Қара алтында кемдік жоқ
Қарағанды облысында халыққа жеткізілетін көмір көлемі биыл 1 миллион тоннаға артық. Бұл өткен жылғыдан 25 пайызға жоғары. Ал, бұқараның аттай қалайтын отын «Шұбаркөл көмірі» де биыл жылдағыдан мол. Дәлірек айтқанда, өндіріс қарқынын 16 пайызға еселепті. Сөйтіп, жалпы көлемі 3,7 миллион тонна көмір шығаруды жоспарлаған. Бұған қоса, жергілікті билік бұл мәселені кірпік қақпай қадағалап отыр. Өңірлерге көмір тасымалдаудың арнайы кестесі арқылы қара алтын жөнелтілуде. Бүгінгі таңда әлеуметтік һәм мәдени маңызды нысандарға отын қоры жеткізіліп қойған. Мұның сыртында заңсыз саудалап, көмірдің құнын алыпсатарлық арқылы қолдан қымбаттатындардың да жолы кесілген.
Жалпы, елімізде былтырғыдай көмір тапшылығы болмайтынын Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек те мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, министр мырза да көмір құнының министрлік бақылауында екенін де ерекше атап айтқан. Сондықтан, құзырлы орындар көмір мәселесін күн тәртібінен әлі түсірген жоқ.
«Үкіметте селекторлық жиын өткіздік. Біз бүкіл өңірлердегі энергетикалық және халыққа арналған көмірді қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Қазіргі уақытта баға тұрақты, өндірілген көмір көлемі былтырғыдан көп, вагондар да жеткілікті», -деген болатын министр.
Сонымен, әзірге алаң негізсіз. Мысалы, аудандар әлеуметтік-мәдени нысандарға жеткілікті көмір қорын қамдап қойғандарын айтуда. Кеше ғана брифинг өткізген Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекхожин ауданда көмір тапшылығы жоқтығын, әлеуметтік нысандардың тиісті көмір қорымен жабдықталып, санаулы нысандар ғана қалғанын атады. Сол сияқты Қаражал, Шахтинск, Жәйрем, Қарағанды қалалары да ерте бастан қамданыпты. Тіпті, көмірдің алғашқы легін жеткізу жаздан бастап қолға алынған.
Деректер кеншілер мекенінің жалпы 745 мың тонна көмір тұтынатын көрсетіп отыр. Ал, кеніштер 38 миллион тонна отын өндірген. Сол себепті көмірлі аймақтың көмірден кемдік көретін жөні жоқ деседі.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»