Ардагерлерге – кіршіксіз пейіл


Жеңіс күні! Ерлік пен даңқтың мерекесі! Тарих қанша өзгерсе де өзгермейтін, санамызда мәңгі сақталып, жеңіс үшін қуанышпен қатар, оралмағандар үшін жүректе қасірет ізін қалдырған мереке. Ерлік үшін емес, елін қорғауға аттанғандарды еске түсіретін күн. Сау қайтқанынан, мәңгі жас қалпында соғыс тарихында аты қалғаны қаншама. Өткен жылдармен қатар, соғыс куәгерлерінің де қатары сиреп келеді. Оларға лайықты құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың борышы. Биыл да Ұлы Жеңістің 73 жылдығы қарсаңында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ «Ариста» мейрамханасында аймақ ардагерлерін қабылдап, ерекше құрмет көрсетті.

– Құрметті ардагерлер! Бұл – әр қазақстандық үшін ерекше күн, бұл – тарих, әр қазақстандық отбасының соғысқа қатысқан қадірлісі бар. Бүгін өздеріңізге құрмет көрсете отырып, солардың ерлігін еске аламыз. Жылдар өтсе де сіздердің ерліктеріңіз әрқашан құрметке лайық. Елбасымыз айтқандай, сіздер тарихымызды жасаушыларсыздар. Сіздер әкелген жеңістің арқасында мемлекетіміз, жеріміз, шекарамыз аман қалды. Егемендігіміз, бүгінгі бақытты өміріміз, еліміздегі бейбітшілік – ерліктеріңіздің жемісі. Сіздерден кейінгі ұрпақтар атынан, қарағандылықтар атынан сіздерге зор денсаулық тілеймін. Нағыз құрметке лайық – сіздерсіздер. Әр жыл сайын өздеріңізбен Жеңіс күнін бірге қарсы алу бақыты бұйыра берсін деп тілеймін, – деді құттықтау сөзінде аймақ басшысы.
Ардагерлер үшін арнайы дайындалған концерттік бағдарламада соғыс кезеңіндегі патриоттық әндер шырқалды.
Қабылдауға келген cоғыс ардагері Бүркіт Есжанов салтанатты кешке қатысып отырған майдандастарын құттықтап, соғыс жылдарындағы естеліктерін айтты, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір тіледі.
Жеңіс лентасы және қолында гүл шоқтары бар ардагерлер, қатысушылар бір минут үнсіздікпен қайтып келмес, бірақ тарих беттерінде мәңгі қалған қаза тапқан батырларды еске алды.
Жалпы, Қарағанды облысында 135 соғыс ардагері, 11500 тыл еңбеккері болса, мерекелік шараға қатысқан қырыққа жуық ардагер қиын жылдарды еске алып, соғыс уақытындағы естеліктерімен бөлісті.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.
Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.