Жаңалықтар

Қара “волга”

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Қыс түскенде, болмаса жаздың ортасында демалыс алғанда ауылдағы апасына бір соғып кететін «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы М.Сембайдың келуі шағын ауыл үшін үлкен мереке болатын. Ауылдағы балалардың қолы жете бермейтін тәттілердің неше түрі, жеміс-жидек дейсің бе, әйтеуір Қарағанды барлық базарымен, дүкенімен көшіп келгендей жиендері қарық болып жатса, үлкендер жағы нендей жаңалық айтар екен деп, әңгімеге тартатын. Жалғыз бауырының келгеніне марқайған апасы – мектептің қатал мұғалімі де көңілі көтеріліп, әдеттегі қалыбы жайына қалып, көңілі босай қалса, оны пайдаланған оқушылары да асыр сала ойнап, сабақтан қайтқанша асығатын.
Ал редактордың келгені – ауылда қара «Волганың» жүргені еді. Сол кезде «Жигули» мен «Москвичтен» басқа машина көрмеген, 5-6 сыныпта оқитын біздер үшін, шағын ауыл тұрғындары үшін есіктің алдында есік пен төрдей қара «Волганың» тұрғаны шынымен де үлкен беделдей болып көрінетін. Ауылдағы ойын балалары қызыға, әрі қызғана қараса, ал сол үйдің балалары өздерінше басқаларға сес көрсетіп, біраз қоқаңдар еді. «Тірі журналист деген қандай болады?» – деп, қызығушылық танытқан ауыл балалары қара «Волга» жаққа көздерін сатып,  есіктен бір қарап қалуға асығатын.
Қара «Волганың» айбынын асқақтататын оның иесі – журналист еді. Машинадан еңгезердей еңселі денесімен шыққан кезде бала қиялымызда ол шағын ауылды жапырып жіберердей көрінетін. Қара «Волганың» айбынына редактордың айбыны қосылып, екеуі бір тұтас ғаламат дүниеге айналатын…
Қыстың қарлы боранына, көктемгі балшыққа қарамай, тоқтаусыз жүретін қара «Волганың» келуін асыға күтетін ауыл баласы үшін ол өмірлік қозғалтқыштай болатын. Журналистің таусылмайтын қызықты әңгімелері сияқты, қара «Волга» да оның тақымынан түспейтіндей көрінетін-ді.
Бүгін сол редактор заман ағымына сай дей ме, шетелдік «Тoyota» мініп жүр. Жаңа көлік, жақсы көлік, жүрісі де жайлы, беделіне де сай болар.  Бірақ, қара «Волганың» орны ерекше екен, мен үшін.
Журналист пен қара «Волганы» бөліп қарай алмадым…

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button