Ардагерлердің келелі кеңесі
Аймақта облыстық ардагерлер кеңесінің X есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияда ұйымның 2021-2026 жылдар аралығындағы жұмысы қорытындыланды. Сондай-ақ, аға буынның қоғамдағы орны, ұрпақ тәрбиесі, жастар арасындағы әлеуметтік түйткілдердің алдын алу және ардагерлер ұйымының алдағы міндеттері кеңінен талқыланды.

Конференцияны ашқан облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбековтің айтуынша, мұндай кездесулер – ел ағаларымен ақылдасып, қоғамның бүгінгі жай-күйі мен ертеңгі бағытын бағамдайтын маңызды кеңес.
– Бүгінгі кездесуді кезекті жиын деп қабылдамау керек. Бұл – қашан да қоғамның тірегі, алтын қоры, қазынасы саналатын қадірлі ақсақалдарымыздан ақыл сұрап, кеңесетін маңызды басқосу. Аға буынның ел өміріндегі орны айрықша. Ардагерлер тәрбие мен тәртіптің, бірлік пен парасаттың қайнар бастауы, – деді ол.
Әрі қарай негізгі баяндаманы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов жасады. Ол ұйымның есепті кезеңдегі жұмысын жан-жақты саралап, ардагерлер қозғалысының өңір өміріндегі орны мен алдағы міндеттеріне тоқталды.
– Ардагерлер – елдің рухани діңгегі. Біз тек өткенді дәріптеп қана қоймай, жаңа дәуірдің моральдық бағдарын қалыптастыруға да атсалысамыз. Есепті кезеңде облыстық ардагерлер кеңесі бекітілген жұмыс жоспарына сай жүйелі қызмет атқарды.
Қазіргі таңда өңірде алты қалалық және тоғыз аудандық ардагерлер ұйымы бар. Олардың құрамында 180 мыңнан астам зейнеткер есепте. Бұл құрылым 140-тан астам бастауыш ардагерлер ұйымын біріктіріп отыр.
Конференция барысында мандат комиссиясының мүшесі Нәзипа Асқардың есебі де тыңдалды.
Одан кейін конференция мінберіне көтерілген тексеру комиссиясының төрағасы Рима Шагвалиева есепті кезеңде ұйым жұмысының қаржылық және ұйымдастырушылық бағыттары тұрақты бақылауда болғанын айтты.
Алқалы жиында ардагерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл жөнінде баяндаманы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабеков баяндады.
– Ардагерлерді әлеуметтік қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Былтыр Жеңістің 80 жылдығына орай соғыстың сегіз ардагеріне 5 миллион теңгеден біржолғы төлем берілді. Қазіргі таңда облыста алты соғыс ардагері тұрады. Сонымен қатар, соғыс ардагерлеріне теңестірілген және жеңілдік алатын 4586 азамат бар. Оларға көрсетіліп отырған көмектің бәрі сақталады, – деді Ғалымжан Спабеков.
Конференцияда ардагерлерді сауықтыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Басқарма басшысының баяндауынша, 2023 жылдан бері санаторий-курорттық емдеу жүйесі енгізіліп, осы уақытқа дейін 675 ардагер ем қабылдаған. Биыл тағы 184 ардагерді қамту жоспарланды.
Бұдан бөлек, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдарға қатысқан ардагерлер мен Чернобыль апатын жоюға қатысушыларға коммуналдық шығындарды өтеу үшін жылына бір рет 12 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік төлем беріледі.
Конференция соңында ардагерлер қозғалысына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа құрмет көрсетілді.
Конференция қорытындысы бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа құрамы жасақталып, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстың басым бағыттары нақтыланды. Сондай-ақ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезекті съезіне қатысатын делегаттар сайланып, өңірдегі ардагерлер қозғалысын жандандыруға қатысты бірқатар ұсыныс ортаға салынды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»


