Қарағанды колледждерінің студенттері еліміздегі үздік 100 студент қатарына кірді
ҚР колледждерінің «ТОП 100 студентіне» ену үшін 199 білім алушы бақ сынасты. Қарағанды облысындағы 4 колледж студенті еліміздегі үздік 100 студенттің құрамына кірді. Олар «Қазақмыс» корпорациясы политехникалық колледжінің 4-курс студенті Әділ Тағаев, Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің 4-курс студенті Элина Шин, Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің 3 курс студенті Дарина Апачева, А. Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінің 4-курс студенті Айым Қомшабаева. Бұл туралы Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Білім алушылардың әрқайсысы оқуда озат, қоғам өміріне белсене араласып, жетістікке жетіп жүрген жастар.
Әділ Тағаев электромеханик мамандығы бойынша білім алуда. Студенттің айтуынша, ол 9-сыныпта болашақ мамандығы туралы шешім қабылдап, колледжге түсуге бел буған. Қазір жоғары технологиялар мен автоматтандыру заманы болғандықтан, ол өз мамандығының өзектілігі еш уақытта жойылмайды деп біледі. Әділ Тағаев ерікті, сонымен қоса, студенттік кеңестің, пікірсайыс клубының президенті.
Элина Шин колледжде техник-дизайнер мамандығы бойынша оқиды. Осы салада биік шыңдарды бағындыру – оның арманы. Студент қосымша ШАГ академиясының курсын бітірді. «Террикон алқабының” бизнес-инкубаторында “Дизайнер көзі» (интерьерге жиһаз таңдау бойынша маркет-плейс) жобасын қорғап, екінші орын алды. «Террикон алқабы» ұйымдастырған хакатонда ол жалпы білім беретін мектептерге арналған сайтты ұсынған. Элина футбол ойнағанды жақсы көреді және колледж командасында ойнайды.
Дарина Апачева – болашақ бағдарламашы. Қазірдің өзінде IT саласында жұмыс істейді, веб-әзірлеу, графикалық дизайн, SMM-маркетинг, мобилография секілді әртүрлі бағыттарды игеруде. Студент TikTok-та презентацияларды қалай дұрыс жасау керектігі туралы түсіндіріп, кеңес береді.
Айым Қомшабаева «Шет тілі мұғалімі» мамандығы бойынша білім алуда. Birgemiz: Bilim облыстық жобасының серіктісі болып, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға ағылшын тілін үйренуге көмектесті. Биыл Birgemiz: Ayala жалпыұлттық жобасының еріктісі болды, иесіз жануарларға көмек көрсету жобасын жүзеге асыру үшін шағын грант жеңіп алды. Айым –Қазақстандағы алғашқы Ozgeris бизнес-инкубаторының түлегі, сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінде оқыған. Сондай-ақ, ол 2021 жылы Балқаш қаласы әкімінің «Жас полиглот» номинациясы бойынша “Тіл жанашыры» сыйлығына ие болды.
Айта кетейік, колледждердің үздік студенттерін салтанатты түрде марапаттау рәсімі желтоқсан айының басында Астана қаласында өтеді. ҚР колледждерінің «Топ-100 студенті» атағының иегерлері сертификаттар мен жүлделер ғана емес, сонымен бірге жұмыс берушілерден шақырту алады. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Студенттер үшін жеке және кәсіби өсу бойынша шеберлік сабақтар, тренингтер мен курстар ұйымдастырылады.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