Қарағанды облысында ақпараттық жұмысты жандандыру мәселесі талқыланды

Бүгін облыс әкімінің орынбасары  Абзал Нүкеновтің төрағалығымен төтенше жағдай режимі кезінде ақпараттық жұмысты ұйымдастыру мәселесі бойынша онлайн-кеңес өтті. Оған қалалар мен аудандар әкімдерінің ішкі саясат және әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орынбасарлары, баспасөз хатшылары және ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.

Кеңес барысында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз хатшысы, мемлекеттік басқарудағы коммуникация жөніндегі сарапшы Ақерке Берлібай мемлекеттік PR-дің негізгі трендтері туралы талдамалық тұрғыда әңгімелеп берді. Сондай-ақ, жиын барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын мен «Saryarqa aqparat» ЖШС директорының орынбасары Қали Әубәкіровтің сараптамалық мазмұндағы баяндамалары тыңдалды. Олар облыстың қалалары мен аудандарындағы БАҚ және әлеуметтік медианың қызметі туралы кең сипатты ақпарат ұсынды.  

Кеңес барысында мемлекеттік бағдарламаларды ақпараттық қолдауды одан әрі жетілдіру, БАҚ пен әлеуметтік медианың қоғамдық пікірді қалыптастырудағы рөлі сарапталып, БАҚ пен баспасөз хатшыларының өзара тиімді  іс-қимылының маңыздылығына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.