Қарағанды келбеті – көрмеде
Облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Қарағанды шеберлер көзімен» атты көрме ашылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған экспозиция мұражайдың отыз жылдық мерейтойына арналған.
Көрмеде мұражай қорынан алынған 80-нен астам өнер туындылары ұсынылған. Жәдігерлер Қарағандының тарихы туралы сыр шертіп, шаһардың бейнесін сипаттайды. Көрермендер мұнда танымал қарағандылықтардың – кеншілер, құрылысшылар, ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлерінің портреттік галереясын тамашалай алады.
«1934 жылдың 10 ақпанында кеншілер кенті қала дәрежесін алды. Қарағанды – көмір бассейні ретінде бүкілодақтық маңызға ие болды. Қаланың өсуі, даңғылдар мен көшелердің, сәулет ескерткіштері мен мүсіндердің пайда болуы – мұның барлығын өз қағаздарына П.Андреюк, П.Антоненко, В.Крылов, В.Буш, Г.Гилевский, С.Шкурацкий секілді суретшілер түсірген», – дейді көрме ұйымдастырушылары.
Әр заманда Қарағандының бейнелеу өнерінде кеншілер тақырыбы басым болып келген. Оны Р.Есіркеевтің, В.Шамшиннің, Ю.Камелиннің, Э.Селезневаның және В.Тюминнің туындыларынан көруге болады.
Көрме 12 ақпанға дейін жалғасады.
Өз тілшімізден.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.