Облыс әкімі

Қарағандыда Елбасы тапсырмасы бойынша жаңа мектеп салынды

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Жаңа орталықта салынған мектепте болып қайты. Аймақ басшысын балалар қандай жағдайда білім алатыны қызықтырды. Жаңа мектеп-лицей 1200 оқушы қабылдап, осы аудан тұрғындарының қажеттілігін толық қанағаттандыратын болады. Мектептің бағыты да анықталған: техникалық және эколого-биологиялық. Білім беру қазақ және орыс тілдерінде өтеді. 


Білім ордасы ең заманауи стандарттар бойынша жабдықталған. Сыныптар интерактивті техникамен қамтамасыз етілген. Еңбек сабағына арналған шеберxаналар бар. Негізгі оқудан бөлек, оқушылар түрлі үйірмелер мен спорт секцияларына бара алады. 
Мектепті аралау барысында облыс әкімі биылғы жылы Қарағандыда Елбасының тапсырмасы бойынша бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысы басталатынын атап өтті. Мысалы, биылғы жылы құрылысшылар ауданы 12 мың шаршы метрді құрайтын Оқушылар сарайын көтеруге кіріседі. Сарайда әр бала өзінің қалауынша үйірме таңдай алады. Оның қуаттылығы күніне шамамен 3700 бала қабылдауға қауқарлы. Жаңа мекеме теxникалық және химико-биологиялық бағытта болады. Балалар гидропоник, ғарышкерлік, нанотехнологиялар, авиамодельдеу, робототехника саласында машықтарын дамыта алады. Сондай-ақ көркем және қолөнер, тілдерді үйрену үйірмелері құрылады. Барлығы 50-ге жуық үйірмелер болады деп жоспарлануда. 
Жоба бойынша оқушылар сарайында 380 орындық көрермендер залы қарастырылған. Балалар таза ауада спортпен шұғылдана алуы үшін футбол және екі баскетбол алаңдары жабдықталады. 
– Президенттің өткен жылы біздің облысқа жасаған жұмыс сапары барысында біз оны Қарағандының Жаңа орталығы жобасымен таныстырған болатынбыз. Елбасы бізге бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды тапсырды. Біз берілген тапсырманы орындауға кірісіп кеттік, – деді Ерлан Қошанов. – Оқушылар сарайы – бұл шынымен де ең маңызды, қажетті нысандардың бірі. Осыдан 50 жыл бұрын салынған қазіргі әрекеттегі Балалар және жасөспірімдер сарайының мүмкіндігі шектеулі. Ал жаңасарайда барлық мүмкіндіктер құрылып, онда ниет білдірушілердің барлығы қалаған үйірмесіне бара алады. 

Бұған қоса, әкімнің айтуынша, көктемде Жаңа орталықта олимпиада стандарттарына сай келетін жаңа 50 метрлік бассейн салынады деп жоспарлануда. Бұл нысан іске қосылған соң жүзуші спортшыларымыздың дайындық жүргізуге арналған жағдайлары айтарлықтай жақсармақ. Қарағанды xалықаралық сайыстарды қабылдай алатын болады. Жоба қазіргі таңда дайын және мемлекеттік сараптамаға жіберілген. 
Алдын ала есептеулер бойынша, ғимараттың ауданы 24 мың шаршы метрді құрайтын болады. Олимпиадалық үлгідегі 10 жүзу жолақшалары, трамплин аумағы, құрғақ зал және спортшылардың жаттығуларына қажетті басқа да инфрақұрылымдар қарастырылған.
Ерлан Қошанов басқа да құрылыс жоспарлары туралы айтып берді. Қазіргі таңда Қарағандыда күрес орталығы және концерт залының құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттар жасалуда. Шахтинск және Жезқазғанда биылғы жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталады. 

Басқа материалдар

Back to top button