«Қара шал, тізгін тартып, бөгел бері…»

– Сенің еліңде Оңайгүл Тұржан деген ақын қыз бар екен, – деп еді 1980 жылдары «қазақ поэзиясының Мэтрі» Қуан аға Шаңғытбаев. – Өзі Көкше теңіздің қызы ма? Түнімен соның өлеңдерін оқып, ұйқым қашып кетті? Менен сәлем айтшы, Алматыға жол түссе, маған жолығып кетсін?
– Ол Атыраудың қызы, – дедім мен. «Бәсе, өлеңдерінен теңіздің иісі бұрқырап тұр!». Оңайгүлге Қуан ағаның сәлемін келе сала қуана жеткізгем, ол ағасымен хабарласты ма, жоқ па, о жағын сұрамаппын әлі. «Ақынның жан-жүрегін түсіну үшін оның кіндік қаны тамып, кір жуған жеріне бару керек» – дегенді кім айтса да, бірдеңені біліп айтқан, негізі. Туған топырағына ақыннан етене жақын пенде баласы жоқ бұ жарық дүниеде: адамзаттың Ұлыбританияны – Шекспирдің, Россияны – Пушкиннің, қазақты – Абайдың елі дейтіні – содан!


«БҰЛ ЖЕРДЕ ТЕҢІЗ БОЛҒАН БАЯҒЫДА…

Оңайгүлдің көзіне күнде теңіз елестейді! «Көрілетін тек некен-саяғына, Бұл жерде теңіз болған баяғыда. Кешірім сұрағандай бір сұмдықтан, Құм көшкіні жығылады аяғыма. Ай туушы ед тылсым бір сазды айқындай, Қайда кетті ол көңілді қозғай тұрмай? Құм-көйлекті дауылда енді бүгін, Сол теңіздің мүрдесі боздайтындай.Тылсым күштер тіліңді күрмегенде, Өзіңді-өзің таппайсың жыр келерде. Сонда ғана сенесің бая-я-я-я-ғылар, Әлі де ортамызда жүр дегенге. Жартастың үңгірінен татып талғам, Таулардың көзін көрем қатып қалған. Өлгендердің сүйегі тамшылайды, Біз моншақ қып тағатын жақұттардан…».

Біз секілді таста-тауда өскендерге теңіздің болмыс, бітімі өте таңсық; Оңайгүлді оқығанда оның тереңіне балықша жүзіп, сүңгіп кеткің келеді: «Каспий күнге қыздырынып жатады, Тоңып қалған екен ғой деп ойлайсың. Каспий кейде қозғалмастан жатады, Өліп қалған екен ғой деп ойлайсың. Кеме көрсе, қуып бара жатады, Кеме мініп кетіп қалсам дей ме екен? Көз жасымен жуып бара жатады, Көкбөрі елге жетіп қалсам дей ме екен? Сағыныштан сапырылысып өрт үні, Кейде даусы ентігеді желем деп. Кейде оның қарғиды асау толқыны, Алыстағы Алатауым көрем деп. Қарап жатып шағалалар көшіне,Тұтқиылдан тап беруін қоймайды. Бала кезі түсіп кетсе есіне, Толқындары Айды доп қып ойнайды. Жата қалып жұлдыздарды санайды, Көк Тәңірді жорамалдап табарға. Толқын сосын жүз бұрылып қарайды, Жағадағы жалғыз тұрған саған да…»

