Руханият

Қарағанды – қара өлеңнің қағбасы

Акбер ГОШАЛЫ
Әзірбайжан Республикасы

Арулар ұл, ақындар жыр жаратпақ,
Олар жырды, біз оларды парақтап,
Тербеткенде олар үміт бесігін,
Тербетеміз – өткен тарих шешімін,
Олар байрақ тігіп, көкке жайғанда,
Байрақ үшін бас береміз майданда,
Кілем тоқып, төсейді олар белдерге,
Жол тапсын деп сүйгені іздеп келгенде,
Жол саламыз тау қопарып, тасты ойып,
Ұлы халық өтуі үшін қасқайып,

Олар сұлу болу үшін жаралған,
Еркек – соны көру үшін жаралған,
Махаббаты сәуле шашып жанардан,
Жалықпайды сүйгеніне қараудан,
Қарағанда әйел махаббатпенен,
Қара тастың өзі гүлдей көктеген!

Біз де өлеміз, олар да өлер, анық та,
Әйелдерді саламыз біз табытқа,
Ал еркекті көктеуі үшін гүл шақта,
Салады олар, салады олар құрсаққа,
Еркек жүгін соны арқалап ақтайды,
Әйел бізді көз жасында сақтайды!

Аударған Ерлан ЖҮНІС

***
Бұлттар мен жылқылар

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ
Алматы

(Анам Роза Сейiтжанқызы Салықбаеваға)

Жылдар деген жылқылардан аумайды,
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп,
Қорқып кейде қап-қара тер саулайды.
…Сәби кезiм саңылаулап ес кiрген.
Сыртқа шықтым.
Ауыл күнi кешкiрген.
Аспандағы алаулаған бұлттарға,
Аңырдым мен аң-таң қалған кескiнмен.
Бәрi – таңсық.
Қызылқұмар шақтамын,
Бiле алмадым бұлтты кiмнiң жаққанын.
Көрдiм бiр сәт
Көп жылқының мен жаққа
Көше бойлап шауып келе жатқанын.
Қашу қайда,
Қорқу да жоқ ойымда,
Тұра бердiм таңырқаған бойымда.
Алып-ұшқан секiлдендi асығып,
Сол жылқылар менiменен ойынға.
Алғашқы аттар ағып өттi қасымнан,
Қалғандары қарғып жатты басымнан.
Қарап қалдым бауырына аттардың
Аспандағы бұлттарымды жасырған.
Тасыр-тұсыр…
Таусылмайтын мол дүбiр,
Жылқы жапты аспанымды, сөндi нұр.
Тас тұяқтар зу-зу етiп төбемнен…
…Құлағыма ащы дауыс келдi бiр!..
Жалт қарасам –
Қолын созып тұр Анам,
Жанары – жас…
(Неменеге жылаған?).
Жете алмайды, жолын бөгеп жылқылар…
Көп тұяқтың астында – мен, дiн – аман!
Жылдар деген жылқылардан аумайды,
Тасыр-тұсыр тас төбемнен заулайды.
Тарпаң тұяқ тиiп кетер ме екен деп,
Қорқып кейде қап-қара тер саулайды…
«Үшке шыққан кезiң, дейдi, сонда», – Анам,
Бүгiн мiне отыздамын!..
Толғанам…
Анам кеше тағы кiрдi түсiме,
Қолын созып жете алмай тұр ол маған…

1984 жыл. Мәскеу

 

***
Ұлытауымның дара шыңында

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ.
Астана

Ұлытауымның дара шыңында
Ұлтыма біткен бар әлем.
Қараша айының қарашығында
«Қарғам-айлаған» қара өлең.
Сарыарқа жақта сағым биледі,
Желпініп кейде жел ессе.
Жанымның жалқы жалын күйлері
Дүбірің сенің емес пе?
Арғымағым-ай,
Ар қанаттым-ай,
Аламан көрген ақ таңда.
Жарығы жанда жатталатындай
Баяны мәңгі бақ бар ма?
Тізгінін тарттым қаракерімнің,
Бір күнім аумай бір күннен.
«Қарғам-айлаған» қара өлеңімнің
Кекілін сылап тұрмын мен…

