Жаңалықтар

Қарағандыда «Елін сүйген Елбасы» атты фотокөрме ашылды

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Елін сүйген Елбасы» тақырыбында фотокөрме ашылды. Онда ұсынылған материалдар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысындағы қызметі туралы баяндайды.

Фотосуреттерде Елбасының біздің өңірге сапарлары, Қазақстан Тәуелсіздігі жылдарында жаңа өнеркәсіптік нысандар мен әлеуметтік жобалардың ашылуына қатысуы бейнеленген. Сондай-ақ, көрмеде тұңғыш Президенттің Теміртау тарихи-мәдени орталығының қорынан алынған жәдігерлерін көруге болады.

– Фотокөрме Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында Қазақстан егеменді мемлекет ретінде құрылғанын, барлық салада үлкен нәтижелерге қол жеткізгенін және даму мен бәсекеге қабілеттіліктің сапалы жаңа деңгейіне шыққанын баяндайды. Оның басшылығымен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Тұңғыш Президент барлық қазақстандықтардың құрметіне ие болған жаһандық бастамалардың авторы болды, – деді мұражай басшысы Ержан Нұрмағанбетов көрменің ашылу салтанатында.

«Елін сүйген Елбасы» фотокөрмесі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 15 маусымға дейін жалғасады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button