Қарағандыда жас құтқарушылар сынға түсті

Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Жас құтқарушы» атты қалалық мектеп олимпиадасы өтті. Оған қаладағы жалпы білім беретін мектептерден 11 команда қатысты.

Шараның мақсаты — оқушыларды патриоттық тәрбиені жандандыруға, төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білуге, қорғаныс тәсілдерін меңгеруге баулу. Бұл балалардың өз білімдері мен күштерін бағалай білуіне оң әсерін тигізеді.

Сайыс 4 жауынгерлік кезең бойынша өтті. Оқушылар алғашқы медициналық көмек көрсету, газқағарлар кию, су айдынындағы құтқару жұмыстары, жарақаттанған адамға жәрдем көрсету түрлері бойынша сынға түсіп, біліктіліктерін көрсетті.

Олимпиаданың соңында қатарластарынан оқ бойы оза шапқан командалар жүлделі орындарға ие болды:

І орын: №41 мектеп-гимназия;

ІІ орын: №15 ОБМ;

ІІІ орын: №74 ОБМ.

Жеңімпаз командалар кубок ұтып алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ал, әр кезеңде жоғары балл жинаған топтар арнайы мадақтама қағаздарын алды.

Әзірлеген Айдана Шынатбай