Қара өлең мен қара сөз — қос қанатты

«Ақында адамзаттан дос болмайды, Жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына» деген Мағжан ЖҰМАБАЙ төрт жасында өз ынтасымен сауат ашып, кітап оқыған деседі. Бүйтіп бесіктен белі шыға жазу құпиясына үңілгендер қазақта жүздеп саналуы мүмкін, бірақ, сирек екені анық. Сондай сирек жандардың арасындағы біз білетін ақынжазушы Серік САҒЫНТАЙ үш жасында сауат ашып, кітап оқи бастағанын кеше қаламгердің оқырмандарымен кездесу кешінде білдік. Ақынның Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткен «Құс жолына бір көшім тіреледі…» атты кездесу кешіне Қарағанды руханиятының аға буын өкілдері мен жастар қатысты.

Үш жасында қара танып, төрт жасында мектеп табалдырығын аттап, осы күнге дейін поэзия һәм прозалық 4-5 кітабы шыққан Серік Сағынтайдың бұл оқырман қауыммен тұңғыш кездесуі дегенге кім сенеді?! Анығы – сол. Бір кітабы шықса, оқырмандармен кездесу ұйымдастыра бастайтын бүгінгі жастардың көзімен қарағанда, автордың мұнысы қайран қаларлық, әрине. Кездесуге келуін өтінген оқырмандар қауымы мен аталған кітапхана ұжымы және сондағы «Жыр жауһар» поэзия клубының мүшелері болса керек. Қазақ поэзиясының құбылысы Жұмекен Нәжімеденов көпшілік алдында бір өлеңін оқымай кеткен деуші еді. Өлең сұраған адамға қойын дәптерін немесе кітабын ұстата салатын көрінеді. Поэзия мен прозаны қатар алып жүрген С.Сағынтайды осы Жұмекеннің баласы десе жарасқандай. Бүгінде оның республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры екенін осындағы әдебиет пен руханияттың төңірегіндегілер болмаса, екінің бірі біле қоймас. Көркем өнер көрінгеннің қолжаулығы бола алмайтынын да ескеру керек, бірақ.

«Өлеңге сыймайтын ой болмайды» дейтін өзі. Поэзия мен прозада қара сөздің қаймағын кілкітіп, көрінбей жүріп көптеген әдеби дүниелер жасап жүретін ақынның оқырмандармен кездесуі де өзгеше сипатта өтті. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлы бастап, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, журналист Сүйіндік Жанысбай, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Қамбар Ахметов, ақын Мүсіркеп Сейдахмет, тағы басқа руханият өкілдері келіп, қазақтың сөз өнерін ұстап жүрген жерлестерінің шығармашылығы хақында пікір білдірді. Белгілі әнші Сейіл Аяған ән жолдады. Кездесу кешінің ашылуында ортада ақ пен қараның тартысы басталған. Алғаш «Жазу» атты жыр жинағымен келген ақынның «Фәни-құс», «Құс қайтару» атты поэзиялық жинақтарымен қатар, «Қарға» атты прозалық кітабы шыққан. «Сарыарқа» кітапханасы сериясымен Төрехан Майбас екеуінің прозалары қалың бір жинаққа топтастырылғаны тағы бар. Секең қарға екеш қарғаны да сөйлетеді әңгімесінде. Оны баяндап отырсақ, ұзын-сонар әңгіме. Кездесу кешін ұйымдастырушылардың ақ пен қара тартысында қара түсті қарға бейнесінде сөйлеткені ұтымды шыққан. Диалогтың бәрі автордың өлеңдері мен прозаларынан алынған. «Алмасып жарық күн мен қараңғы түн, Тұлғаммен ертеңге еніп барам бүтін» дейтіні бар-тын кеш иесінің.

