Қарағанды облыстық соты 90 жылдық мерейтойын атап өтті
Қарағанды облыстық соты Судья және сот қызметкері күні қарсаңында өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, өңір прокуроры Мұрат Тілеубердиев, судьялар мен сот жүйесінің ардагерлері қатысты.

Бүгінде облыста 27 сот жұмыс істейді. Жылдың алғашқы үш айында олар 31,4 мыңнан астам іс пен материалды қарап, сот төрелігін жүзеге асырудағы маңызды міндеттерді атқарды.

Мерейтойлық жиында сөз сөйлеген Ермағанбет Бөлекпаев заң үстемдігі қоғам тұрақтылығының негізі екенін атап өтті. Ал облыстық сот төрағасы Ерден Әріпов сот жүйесін цифрландыру, ашықтықты арттыру және азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін кеңейту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Іс-шара барысында үздік қызметкерлер ведомстволық марапаттармен, құрмет грамоталарымен және төсбелгілермен марапатталды.

Сонымен қатар Қарағанды облыстық сотының 90 жылдық тарихына арналған энциклопедиялық кітаптың тұсаукесері өтті.

Сот жүйесінің ардагері Бәтжан Қасенова судья мамандығының жауапкершілігі жоғары екенін айтып, әріптестеріне кәсіби табыс пен амандық тіледі.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