Есенғали «Өлеңде орта деңгей деген жоқ. Ол не бар, не жоқ!» – деп тегін айтпайды. Оңайгүл қара өлеңнің қасқа жолына түсіп алып, ұрандатып жүргендерге, мүлде ұқсамайды! Оның жырларында артық-ауыс сөз, теңеу, сөйлем дегендер жоқ, – өмір бар, өмір болған соң өлең де бар, әрине.. Оның поэзиясынан қара өлеңге Абай әкелген Абай – Еуропа мәдениеті айқұлақтана көрініп тұрады: «Жаңа қоғам. Су жаңа Мұң. Таң алды. Айна алдында Асығыстық таранды. Жетiмдердiң үйiне әкеп өткiздiк, Тiсi түсiп, шашы ағарған моральдi. Аштық отыр тоқтықтан өш алғалы, Шегелер жүр өлтiрем деп балғаны. Қара бояу қашып шықты қарғадан, Бар бояуға патша болу арманы. Құмырсқалар кешiккендей ұлы iстен, Жүгiредi. Жаңғырықтың шуы үстем. Жасандылық жарқ-жұрқ етiп ұшады, Күлкiлерге тағып қойған күмiстен. Маңғаз қарап бағасы асқақ Бұйымдар, Адам – оның жанындағы үйiндi әр, қағып-соғып, көмiп өте шығады, сырты тiрi, iшi өлi құйындар. Сан пiкiрдi тапап өтiп сан талас, Бiр үзiм күн, сенiң шуың тарқамас. Өмiр деген бақыт та емес, сор да емес, Өмiр деген – үстемдiкке жанталас…». Осы нарық заманындағы қоғамдағы керенау келеңсіздікті «Жетiмдердiң үйiне әкеп өткiздiк, Тiсi түсiп, шашы ағарған моральдi…» – дегеннен асырып жеткізу мүмкін емес, меніңше! Поэзия деген, міне, осы! Қалай түсінгіңіз келсе, солай түсіне беріңіз!

Қазір бізде өмірден емес, өлеңнен өлең жасайтындардың дәуірі жүріп тұр… Бұл өте қорқынышты нәрсе! Күндердің күні цивилизацияның құлағында ойнайтын адам баласы роботтарға да «өлең жаздыратын…» болады әлі! Бүгінде Александр Блок айтпақшы, өлең жазудың техникасын әбден меңгеріп алғандар шеру тартып келеді: оларда жылмағай ұйқас, көпірген көп сөз, өлеңге керектің бәрі бар да, бір-ақ дүние – Ұлы Мәртебелі Поэзия ғана жоқ! Мына заман бізді аяқ-қолымыздан ұстап алып, дедектетіп соған – Анти-Поэзия заманына алып бара жатыр! Адамнан ар-ұят, қоғамнан береке, ұлттан рух қашқан кезде солай болады! Бес жүзге тарта жазарманы бар елден күндердің күні «Арман қуып жүр әлі бағы аздар да, Тату таулар таңқалып араздарға. Өлең болып көшеді біздің арман, Сүйегі сықырлаған қағаздарға» – деген осы Оңайгүл Тұржандай бес ақын қалса да, қазақтың қара өлеңі ғасырдан-ғасырларға жете береді, кете береді!

Мәселе – осында…

Мен 1990 жылдары Қарқаралы аудандық «Коммунизм таңы» газетіндемін. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне өлең жіберем, –баспайды! Онда Оңайгүл осы газеттің әдебиет пен өнер бөлімінде әдеби қызметкер. Оңайгүл Тұржанның есімі маған ес жиып, етек жинаған кезімнен ерекше ыстық десем, артық айтқандық емес. Мен оны қырық жылдан бері біледі екем. Ол 1980 жылдары біздің Қарағандыда «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет атқарды. Мынау сол кезде жазылған өлең еді:

«ҚАРА­ ТІЗІМ»

Юнна Мориц – одақтық «Қара тізімде»,
Ол – облыстық «Қара тізімде»;       Қарқаралыдан-Қарағандыға шығуға да хақың жоқ.
Жанына – соноу көктегі «Жұлдыз» жақын боп;  КСРО Жазушылар одағының мүшесі,
Жүріп жатты бір ауданда…                                   Ақын боп…

Қызыларай-Қарқаралы – таста өстім.              Таста өскен соң дүниеден баз кештім.
Тек – Оңайгүл* шырылдайды мені іздеп,       Басқа – ешкім…

Бұ газетпен байланыстық бекер біз?           Мұнсыз-дағы жетер жерге жетерміз!                      Ит те шығад… құс та шығад…                  шықпайтын – Жәкеңменен** екеуміз!

