Шет

Ардагерге құрмет

           Шет ауданында Ауғанстан соғысына қатысқан 19 ардагер тұрады. Аудан әкімдігінде осы ардагерлермен кездесу өтті.

Аудан әкімі Марат Жандәулетов: «Сіздерді қадір тұтамыз. Елбасы айтқандай, өлгендер қайтып келмейді, бірақ жүрегіне соғыс өшпес жара салған жауынгерлерімізге құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз, – деді. – Сіздер батылдық пен қаһармандықтың тамаша үлгісін көрсетіп, есімдеріңізді Отан тарихына алтын әріптермен жаздыңыздар. Біздің жастарымыз бүгінде сіздерге қарап, сап түзейді».
Аудан әкімі әрбір ардагердің жеке шотына 10 мың теңгеден сыйақы аударылғанын айтып, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Салтанатты шараға қатысушылар құрбан болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Өмірлерінің өлшеулі бір бөлігі мен жауқазын жастық шағын оқ пен от астында өткізген майдангерлерге аудандық мәслихат хатшысы Б.Төлеуқұлов, Соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Қ.Сейілбеков, аудандық біріктірілген қорғаныс бөлімінің басшысы Ш.Сарбаев лебіздерін білдірді.
Ауған соғысының ардагерлері атынан сөз сөйлеген Жақия Ділдәбеков өздеріне құрмет көрсетіп отырған аудан әкімдігіне, барша азаматтарға ризашылығын білдіріп, игі тілегін жеткізді.
Салтанатты шарада аудандық мәдени-сауық орталығының әншілері әсем әннен шашу шашып, соңында ардагерлер ескерткіш мемориалға гүл шоқтарын қойды, естелік суретке түсті.
Сол күні түстен кейін ардагерлер аудандық кітапханада жас оқырмандармен кездесіп, естеліктерімен бөлісті, сұрақтарына жауап берді. Жиналған қауым мәдениет бөлімі басшылары мен кітапханашыларға көрсеткен бейнероликтері мен жасаған құрметтеріне зор алғыс айтты.

Е.ЖӘНІБЕКОВ,
еңбек ардагері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button