***
Өлең

Светқали НҰРЖАН
Маңғыстау

Шертемін көңілімнің мың ырғағын,
Біткей деп жыр жолында ғұмыр-дарын.
Мендегі бұла күшпен жаңбыр қылып,
Көктемнің бұлттарынан жыр ұрладым.
Төбемнен ән-ғұмырлы құстар ағып,
Бойыма жатқан шақта күш қамалып –
Шумақтап өлеңге атып жіберемін,
Даланың шылбыр-жолын ұстап алып.
Бәріне еркін барып, еркін келем,
Жанымнан іңкәрліктің дертін көрем.
Мен жазар жырды теңдеп жетті бір күн,
Бура-бұлт шудалары желкілдеген.
Жамырап жұлдыз біткен жауды маған,
Шашу ғып қайта шашты таулы далам…
Ғажайып өлең сөйлеп кетті бір күн
Қалқаның жанарынан жаудыраған.
Жатады дүние сыры алдыма кеп,
Жанарым салмағай тек қалғып әлек.
…Қараймын тал бүршігін таңда тұрып,
Бір өлең жасырынып қалды ма деп!

Сәуір, 1980 ж.
Қарамандыбас қыстағы

 

***
Ұлылық

Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ
Қызылорда

Жалғанды мынау жонынан басып жүр кімдер?!
Сен де бір соның бұласы.
Өзіңнен биік екенін Оның білдің де,
Өртеніп кеттің, расы.
 
Айырылып қалып кешегі кербез талтаңнан,
Қысылмас жерде қысылдың.
Ол болса сені «өзім» деп қақты арқаңнан,
Аяды ғой деп түсіндің.
 
Аяды ғой деп ашындың, азап – бұл да бір.
Бұрылдың ойға ғажап кіл:
Қалай да оны құлату керек, тұрмағыр,
Жылату керек, көзі аққыр!
 
Сүдінің қашып, сағың да әбден сынғандай,
Ол десе, кеулің – ымырт, түн.
Қайыршы болып қасыңа келіп тұрғандай,
Қалтаңа қолың жүгірттің…
Ұлылық қой Ол!
Алдынан апан қаздың не,
Аттап өтеді, тап шыным!
Жұмырдай едің, жүдеп те кеттің аз күнде,
Қырынғаның жөн, жақсы інім.
Қасарысқанмен қанатын жаймас дарағың,

Сен жүрер қанша жол әлі.
Мойындай қойшы,
Мойындашы Оны, қарағым,
… Өзіңе жеңіл болады!

***

Ғазиз ЕШТАНАЕВ
Ұлытау

Ойлы күнім пара-пар боп ғасырға,
Шамырқансам іс шапты де насырға.
Уысымда уатылып тасың да
Аспан, жердің арасында майдан сап
Айналамын жасынға.

Жерұйыққа жаным сапар шеккенде,
Шаттанамын.
(Ондай шақтар көп менде)
Айналамын көк бояулы көктемге
Маңдайымнан мамыр сипап өткенде.

 

* * *

Шатысады дүние кең дегендер,
Мына әлемге әзер сыйып тұр жаным.
Құдай!
Маған өлмейтұғын өлең бер.
Тек сол үшін ырзамын.
Ғұрпы бөлек, ғұмыры ұзақ өлең бер,
Қолым жетсе, Ай бетіне жазамын.
Көп ішінен шыққан өңшең «кемеңгер»
Аспан жаққа аударсын деп назарын.

Аспан жақтан оқылғанда сол өлең,
Жылап тыңдар жыр қадірін білгендер.
Сонда ғана жоғын табар деген ем
Жоғалтқанын жерден іздеп жүргендер.

Құдай!
Маған өлмейтұғын өлең бер.