Ақын ел алдына «Құс қайтару» өлеңін оқып шықты. Көшпелі жұрт басынан ауған дәуірді өлеңмен кестелеген тұтас туынды балталаса кетілместей. «Құстар қайтып барады Құс жолында, Құштар көңіл дір қаққан қыс торында. Көшпелі жұрт көшпейді енді ешқашан, Мызғып жатар мыңжылдық қыстағында. Ей, аққулар! Көктегі көшпелі ме ең?! Елші ме едің Дештінің ескі елінен. Кеудемдегі теңіздің мұзын сындыр, Гәккулеген көктемнің ескегімен. Ей, сиқыршы құс! Егесі ежелгі елдің, Елесі ежелгі елдің! Балбал болып беткейде безерген кім? Соның аққан көз жасын көрем ылғи, Арнасынан алқынған өзендердің. Құс жолына бір көшім тіреледі, (Сүрлеуіне орнапты құм өзегі). Балбал тастың жасынан бастау алып, Тамырымда тулайды Ғұн өзені! Жүрегімде тербелген Сақтың көлі, – Алтын адам шомылған аққу көлі! Жанарыма көшірдім – таптым да оны: Сарқылды ма… Тілініп қаққа айналған – Пешене боп басылып Һақтың мөрі. Уа, аққулар! Тәңірдің ерке құсы, Біздік

тағдыр – тарихтың ертегісі! Өзенімді сарқылтқан шөл-сағыныш, Өзегімді келеді өртегісі! Өзенімді… Мұз құрсап, қыс қамаған, Қыс қамаған қытымыр қыстақ аман. Жетім жартас – тарихтың ескерткіші, Базар тарқап, қиқулы құс тараған. Бастан талай заманның өтті ауыры, Ішке түсіп кеткендей от-дәуірі. …Аттан ауып қалған соң көшпелі жұрт, Құстан ғана үмітті Көк Тәңірі!». Осындағы «көктегі көшпелі» сияқты тың тіркестер «көңілдің көзін ашып өмір сүйген» (С.Сағынтай) ақынның қаламынан ғана туса керек. Поэзиядағы Серік Сағынтайдың қолтаңбасы – бұл. Прозасы мен драматургиясы өз алдына бір төбе қаламгердің. Журналистік қызметінің өзі неге тұрады?! «Өмір күйік болған сайын тіл ащы, Өнер биік болған сайын сор қалың» деген ақынды әдебиеттің өз баласы демей көр осыдан кейін.

Кездесу барысында ақын кітаптарына енбеген бір топ өлеңдерін оқып тәнті етті елді. Кеш тізгінін ұстаған жас ақын Қуаныш Медеубаев пен оқырман қауымның сұрақтарына да көкейге қонымды жауаптар қайтарып отырды. Қарағанды өңірі әдебиетінің кейбір мәселелері де тілге тиек етілді сөз арасында.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ:

«Қарағандының әдеби ортасы туралы аңыз көп. Астана мен Алматы мойындап отыр бұл ортаны. Соны бастап отырған Серік бауырымның кеші ұзағынан сүйіндірсін.

Серік әдебиетке алғаш қадам басқан бойда поэзия мен прозаны қатар ұстады. Екі жанрда да әбден танылып, қазақ сөз өнеріне олжа салған қаламгер. Бұған дейін қазақта болмаған шығармалар жазған оның прозасы мен поэзиясының салмағы бірдей. Публицистикасының өзі керемет. «Қасым» сияқты журнал шығару тек осының қолынан келді. Бір институттың шаруасын жалғыз өзі істеп отыр. Қазақстанда небір әдеби журналдар бар. Бірақ, «Қасымдай» журнал кемде-кем. Қасымның ізін жалғастырған адамға қалай сүйсінбейміз?!

Тұңғыш кеш беріп тұрсың ғой деймін, Серік? Сен ендігі ұстаз болған, өзге біреуге үйрететін, әдебиеттің құпиясы мен қыр-сырын айта білетін деңгейдегі адамсың. Қанатың талмасын!»

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»