Бас тақырыпҚазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Қарағанды Тәуелсіздік жылдарында елге не берді?

Қарағанды Қарағанды атанғалы елдің тірегі еді. Индустриалдық жүрегі еді. Тәуелсіздік таңы бозарып атқанға дейін елдегі қала арасында екіншіні еншілеп келген-ді. Қазақ түгілі Одақта аузымен құс тістеп тұрды. Атағынан ат үріккендей-тін. Өндірісі өз алдына. Білімі, медицинасы, ғылымы, қай-қайсысын алсаңыз да, алдына қара салып көрген жоқ. Басқаларды шаң қаптырды. Бірақ, өзі тезек теріп қалмапты. Рас, Одақ тоқырағанда Қарағандының да тамыры әлсін-әлсін соға бастады. Әйткенмен, соғысын тоқтатпады. Тоқырау тынысын тарылтты. Маңдайы тасқа тигендей күй кешті. Өзге шаһарлар киген кепешті Қарағандыда киді. Экономикалық, моральдық һәм әлеуметтік ауыр күндерді басынан өткерді. Әлемде демейік. Әйткенмен, одақтас елдерді жаппай үнсіздік жайлай жөнелді. Қоғамда үнсіздік. Зауыт-фабрикаларда үнсіздік. Дүкен сөрелері – жалаңаш. Халық та – жалаңаш. Жарық пен жылу қат. Тамағыңыз – шектеулі, ішкеніңіз – өлшеулі. Қайсыбірін айтайық, сол уақытты көзбен көргендер бұл көріністі көңілдерінен де әзірге өшіре қоймаған шығар. «Қолдағы алтынның қадірін білу үшін» оны жоғалту керек емес, негізі. Небары дер кезінде қадірін білген жөн. Тарихтың дөңгелегін кері айналдырар шама жоқ. Алайда, тарихтың парақтарын сөйлетуге болады. Сол арқылы ғана тозу мен озуды салғастыра аламыз. Отыз жыл бұрынғы Қарағанды мен қазіргі Қарағанды – алдарыңызда…

Отыз жыл бұрынғы Қарағанды қандай еді? Әсіресе, тоқсанышы жылдардың тұманды күндері. Тұманды болатын себебі, ертеңіміз бұлдыртын. Тоқырау, жұмыссыздық, дефицит, ақшаның жоқтығы. Ауыр ахуал кеншілер мекенін айналып өтпеді. Мұны баршамыз жақсы білеміз. Көрдік, сезіндік, өткердік, куәміз. Не айтары бар?! Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сын мен сынаққа, қауіп пен қатерге тұнып тұрды. Қоғам от тұтатса, лап ете қалатын қурап тұрған шөп секілді-тін. Экономикалық, әлеуметтік мәселелер титықтатқан. Ішегін тарта-тарта жұтатын демі қалмағандай көрінген.

Өйткені, сол сәтте 60-шы жылдардан бері үздіксіз жүрген құрылыс та кілт тоқтады. Өндірістер де бұрынғы қарқынынан айырылды. Қайсыбірінің есігіне қара құлып ілінді де. Осындай кезде ертеңнен жақын жоқ десек те, сол ертеңге елеңдеген-ді жұртшылық. Еш көріпкел мамыражай тірлік туралы батыл болжам жасай алмаған. Қазір ше?

Қарағанды отыз жыл бұрынғы Қарағанды емес. Мүлдем бөлек. Бет-әлпеті өзгеше. Өркениетке қол созған шаһар. Қарағанды – индустриалдық орталық, теміржол мен әуе жолының аса маңызды торабы. Ғылымы мен мәдениеті дамыған қала. Туристік-экскурсиялық бағыты дамыған орта.

2000 жылдан бастап тынысы кеңіді. Ол үшін қала дамуының жаңа жоспары қабылданды. Бұл – тоқыраудан соң етек-жеңді жинай бастаған шақ. Енді тар түсінік қажет емес. Ауқымды жобаларды қолға алатын күн туды. Соның нәтижесінде, өндірістерге жан кіріп, әлеуметтік сала әлдене түсті.

2004-2005 жылдары қала өмірінде жаңа бір кезең басталды. «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы ескерткіштер бой көтерді. Көшелерге жарық жетті. Қисығын түзеу қолға алынды. Медицина бұрынғы даңқын қайтаруға кірісті. Содан да шығар, бүгінде қалада 82 медициналық мекеме бар.

Білім де күшейді. Білімсіз жеткен биікті ұстап тұру тағы мүмкін емес. Осы күні 134 мемлекеттік білім беру ұйымы бар шаһарда. Оның 81-і мектеп, 42-сі балабақша. Бұл күні бала бағатын балабақша таппай, басы қатқан әке-шеше жоқ.

Өндірісімен ымырада маман дайындаған оқу орындары – бір төбе. Ғылыми-зерттеу және жобалау институттары, «Черметавтоматика», «Фитохимия институты», Химия-металлургия институты және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Қарағанды техникалық университеті, Қарағанды экономикалық университеті, Қарағанды медициналық университеті, М.Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауыты, №1 машина жасау зауыты, Қарағанды каласы машина жасау зауыты, «Қарағандынеруд», Қарағанды электротехникалық жабдықтар зауыты, Қарағанды металл бұйымдары зауыты, «Имсталькон» және кұрылыс, машина жасау, металлургиялық кәсіпорындар – экономикалық өсудің негізгі орталықтары мен түпқазығы.

Өткен жылдарда Қарағандыда айтулы спорт кешендері бой көтерді. Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы, Геннадий Головкин атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, “Saryarka” теннис орталығы және басқа да спорт нысандарының қызығын ел көріп отыр. Одан кім және қандай атақты спортшылар шыққанын бұқара бізсіз де жақсы біледі.

Бизнеске бет бұрған Қарағандының көрсеткіштері де өзгеден кем емес. Мәселен, 2010-2020 жылдары жалпы сомасы 139 млрд. 824,3 млн. теңгені құрайтын 32 жоба жұмысын бастап кеткен. Онда 2896 жаңа жұмыс орны құрылған. Көрсеткіш пе? Көрсеткіш.

Баспана құрылысында да қамшы салдырмай келе жатқанына бүгінгі құрылысы – дәлел. Осы күні Оңтүстік-Шығыста санаулы үй тұрмақ, жаңа шағынаудандар салынды. Отыз жыл бұрын мұны ойлаудың өзі мүмкін емес еді. Мойындайық. 30 жылда дамудың тетігін таптық. Ендігі міндет – сол тетікті даңғыл жолға айналдыру. Сөйтіп, енді бір отыз жылдан соң, жаңа буын келген соң осы күнгі Қарағандының өзгеше сипат иеленеріне сенгіңіз келеді. Сенімде жеңіс бар. Демек, сенеміз.

Жалпы, мемлекет тарихында 30 жыл тым ұзақ уақыт емес. Бірақ, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығында не тындырылды?» деген сұрақты төтесінен қойып, оған тура жауап алатын кезең. Бұл – өзіне-өзі есеп беріп, есесіне ертеңгі бағдарын тағы бір таразыға тартар сәт. Сондықтан, сұрақ «Тәуелсіздік маған не берді?» деген емес, «Тәуелсіздік жылында елге мен не бердім?» деген жалқыдан жалпыға ауысуы және тиіс. Сонда ғана өсу бар. Өркендеу де бар. Қарағанды ел экономикасын өсіру арқылы өзі де өркендеді. Өзі де өсті. Оған куә тағы – сіз бен біз…

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button