 

* * *

Серік ЕЛІКБАЙ,
Павлодар

Тағы да…
Мені ысқырып ояттың
Сөзін айттың… естімеген аяттың.
Ал отырмыз үшеуіміз
Мен, сен және тоят-түн.
Аңсар түннің езуінен жыр ағып,
Тартады ындан құлағын
Уілдейсің «тұр-тұр» деп,
Ес-кірпігі еңкейіп,
Құлқым жоқ…
Жымиытпақсың, болмасаң да күлегеш
Қырау сөздер қолдан тайғыш құр-елес
Ой бесігін тербедік…
Тамырынан танылады жыр елес
Күрсінбеші күрең ес!
Бұрыштардан боз сұлбалар көрініп
Ай бетінде бөрі ұлып
Шылым шектік ерігіп…
Сосын… және шай іштік
Ары қарай төңкерілгенде Ай үсті
Жұлын іші қара сөзге қайысты…
Түтін бояу сейілгенде түндерден
Күн шолпысын шығыс жаққа ілгенде.
Ол… ол… жоқ боп кетті бір дем де
Ал, мен…
Ал, мен… ұйқы өлімге беттедім,
Астыма сап шабытымның шекпенін
Кірпігімнен қанат қағып, ақылымның кептері
Еріп бара жатқан кезде көк көңіл…
Түн ізі бар маңдайында
Парақ жатыр, қалам тұр…
Қағаз беті уыс-уыс қалампыр
Кешегідей жанар күн…

 

***
Бәдіз өксиді

Сұраған РАХМЕТ
Астана

Құстар қанатын жыртады көкте,
Аспан ашулы.
Ана құрсағын өпкен қасыңда,
Басқа ғасыр жүр.
Өктем тұрпаттар кілең дестеге жасырынады,
Ішінде цифрлы құрттар құжынап,
Бастар ашылды.
Топшысын бұлт қаққан құстар ашулы,
Бізді қорғайды екен-ау ауа қабатындағы сүзгі.
Күннің қабығын сыпырып алады,
Шыңдар ұстара сынды.
Қимыл.
Мидың өзектерінде құзғын,
Батпаққа сүйрейді бағзы нұсқа басыңды.
«Мəселе шешілді дедің бе?» – жұмбақтар жасырған,
Діңгектер кесінділерінде басылған ғасырлар.
Ғасырлар қабаты – уақыттар шеңбері,
Сөйлейді алыстан, кесілген діңгектер меңдері.
Кетпейтін кесепат есіңнен,
Ницшенің
Сорабы меңгерім.
Белгісіз.
Қанаттар жұлынды түлеп,
Аспан ашулы.
Өлеңдер етпеттеп құлайды, тасқа басулы.
Жылайсың бір сəтке құлаған құныңды сілеп,
Өмір болмаған мүлдемге,
Көңіл бəс таласулы.
Бəдізден оянды құлын кісінеп…

***
Терісаққан

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
Астана

Көріп жүріп жақсы менен жаманды,
Мына ойға бекідім мен кеше бір:
«Аяймын мен дұшпаны жоқ адамды,
Оның сүріп жүргенінің несі өмір?!»

Жиын тойда жоқ болсын деп дұшпаның,
Тілек айту, дәл меніңше далбаса.
Мен қалайша тізгінді нық ұстадым,
Анабіреу аяғымнан шалмаса.

Бәрі-бәрі соның ғана арқасы,
Назар салып қарап жатса маған да ел.
Тағы ор қазып, езіп жүр ол малтасын,
Өй, жарайсың азаматым, аман бол.

Кейде удай ашып тұрып өзегім,
Жақынымдай жақсы көрем әлгіні.
Шыным маған көмгеннен соң Бөжейін,
Аянышты Құнанбайдың тағдыры.

Түсінбеймін әй мына жұрт не дейді,
– Дұшпан деген көрер көзге күйік! – деп.
Мені аяқтан шалатындар көбейді,
Күннен күнге барамын мен биіктеп.

Көріп жүріп жақсы менен жаманды,
Мына ойға бекідім мен кеше бір:
«Аяймын мен дұшпаны жоқ адамды,
Оның сүріп жүргенінің несі өмір?»