Тағдыры – КарЛагқа байланған, –
Жәкең болса, – келген адам айдаудан!            Қалай кірген, ал, бұл «Қара тізімге»,
Мына сорлы –
Туа басы айналған?!

Сондағы – жұрт,
Сондағы – Күн,
Сондағы – Ай…
Өте шыққан зымыран уақыт, ой, қалай?
Алды олардың асты-ау, сексен белден де,
Осыны ақын болады деп ойламай?!.

Қара өлеңге құйылатын шері – жыр.
«Қара тізімнің» елі – бұл,
…Сол тізімнен, әттең, шықпай қалғанда,        Бұдан да асқан ақын болар еді бұл?
– Өкінішті…

**Ж. Бектұров, (15 қараша 1912, – 30 наурыз 1998, жж.),
– Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды-Жезқазған облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы.

Оңайгүл ТҰРЖАН
Оңайгүл ТҰРЖАН

1987 жылдары «Орталыққа» Алматыдан айтулы публицист Нұрмахан Оразбек Бас редактор болып келеді. Келеді де Оңайгүлден «Газет тартпасында жарыққа шықпай жатқан қандай авторлар бар?» – деп сұрайды. Алдына Жайық ақсақал екеуміздің қолжазбаларымызды көтеріп алып келеді. Содан бастап, Жәкең екеуміз үздіксіз жариялана бастадық.

Нұрмахан Оразбеков

Ж.Бектұровтың аты шулы арыстар туралы эсселері, соноу 1950 жылы жазылып, жалғанның жарығын көрмеген «Ақын мен арамза» – Шәкәрім туралы поэмасы осы газетте шығып, оны республикалық газет-журналдар жарыса жариялап жатты… Жәкеңнің архивіндегі Мағжанның «Батыр Баян» поэмасы алғаш рет «Орталық Қазақстанның» бетінде жалғанның жарығына шықты!

Жәкең 1956 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің жауапты хатшысы болды. Оның осындағы қаламдастары оны да ағаш аттың басына байлап: «бізді бір кітабы жоқ жазушы неге басқарады?» – деп жоғарыға арыз айдап жатты… Ғабеңнің (Ғ.Мүсірепов) жебеуімен сол қызметін атқара берді. Мағжаннан бастап, Алаш арыстарының төрт көзін түгел көрген ақсақалдың көкірегі алтын қазына, жады өте мықты еді! Бұ ақсақалмен талай ортада бірге болып, суретке де түсіп едік, бүгін соның біреуін таба алмай отырмын, қайда қалғанын бір Құдай біледі…

Жайық БЕКТҰРОВ қайтқанда қабірі басында оқылған өлең

Қара шал, тізгін тартып, бөгел бері!
Өксікті айт өмірдегі, өлеңдегі.
Мағжан, Сәкен кеткен дүниеге.
Сен-дағы жатырсың ба жөнелгелі?!

Қоя тұр…
Екі араны жалғаймыз да,
Екеуміз егіле әнге салмаймыз ба?
Сен жоқта шыққан тегін, түбін білмес Тексіздің тұқымы боп қалмаймыз ба?!

Қоя тұр…
Бастан қанды ғасыр өтті.
Жай өтпей, өр кеудеңді басып өтті!
Соңында – шерін қозғап, боздап сүйген.
Қазағың қап барады қасіретті!

Сұм ажал, ақынсың ба, батырсың ба –        Қайтеді, атам да жоқ, ақылшым да.
Алаштың азаттығын көзбен көріп,              Алаңсыз аттанғалы жатырсың ба?!

Ендеше, хош дейді ұлың қасіретті.                     Соңы бір замананың, басы да өтті.
Артында – шыққан түбін білетұғын                     Ұлы бір ұлыс қалды қасиетті…

1997 ж.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.