Қарияға құрмет көрсетті

     Кеше еңбек ардагері Сармолда ӘУБӘКІРОВ 95 жасқа толды. Облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ мерейтой иесін арнайы қабылдап, қарияны мерейлі жасымен құттықтады.

    Сонымен қоса, абызбен қанаттаса қызмет жасаған ардагерлер Қ.Медиев, М.Райымбеков, А.Рахимов, О.Төреғожин, Р.Омарбекова қария жайлы естеліктер айтып, құттықтау сөздерін жеткізді.

Сіздің еңбегіңізді ел біледі. Халқыңызға адал қызмет атқардыңыз. Өңірдің дамуына күш салдыңыз. Соғысты, сондай-ақ, ел жағдайы қиындап кеткен шақтарды көзбен көрдіңіз. Сол қиындықтардан шығу жолында еңбек еттіңіз. Бүгінгі жастарға үлгі – өнеге боларлық тұлғасыз. Біз сіздей қарияларға құрмет көрсетуге қашанда әзірміз. Жасыңыз ұзақ болсын!, – деді облыс басшысы Н.Әбдібеков.

    Сонымен қатар, өнегелі өмірін халқының игілігі мен ұрпақ тәрбиесіне арнаған еңбек ардагеріне облыстың дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапаттап, арнайы құттықтау хатты табыстады. Сый-сияпат жасап, иығына оқалы шапан жапты. Көрсеткен құрметке көнекөз ризашылығын білдіріп, батасын берді.

     Еңбекпен еті шираған Сармолда Әубәкірұлы кеніш саласында, оның ішінде, №20 шахтада, №17 Калинин атындағы шахтада, № 70 «Карагандауголь» шахта комбинатында бірнеше жыл қызмет атқарған. Сондай-ақ, оқу-ағарту саласында және облыстың әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде еңбек еткен. «Әлеуметтік қамсыздандыру саласының еңбек сіңірген қызметкері» атағын иеленіп, Еңбек Қызыл Ту орденімен II, III дəрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Нұрдос КӘРІМ

Суретті түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.