Мұндай пікір айтқан дейді бұрын да ел,
Қайталауды намыс көрген емес ем.
А,Тәңірім дұшпаныма ғұмыр бер,
Мен елеусіз қалып кетсін демесең…

 

***
Автопортрет

Маралтай РАЙЫМБЕКОВ
Алматы

Сүлеймендей аң мен құсқа зар айғып,
Өз басымды өз жырыммен қарайтып.
Опат болып оты сөнген ғаламдай,
Жанға дәру бір сәулені таба алмай.
Ойларымды жинай алмай шашылған,
Мен уақыттың өтіп барам қасынан.
Мұң түбінен дос таппаған мұңлықтай,
Ар түбінен жар іздеген зарлықтай.
Қаңырадым сауап емес обалдан,
Тәж Махалдай жаһұттары тоналған.
Менің жаным сүйкімді бір ботаның,
Жүрегіне түсіп кетті, о жалған.
Көр ішімен тәнімді ертіп келем Мен,
Жанымды іздеп жер бетінде жоғалған.
Сәуірдегі қар астында қалған гүл,
Ол да мендей, қауызында арман тұр.
Армансызға орын тимес жалғаннан,
Мен де көптің бірімін бе алданған.
Шөл шөбіндей тамыр тарттым тереңдеп,
Ажалымның арашасы – өлең деп.
Не бүлдірдім, не тындырдым кіммін – Мен,
Отызға кеп иек сүйеп тұрмын Мен.
Бар ма, жоқ па бұл өмірге керегім,
Мен не дедім, сен не дейсің өлеңім.
Достарым да, дұшпаным да байқаған,
Мен бір істің ақиқатын айта алам.
Арасында фәни менен бақидың,
Менің ізім жол боп қалды ел танитын.
Қыл ішегіне шыбын қонса, мұң құлап,
Қоя берер сай-сүйегің сырқырап.
Сүтке тамған қызыл түсті сиядай,
Менің қобыз жүрегімнің қияғы – Ай.
Жанарларын құбылаға қадаған,
Жайнамазын төсек еткен бар адам.
Жан – аурасы шайқалмаған жарандар,
Мен өзіме ұқсаймын ба, қараңдар!

 

***

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ,
Астана

Жанторсығымды жанға алған,
Жүрісі шайқап жорғамның.
Таңдайға татып саумал дәм,
Таңалды атқа қонғанмын.
Өткелсіз өзен кештім де,
Жағаға шықтым жар бойлап.
Берері қиын бес күнде,
Жалтарып қайтем, жанды ойлап?!
Танытып арман таң шырай,
Атымнан түсіп қалмадым.
Салымы қайтқан аңшыдай,
Салымды суға салмадым.
Қабырғалатып қар кештім,
Ат кірпігіне мұз қатқан.
Қасқырдай қызыл қанға өшпін, 
Қорқаудың жанын сыздатқан.
Таңғы бір нәсіп Тәңірден,
Жортуыл да көп, жол қиыр.
Әкешім берген әмірмен,
Ертеңім болды елге үйір.
Дәуренім осы, шіркін-ай,
Жығасын күннің түн жықты.
Тебіндеп шыққан жылқыдай,
Теуіп жеп келем ырзықты!

 

***
Алып шаһар

Бағдат МҮБӘРАК
Алматы

Күрең күз сән-салтанат құрғанменен,
Сәмбі талдан үзіліп ырғалды өлең.
Алматыға келерде өз-өзіме:
Сені күтіп отырған кім бар? – дегем.
Алып шаһар бағым ба, сорым ба еді,
«…екі аяққа дамыл жоқ» – соның кері.
Маңдайымнан сипаған, «байқап жүр» деп,
Сен аман бол, Арқаның қоңыр желі…
Көктөбеге өзіңді көгендесең,
Мендей ғашық болмашы өлеңге, сен.
Үй салатын жер де жоқ онысы аздай,
Кеңсайда да орын жоқ, өлем десең.
Алдағанын сеземін арбағанын,
Уәде еткен Ұят пен Арға – жаным.
Алматыға күн сайын ғашық болып,
Алматыға күн сайын таңғаламын.
Құрастырған өлеңді құндағынан,
Формасынан танимын, ырғағынан.
Сөйтіп жүріп санайтын өзін мықты,
Байғұсты да аяймын біржағынан.
Барған сайын деп айтқан: «сөйле, көкем»
Тоқырауын, не деген керемет ең!
Есентайға бірдеңе деуің үшін,
Есенғали болуың керек екен.
Мизам шақ – жаздың соңғы үзген демі,
Кейде қайтқың келеді, ізбен кері.
Жастары да сияқты көңілсіздеу,
Мастары да момындау бізден гөрі.
Тілін таба алмаған небір адам,
Алатаумен сырластым – көңілі алаң.
Ақсораңды білемін, бауырым ғой,
Шатыршаны танимын, – деді маған.
Талай жігіт өзгерді өзіне кеп,
Бүгінде сөзі бөлек, бөзі бөлек.
Миллионның ішінде нұрын шашып,
Сен түсесің, – деді ғой көзіме көп.
Сүргенім, сүреңсіздеу өмір еді,
Соны ойласам, қабырғам сөгіледі.
Біреуді іздеп жүремін,
Сол кім екен?
Өзіме де қызық боп көрінеді.

