Қарағанды

ҚарТУ-дің түлегін Қытайдың ірі компаниясы жұмысқа шақырды

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің түлегі Медет Серік Қытайдың Силикон алқабындағы ірі компанияның бірінде абыройлы қызмет етіп жүр. Өзі жұмыс іздеп, шекара асқан жоқ. Керісінше, талантты қазақ баласына шетел компаниясының таңдауы түсті.

Медет Серік аталған оқу орнының «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығын бітіріп шыққан. Қытайдың Шэньчжэнь қаласының, Силикон алқабында жүріп Huawei компаниясының штаб-пәтерінде C-Suite басшыларымен 200-ден аса кездесулер өткізді.

Медет университет қабырғасында жүріп, Ш.Құдайбердиев атындағы Тілдердің үштұғырлығы орталығында техникалық аударма курсын тәмамдаған. Оқуын бітіргеннен кейін Пекин технологиялық университетіне магистратураға түсіп, білімін тіпті тереңдетеді. Шыңдалған білім, үлкен тәжірибе Қытайдың ең ірі автомобиль конгломераты BAIC group-қа жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Одан кейін Шанхайға шақыру түсіп, онда жігерлі жас маманға Volkswagen компаниясы жұмыс ұсынады. Аталған компанияда алты ай жұмыс істегеннен кейін, Huawei компаниясының да жанып тұрған жас маманға көзі түсіп, аттай қалап алады. Міне, қазақ баласының Huawei компаниясында жемісті қызмет жасап жүргеніне биыл үш жыл. Университет түлегі алдына басқа да биік мақсаттар қойыпты.

70 жылдық тарихы бар Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті өнеркәсіптің түрлі салаларында, оның ішінде IT-индустрияда сұранысқа ие 100 мыңнан аса маманды оқытып шығарды. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Медет университеттің ғана емес, қазақтың мақтанышына айналып отыр.

Шіркін-ай дейміз, Медет шетелде шыңдаған білік-тәжірибесін елдің игілігіне, индустриясының дамуына жұмсаса, нұр үстіне нұр болар еді. Ол күннің де ауылы алыс емес секілді. Күтейік…

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button