Білім

Қарағандылық педагогтар «Алтын тұғыр» республикалық олимпиадасының жүлдегерлері атанды

Астанада бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» республикалық математикалық олимпиадасы өтті. Соңғы кезеңе еліміздің түкпір-түкпірінен 150 педагог бақ сынасты. Қарағанды облысының атынан сегіз мұғалім қатысып, олардың үшеуі жүлделі орындарға ие болды.

Бірінші орынды Қарағанды қаласының №97 гимназиясының зерттеуші-мұғалімі Лариса Романовская жеңіп алды. Ол бастауыш сыныптарға арналған математикадан бес оқу-әдістемелік кешеннің авторы. Мұғалім мектепте 26 жыл жұмыс істейді.

– Мен математиканы өте жақсы көремін. Әсіресе логикалық тапсырмаларды. Соңғы екі-үш жылда балаларды олимпиадаларға дайындауда менің байқағаным – міндеттер біз үйреніп қалғандардан өзгеше. Енді қандай бағыттарға көбірек көңіл бөлу керектігін түсінемін, – деді олимпиада жеңімпазы.

Екінші орынды Балқаш қаласы Абай атындағы №2 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Шынар Стамбекова иеленді. Оның айтуынша, алынған тәжірибе педагогикалық шеберлікті арттыруға көмектеседі. Сабақтан басқа, Шынар Стамбекова мектепте жас математика және логика әуесқойларына арналған үйірме жүргізеді.

Үшінші орын Қарағанды қаласының №45 гимназиясының мұғалімі Наталья Капиносқа бұйырды.

Олимпиада барысында педагогтар комбинаторлық логикалық есептерді шешу арқылы өз тәжірибелерін жетілдірді, жаңа тәсілдерді қолдану дағдыларын дамытты. Қатысушылар үшін екі күндік оқыту семинары ұйымдастырылды. Белгілі математик және «Зерделі» зияткерлік мектебінің негізін қалаушы Рысбек Мәуіт, сондай-ақ елорданың үздік нақты ғылым оқытушылары педагогтарға дәрістер мен шеберлік сыныптарын өткізді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталды. Олар алған тәжірибелерімен өз тәрбиеленушілерімен бөлісетін болады.

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button