***
Осылай да адам сағынады екен

Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ
Астана

Осылай да адам сағынады екен,
Сағынады екен, Тәңірім!
Жылауға себеп табылады екен
Жүрекке жүрмей әмірің.
Мүмкін екен ғой құлай сүюің
Құлай сүюің абайсыз.
Жүректің Сізді бұлай сүюін
Байқамай жүрсіз, қалай Сіз?
Көңілде неге тұрып алдыңыз
Тұрып алдыңыз мызғымай?
Хатыма, бәлкім, күліп алдыңыз
Күлмейтін шығар Күз бұлай.
Тағдырым осы – шатпақтап шығар
Сөйлесе іште бір өкпе.
Атың аталса атқақтап шығар
Не болған мына жүрекке?
Жынданып адам кетеді екен ғой,
Жұтып алғандай жасынды.
Қас қағым бір сәт жетеді екен ғой,
Жоғалту үшін басыңды.

 

***
Туған ауыл

Қалқаман САРИН
Өскемен

Туған ауыл, сен үшін тер төкпедім,
Кешір мені, кеш мені, сен текті елім!
Бір сағыныш мазалап ертелі-кеш,
Жүреді ылғи жанымды өртеп менің.
Туған ауыл. Бәрі есте… Балалық шақ,
Қалаға кеп қаңғырдық қалам ұстап.
Кешір мені, күнәсіз балалығым,
Қала алмадым ауылда саған ұқсап.
Қатты маған қызуың күннен сенің,
Сағынышым өзіңсің, мұң мен шерім.
Қайран ауыл, қалдың-ау үзіп алып,
Жұдырықтай жүректің бір бөлшегін.

Тұрғанда жасыл өлке жырға тұнып,
Көшіріп алушы едім, қырда отырып.
Жауһардай жырға құмар жүрегімді,
Алар ма ем, тұнығыңа бір батырып.

Көнермес қасиет бар келбетінде,
Сағынтар жалғыз мекен жер бетінде!
Ауылым, сенен алған тұнық сезім,
Жанымды бір ән болып тербетуде.

Бәрі есімде бал ғұмыр, бала кездің,
Арман қудым. Ат міндім. Дала кездім.
Қазыналым, қымбатсың маған мәңгі,
Қарашығы секілді қара көздің!

***

Сағыныш НАМАЗШАМ
Талдықорған

Оңайы – өзгелерді күстәналау,
Алдымен ішіңе емес, тысқа қарау.
Ол дағы – жазды күнгі қурап тұрған
бір мая шөпке қарай ұшқан алау.
Үнемі өзгелерден күдіктену,
Ол дағы – жүрегіңе іріккен у.
Күдігің үсті-үстіне жамалған соң
Жүрегіңде басталар мүліктену.
Өзіңді биік көріп, масаттану,
Ол дағы – ібілісің асатқан у.
Сол удың уытына мас болып қап,
Өзге емес өз-өзіңе тас атқаның.
«Сен», «Ол», «Мен» бөлінбейді –
Санада «Біз».
Көз көрген алдамшыға қарамаңыз.
Біз жайлы айтады ертең Уақыт пен
Кеңістік түйісетін ауадағы із.

 

***
Әулиекөл

Ербол АЛШЫНБАЙ
Астана

Қарқаралыда тас тұнба,
Баянсыз күннен кем жүдеп.
Мәдидің бұлты астында,
Әулиекөл тұр мөлдіреп.

