Бас тақырып

Қарағандыда үшем дүниеге келді

Аяла, Жібек, Сезім – облысымызда биылғы жылы туған алғашқы үшемдер. Олар 14 қаңтарда уақытынан бұрын дүние келген. Сәбилердің жағдайы бүгінде қалыпты дейді дәрігерлер.

Сәбилердің барлығы да 2 келіге толмай, шала туылды. Оның ішінде, екінші сәби – Жібек өздігінен дем ала алмағандықтан, екі аптадан аса реанимацияда болды. Қазір сәбилердің жағдайы жақсы, аналарының жанында. Бірақ, қашан шығатыны белгісіз, – деді облыстық перинаталдық орталық директорының неонатология бойынша орынбасары Гүлнар Галиева.

Сәбилердің анасы, Жәйрем кентінің тұрғыны Ботагөз Жайнибекованың да қал-жағдайы қалыпты. Ол жүктілік барысында уақытылы есепке тұрып, дәрігерлердің бақылауында болған екен.

Мен қарашадан бері осында, дәрігерлердің бақылауындамын. Жүктілік оңай болған жоқ. Ота жасаған дәрігерлер Саяхат Тілеубаева мен Дина Скакбаеваға алғысым зор. Сәбилерді құшағыма алғаннан кейін бәрі ұмтылды, – дейді көп балалы ана.

Мамандар анасы мен балаларға айрықша күтім қажет екенін айтуда.

Әлбетте, бұл қуанышты жаңалық. Оны туған-туыспен бөліскен дұрыс. Дегенмен, балалардың иммундық жүйесінің өте әлсіз екенін ескерген жөн. Адамдардың көп шоғырлануы сәбиге кері әсерін тигізуі мүмкін. Бізде бұдан бөлек 772 грамм болып дүниеге келген шақалақ бар, анасы 25 аптасында босанған. Олар міне, үш ай жатып, ертең үйлеріне шықпақшы. Бұл жайт оларға да қатысты, – дейді Гүлнар Галиева.

Ата-бабамыздан келе жатқан салт бойынша жас сәбиді көпшілікке көрсеткен дұрыс емес саналады. Ботагөз де Алла жазса, үшемнің анасы атанатындығын көпке дейін жасырып жүріпті. Енді, дәрігерлер рұқсат берсе, үйіне – Жәйремге қайтпақшы.

Әр сәбидің өз несібесі болады дейді халқымыз. Десе де, сәбилердің анасымен тілдескенімізде отағасының табатын 100 мыңға жуық табысы көп балалы отбасының қажетін өтесе игі еді,  – деген ойдың мазалайтындығын байқадық…

Жансая ОМАРБЕКОВА

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button