Абай

Қарағандыда Абай ауданындағы киелі жерлер туралы кітап пен археологиялық карта таныстырылды

Абай қаласында белгілі тарихшы Түлкібай Төлеуовтің монографиясы, археологтер Игорь мен Алексей Кукушкиндердің «Қарағанды облысы Абай ауданының археологиялық картасы» еңбегі және «Абай ауданының киелі жерлері» электронды кітабы таныстырылды.

Монографияда тарихи, археологиялық және табиғи ескерткіштер және Қазақстан тарихындағы елеулі саяси оқиғалармен байланысы бар орындар туралы ақпарат ұсынылған.

Жалпы алғанда Абай ауданында түрлі кезеңдерге жататын 162 археологиялық ескерткіш бар. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – 1933 жылы табылған Дәндібай қорымы. Дәл осы ескерткіштің арқасында ғалымдар Андронов мәдениеті кезеңінен «Бегазы-Дәндібай» мәдениетін бөліп қарастыру мүмкіндігіне ие болды.

«Абай ауданының киелі жерлері» электронды кітабында төрт бағыт ұсынылған: ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық ескерткіштер және сәулет ескерткіштері, тарихи тұлғаларға қатысты және саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар. Кітапта жергілікті өлкетанушылардан алынған, ғалымдардың жазбаларында көрініс тапқан, тарихи және өлкетану әдебиеттерінде көрініс тапқан материалдар пайдаланылды.

Кітапқа және монографияға енген жерлердің көпшілігі күллі Қазақстан үшін киелі болмауы мүмкін, бірақ, Абай ауданының тұрғындары үшін бұл орындардың маңызы зор. Авторлар Абай Құнанбаев атындағы әдеби мұражайды, қызмет бабында қайтыс болған полицейлер Александр Истомин мен Алданыш Тайғожинді еске алуға арналған тақтаны, Шерубай су қоймасын, Байдәулет және Қарабас тауларын да киелі жерлер тізіміне қосқан екен.

Таныстырылым кезінде облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Абай ауданы әкімдігі арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Оның мақсаты – тарихи-мәдени мұраларды сақтау және насихаттау. Абай ауданына қарасты 15 елді мекеннің әкімдері «қорғау міндеттемесін» алды.

Кездесуге қатысушылар Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайының және «Сарыарқа» археологиялық институтының жәдігерлерін тамашалады.

Басқа материалдар

Back to top button