Әулие аз ба ол маңда?
Шалқыған сәуле кемері.
Заманнан заман озғанда,
Шайтанкөл дейді неге оны?

Басына таудың байланған,
Шағырмақ бұлт – жібек құс.
Қарқаралыны айланған,
Сол бұлт әлі жүр өксіп.

Бауырын шыңға сүйдіріп,
Сынғанда бұлттың қияғы.
Өзегін удай күйдіріп,
Көлге ащы жасын құяды.

Келемін өрге ылдидан,
Кезегім келді, ай, тағдыр!
Әулиекөлге кір құйған,
Заманның өзі сайтан-дүр.

Мәдидің асау бұлттары,
Нардай шөк тауға бұрылмай.
Жанарға толсын шық тағы,
Әулиекөлдің суындай.

 

***
Жазғы элегия

Айжан ТӘБӘРАК
Астана

Қазан ауса, қаз да ауады даламнан,
Қаздар ауса, жас боталар жанардан.
Күзге қарап күндер үшін күрсінем
Құшағында қайтыс болған бар арман…
Қанша бақыт уысымнан сырғыды?
Уақыт көшпей ұқпаймыз-ау, біз мұны.
…Әлдекімге сенуден де осылай
Шаршаймын деп ойлап па едім бір күні.
Өз сезімім кейде өзіме бөтен боп,
Мен осынша неге сендім екен деп,
Қалтыраған жапырақты бағамын:
Жел үф етсе жерді қалар мекендеп.
…Алакеуім билегенде өңірді,
Құлазытып кетеді ылғи көңілді.
Менің жалғыз қателігім о баста:
Өлең екен деп ойлаппын Өмірді…

***
Менің әдеби ортам

Мирас АСАН
Астана

Ақындарым – сендер менің дос елім,
Тұрғынымын сендер тұрған көшенің.
Сендердікі менің жүріс-тұрысым,
Сендердікі менің қисап-есебім.
Сендер десе қасындамын Күн, Айдың,
Ұларбекше қара Ертіске құлаймын.
Өлеңімді Русланша оқимын,
Сағатымды Бақытжанша сұраймын.
Сендер десе ақын сынды бар ғалам,
Муза-аруға мен сендерше арбалам:
О, пәлі деп Ерланша сүйсінем,
Кетәрі деп Бағдатша таң қалам.
Қиялдарым қарагері Мерейдің,
Қияндарым ақ өлеңі Дәбейдің.
Келешегім – миы Ақберен шайырдың,
Бағзы күнім – үйі Дәулеткерейдің.
Бұтағымын Танагөздік дарақтың,
Тұтқынымын Құралайлық қораптың.
Кітаптарым момындығы Олжастың,
Ұйқастарым төбелесі Жанаттың!..
Ақындарым сендер – етім, сүйегім,
Сендер мен деп, мен сендер деп күйемін.
Мен иттерді Ақсұңқарша жек көрем,
Мен өмірді Жадыраша сүйемін!
Сендер десе ми, жүрекке елшімін,
Сендер десе мейірімге қоңсымын.
Жәнібектік итмұрынға туыспын,
Ұларбектік кейіпкерге көршімін.
Кейде қоям өздеріңше шашылып,
Кейде қалам өздеріңше басылып…
Сағынтайша шертем «Көңіл толқынын»,
Дәурен сынды тебем допты ашынып.
Бар ғаламның қайғы-мұңын артып ап,
Қалам кейде жан дүнием қалтырап.
Қаламақы алмасам да көк тиын,
Қалқаманша жүрем топта жарқырап.
Сендер десе күш алады жан қайрат,
Сендер десе шабыт бұрқақ, ән байрақ.
Тоқтап қалған көшпенді рух оянам,
Тоқтарәлі жылқыларын көлге айдап.
Айтылмаған ақындарым әлі көп,
Өмір сүру қандай қызық бәрі боп!
О, әдеби ортам менің бол аман,
Сендерге тас атқандарға лағынет.

Сарыағаш, 2020 жыл

Топтаманы әзірлеген: Жәлел Шалқар

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button