Қарағандылық еріктілер республикалық байқауда жүлделі орын алды

Қарағанды қаласының еріктілер штабы «Үздік еріктілер командасы» республикалық байқауында екінші орын алды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Жарыс «Қарттарға қуаныш сыйла!» әлеуметтік-қайырымдылық акциясы аясында өтті. Сайысқа республиканың барлық өңірлерінен мыңнан астам ерікті мен 33 команда қатысты.

Қарағанды штабының жұмысына жоғары және орта оқу орындарының студенттері, үкіметтік емес ұйымдар және қала тұрғындары жұмылдырылды. 

Олар ҰОС және еңбек ардагерлеріне, 65 жастан асқан жалғызбасты зейнеткерлерге аулаларды қардан тазартуға, азық-түлік, дәрі-дәрмек және т. б. жеткізуге көмектеседі.

– Қала еріктілері 480 отбасын өз қамқорлығына алды. «Ардағым – Ардагерім» акциясы аясында қалалық штаб 258 аға буын өкілдеріне тұрмыста көмек көрсетті.

«Jastar Birge жастар волонтерлік институтын дамыту» жобасы аясында үш жыл ішінде азық-түлік себеттерін тарату бойынша 20 акция ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралармен 6522 әлеуметтік осал отбасы қамтылды. Еріктілер мәдени-демалыс бағытындағы 48 іс-шараға, 30 экоакцияға қатысты. Қаланың ПБ-мен бірлесіп есірткі заттарының жарнамасын өшіру бойынша 93 рейд жүргізілді.

Осының арқасында біздің еріктілер республикада екінші орынға ие болды, – деді Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Әділ Қабышев.

Қарағандыда барлығы 30 волонтерлік ұйым жұмыс істейді, олардың құрамында 3552 адам бар.