Таным

Қара қазан – бірлік нышаны

Кәдімгі қара қазанды отбасы символы санайтын, «Бұл – жеті ұрпағыма жететін құнды дүние» ұстанымындағы Жұмағали АРЫСТАН атты ағаммен әңгімелескен едім. Расында, қара қазан қазақ үшін қасиетті дүние еді ғой. Кешегі Махамбеттер «Қара қазан, сары бала үшін» деп атқа қонды. Өзімізді «қазаны оттан түспеген»  халықпыз деп әспеттейміз. Жаугершілік заманда ас толы қазанды төңкеріп кету басынғандық саналды. Дәп сол кездері сан әулеттің еркеккіндікті баласы төңкерілген қазанның астында аман қалып, ұрпақ өрбітті. Шынымен де, осы қазанды бірлік пен татулық нышанына айналдырсақ қайтеді? Әрі қарай ағамыздың өзі сөйлесін…

– Орыс халқында «Балық берме, қармақ бер» деген мақал бар. Мен соны «Ет асып берме, қазан бер» деп айтар едім. Қазаны бар адам, оның бос болмауын ойлап еңбек етеді. Қазақ – дастарханның басында алқақотан отырып ас ішетін халық. Ал, оны, әрине, қара қазанда пісіреді. Әр үйде өздері кие тұтатын қазаны, соған байланысты дәстүрі болуы керек. Мәселен, біздің әулетте тамыздың алғашқы күні картоп пісіріледі. Оның себебі – анамыз ашаршылық жылдары келін болып түскен адам. Сол күні кешкі асқа не істерін білмей, бақшадағы картоптың түбін қопарып, қолға түскенін пісірген екен. Бұл дәстүр содан қалған. Осы біздің әулетті біріктіріп тұр ма? Әрине, біріктіріп тұр. Бұл – қара қазанның қасиеті.

Менің қолыма 1775 жылы жасалған шойын қазан түсті. Көне дүниенің қасиетін уақыт өте сезе бастадым. Бұл қазан келгеннен бері үйімізден ырыс пен ынтымақ арылған емес.

Әскерден соң автобазада шопыр болдым. Арада бір жыл өткенде кооперативтер құру туралы қаулы шықты. Жақын ағайым «ауылдағы ұн тартатын диірменді қолға алсаңшы» деген ақыл айтты. Қостанай облысының Федоровка ауылында тұратынбыз. Ақыры, диірменді құнын бөліп төлеймін деген келісіммен алдым. Содан көп ойландым. Бұны енді қалай жүргіземін? Қарыздан қалай құтылу керек? Сөйтіп жүргенімде ауылдың үш жігіті келе қалды. Біреуі – өз құрдасым, екеуі – көрші маңайдың жігіттері. «Диірменіңді жу» – деді. Отырыс үстінде мұны қалай іске қосамын деген уайымымды айттым. «Соны да мәселе деп отырсың ба? Оқушы кезімізде, каникулда осында келіп, әке-шешемізге көмектесетінбіз. Біз іске қосып берейік. Бір жартыңды құйсаң болды», – деді әлгі үшеуі. Диірменді іске қостық. Бидай тартып көрсек, қап-қара ұн шығады. Бәлен жыл бос тұрғандықтан, іші шаңға толған екен. Шамалыдан кейін ұнның түсі өзгере бастады. Алғашқы өнімді анама әкеліп бердім. «Баламның еңбегінің жемісі» деп қара қазанға бауырсақ пісірді.

 Диірменге халық бидай әкеле бастады. Жұмысшы жоқ, әлгі үшеуі – бір күн жұмыс істесе, келесі күні ішіп кететіндер. Оның да амалын таптым. Жалпы, тілін тауып, «тетігін» баса білсең, кіммен де болсын жұмыс істесуге болады. «Жігіттер, он күн ішпейсіңдер. Одан кейін он күн демалыс беремін, сол кезде ішкілерің келсе, ақысы менің есебімнен. Ал, егер, он күнге жеткізбей ішіп қойсаңдар, шартымыз күшін жояды. Басқалармен жұмыс істеймін», – дедім. Қол алысып, келістік. Жұмысты өндірте бастадық. Өзім іргедегі Ресейге барып, маскүнемдіктен емдеу орталығын іздестірдім. Мамандардан «Довженко әдісімен емдеу» дегенді естідім. Ол үшін емделуші кемінде 10 күн арақ ішпеуі тиіс, тиімді тұсы – адамды айналасы 3-4 сағаттың ішінде кодтап береді. Елге келдім. Әлгілер арақ ішпеген, жұмыс қызу жүруде. Әрқайсының әкешешесімен, әйелімен кездестім. Олар аң-таң. «Жұмыстан келеді де тамағын ішіп, жата кетеді. Арағын қойды, не істегенсің?» – деп сұрайды. Оларға арамыздағы шарт пен ресейлік мамандардың сөзі туралы айттым. Кешкілік әлгілерге «Мына жұмысың тамаша! Үйімізге сән, бойымызға жан кіріп қалды» дегендей әңгіме айтыңдар деп тапсырдым.

