Жаңалықтар

Қарағандыда саяжай аумағында екі адамның денесі табылды

Қарағандыда саяжай аумағында екі адамды атып өлтірді деген күдікпен 56 жастағы ер адам ұсталды. Күдікті полиция қызметкерлеріне кінәсін мойындады.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Оқиға 6 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан ауданы аумағындағы «Оптимист» саяжайында болған. Полицияға саяжай аумағынан атыс қаруынан жарақат алған екі адамның денесі табылғаны туралы ақпарат түскен.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, қажетті процессуалдық жұмыстар жүргізді. Қаза болғандардың бірі 43 жастағы ер адам, екіншісі 55 жастағы әйел екені анықталды. Полиция мәліметінше, олар саяжай иелері және жергілікті қоғамдық белсенді болған.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру шаралары басталды. Полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, көп ұзамай оны ұстады.

Қарағанды облысының Полиция департаментінің мәліметінше, 56 жастағы жергілікті тұрғын қылмыс жасағанын мойындаған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Мамандар қажетті сараптамаларды жүргізуде. Қылмыстың нақты себебі мен күдіктінің әрекетке баруына не себеп болғаны әзірге жарияланған жоқ.

Полиция қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button