарын жеткізді. Мерекенің мерейін тасытқан аудандық мәдени-сауық орталығы әннен шашу шашты.
Игі шараның барысында қарияларымызды да әңгімеге тарттық. Жарты ғасыр педагогика саласында табан аудармай еңбек еткен Күлсайран Қапарова жүріп өткен жолына дән риза.
– Мен қазақ тілі, әдебиеті пәнінің мұғалімімін. Арқалық педогогикалық институтының түлегімін. Ұстаздық жолымды Торғай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектептен бастадым. Әлі есімде, 1967 тамызында небары 17 жаста едім. Жастайымнан білімге ден қойдым. Еңбегімнің жемісін көрдім. КСРО-ның білім саласының ағарту ісінің үздік қызметкері атандым. 1995 жылы жылдың үздік мұғалімі қатарынан көріндім. 1996 жылы Осакаров ауданына қоныс аударып, №9 гимназияға жұмысқа орналастым. Ауданның айтулы білім ұясында жиырма жыл еңбек еттім.
Адам жанына араша болып, 36 жыл медицина саласында талмай тер төккен Осакаров аудандық аурухананың фтизиатр дәрігері Гүлнар Байкенқызын да әңгімеге тарттық.
– Ақ халаттылардың адам өмірі үшін жауапкершілігі жоғары. Бұл мамандықты таңдауда әр адам мұқият ойланғаны абзал. Таңдауыма бір кездегі ауылдардағы дәрігерлердің тапшылығы себепкер болды. Балалық арманымды ұштап, 1974 жылы Қарағанды қаласының медициналық институтының жалпы мамандық факультетіне түстім.  1997 жылдан бері Осакаров ауданында дәрігермін. Зейнеткерлік жасқа келсем де маман тапшылығына байланысты   фтизиатр дәрігері болып еңбек етудемін. Міне, соншама уақыт қиында, қызықты қызметті ынта-ықыласыммен орындап, жас әріптестеріме үйретіп келемін, – дейді ардагер дәрігер Гүлнар Дүйсенбина.
Қарттарға және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаралар. Осакаров ауданының Мәдениет үйіндегі концерттік бағдарламаға ұласты.

ОСАКАРОВ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button