АймақБалқашЖаңалықтар

Ардагерлер назардан тыс қалмайды

Қала әкімі Сапар Сатаев шағын шаһарда тұрып жатқан ауған соғыс­ының бір топ ардагерлерімен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы мемлекет тарапынан ардагерлерге және олардың отбасына жан-жақты қолдау, қамқорлық көрсетілу басты назарға алынғандығын атады. Сонымен қатар, мәселелері қарастырылып, алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Сурет шараны ұйымдастырушылардікі

Ардагерлер шешуді талап ететін түйткілді мәселелерді алға тартты. Ұсыныс-пікірлерін білдірді.

– Іс-шаралар жоспарына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің ауған ардагерлерімен, мүгедектерімен және қаза тапқандардың отбасы мүшелерімен кездесулер ұйымдастыру, осы санаттағыларды санаториялық-курорттық емдеу қосымша шаралары мен жыл сайынғы медициналық-профилактикалық тексеру жұмыстарына қолдау білдіруге әзірміз, – деді қала әкімі Сапар Сатаев.

Сонымен қатар, Ауғанстан соғысы ардагерлері Мұрат Бекмағамбетов пен Маралбай Бөгембаевқа пәтер кілттерін табыстады.

«Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің жауынгерлік бауырластығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бауыржан Мұхамедиев аталған қоғамдық бірлестік мүшелерінің проблемаларына назар аударғаны үшін Сапар Сатаевқа алғысын білдірді.

– Бүгін біздің жағдайымызға қатысты мәселені қарастырып жатқан сізге Ауғанстан соғысы ардагерлері атынан алғыс білдіремін. Негізгі атқаратын жұмысымыз – соғыста қаза тапқан жауынгерлердің отбасына, мүгедектерге жәрдем беру. Біз майданда опат болған жолдастарымызды ешқашан ұмытпаймыз, олардың отбасына шама-шарқымызша көмектескіміз келеді. Өсіп келе жатқан ұрпаққа патриотизмді насихаттау мақсатындағы жұмыстарға дайынбыз. Бұл орайда қоғамдық бірлестік жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Нақтырақ айтсам, жастармен кездесіп, оларды отансүйгіштікке және еліміздің патриоты болуға баулып, оқу орындарында тәрбиелік мәні зор баяндамалар жасаймыз. Жас буынның тәуелсіз еліміздің бүгінгі жетістіктерін абыроймен және лайықты түрде ілгерілете беретіндігіне сенеміз, – деді Бауыржан Мұхамедиев.

Айта кетейік, қазіргі таңда Балқаш қаласында Ауғанстан соғысына қатысқан 54 ардагер бар.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button