Тоғызыншы күні «Енді бір күн істейміз. Арағыңды даярлай бер», – деді жігіттер. Келесі күні оларға «бізде екі жол бар. Біріншісі – мен сендерге қосылып, төрт алқаш болу, екіншісі – сендер маған қосылып, жұмысты жолға қоюыма септіктеріңді тигізу, өздерің де аяқтарыңнан нық тұру. Ертең Ресейге жүремін, бірге барамын дегендеріңді таң бозында осы жерде күтемін. Қалатындарыңа кешкісін келіп арақ құямын», – дедім. Ертеңінде үшеуі де келіп, мені күтіп тұр екен…

Осылайша, кәсібім өрге басты. Келімді-кетімді кісілер көбейді. Жұмыскерлер саны да арта бастады. Сондай күндердің бірінде «Жігіттер, бізге тамақ істейтін үлкендеу қазан керек», – дедім. «Менің көршімде дәу қазан бар. Шірімеген, сынбаған. Көрші әжей ішіне су құйып қойып, бақшасын суарып жүр», – деді біреуі. Барсам, айтқандай-ақ, Демидовтер заманында жасалған қазан тұр. Бағасына келісіп, сатып алдым.

Кәсібім дөңгелеп берді. Қалтамда – өмірі ұстап көрмеген сомадағы ақша. Бір күні маған тың ой салған оқиға болды. Бұл – 1995 жыл. Жұрт айлығын, зейнетақысын ала алмай жүрген кез. Ұстазыма жолығып қалып, жағдайын сұрадым. Жай-күйін естіп «қазір не қажеттің бәрін жеткізіп беремін», – деймін ғой баяғы. Өзімнің дәулетті екенімді көрсету үшін емес, шын ниетіммен айтқан едім. Сонда ұстазым «Сен маған көмектесерсің. Қалғандарына кім көмектеседі? Ниетіңе рахмет!» – деді. Тұрған орнымда қатып қалдым. Шынымен де, бұрын өзгелер жайлы ойламаған екенмін. Әке-шешем менің табысымның арқасында зейнетақының аз-көптігіне мән бермейтін. Сөйтіп, зейнеткерлерге көмек көрсету бағдарламасын құрдым. Әбден «піскен» жобаны қағазға түсіріп, әкімге бардым. Ол «сен өз кәсібіңмен айналыс. Халық – менің мәселем», – деп шығарып салды. Ондайға тоқтайтын мен емес. Салып ұрып элеватор бастығына бардым. «Сенде өтпей жатқан астық бар. Мемлекетке зейнетақы салығын төлеуің керек. Мен сенің салығыңды өзіме қарыз ретінде алайын. Сен маған оның орнына астық бер. Ұн шығарамын, нан пісіремін. Оны қарыз есебінен зейнеткерлерге қол қойғызып, таратамыз. Сен де, мен де пайдаға шығамыз, зейнеткерлер де аш қалмайды. Осыны әкім досыңа барып түсіндір», – дедім. Бұл жобаны 3-4 күнде бір жүйеге түсірдік. Дағдарыстың алғашқы толқынында тәуекелді қажет ететін осындай қадамға барған едім.

1997 жылы ел Президенті Қостанайға келетін болды. Ол кезде бюджетте артық-ауыс қаржы жоқ. Мемлекет басшысын күтіп алу шараларын атқару тобына ірі кәсіпкер ретінде мені де қосты. Президентті жақыннан көру – зор мәртебе. Шынайы ниетпен дайындалдық. Жүру бағдары белгіленді, балалар лагеріне, содан соң бізге соғуы тиіс. Елбасы лагерден шығып, бізге қарай жаяу беттеді. Киіз үйдегі жайнап тұрған дастарханды көріп, әкімге «Мұның бәрін қай ақшаларыңа алғансыңдар?» – деді. Өйткені, ол кезде қазіргідей бюджеттің бүйірі тоқ емес қой. Әкім «Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл – мына кәсіпкердің ілтипаты. Соның қаржысына жайылған дастархан», – демесі бар ма?! Президент аты-жөнімді, кәсібімді сұрады. Дәмнен ауыз тиді. Осынау тарихи сәт – тағы да қара қазанның қасиеті. Етті баяғы дәу қазанға асқан едік. Содан осы қазан маған шынымен де бақ әкеле бастады.

Кәсіпкерлікті енді бастағанда «Аяғымнан нық тұрсам, достарыма кең жайлауда ас берер едім» деп армандайтынмын. Сол арманым орындалды. Елбасы дәм ауыз тиген қазаннан ас ішуге қаншама достарым мен таныстарым жиналды. Міне, қара қазанның қасиеті!

Әр қазақтың шаңырағына ауылдың дәмін еске салатын, туыстардың басын біріктіріп тұратын бір-бір қазан керек.

 Қазір үлкен қалаларда 1500-2000 теңгеге түскі ас ішеміз. Мекемелерде тоңазытқыштар болса, соларда дайын тамақтар тұрса деген ойым бар. Ішінде 3-4 бауырсағы, 4-5 тілім жұқалап тілінген еті мен қазы-қартасы бар тағамдар порциясын 1200-1500 теңге шамасында ұсынуды жоспарлап жүрмін.

Кейде өздері еш жетістікке жетпегендердің тренингтеріне қатысу үшін қаржы жұмсаймыз. Ойлану керек. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсуге бағытталған жобаларды қолға алатын кез келді.

Жазып алған Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

 

Басқа материалдар

Back to top button