Қарқаралы тарихының айшықты белесі
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бастапқы жылдарында Қарқаралының өмірі мен дамуына ерекше ықпал еткен Қоянды жәрмеңкесіне биыл 175 жыл толып отыр. Жәрмеңке өңірде сауда-саттықты дамытып, нарықтық қатынастарды алға бастыруымен қатар, еліміздің әлеуметтік-саяси һәм мәдени өміріне өзгеше бір леп әкелген оқиға болды.
Қоянды жәрмеңкесінің ашылу тарихы Тобыл губерниясының көпесі Варнава Ботовтың есімімен байланысты. Қай деректі алып қарасақ та, қандай ескі әңгімеге құлақ қойсақ та, мол тауарын тиеген осы бай көпестің 1848 жылы көктем уақытында Талды өзенінің бойына тоқтап, мал айдап бара жатқан қазақтармен сауда жасасып, мол олжаға кенелгенін айтады. Бұл – Қарқаралыдан елу шақырым жерде орналасқан Қоянды өлкесі. Үлкен табыс, қомақты кіріс іздеп, қазақ жерін емін-еркін кезген орыс көпесі саудаға жайлы мекен, құтты қонысты талмай іздеп, сондай ыңғайлы орынды осы Қарқаралы жерінен тапқан сыңайлы. Себебі, келер жылы осында қайта келіп, сауда жүргізеді де, сауда-саттық жылдағы үрдіске айналып, ел ішінде Қоянды-Ботов аталып кеткен жәрмеңке пайда болады.
Жыл сайын тынысы ашылып, өрісі кеңейген жәрмеңкенің тауар айналымы да ұлғая түседі. Оның үстіне бұл жер географиялық орналасуы жағынан да, негізгі сауда көзі – мал саудасы болғандықтан, жері құнарлы, шөбінің шүйгіндігінен де өте ыңғайлы мекен еді. «Памятная книжка Семипалатинской области на 1897 год» кітапшасында: «…1855 және 1862 жылдардағы малдың қатты қырылуына қарамастан, Қоянды жәрмеңкесінің айналымы өсе берді де, 1869 жылы жарты миллион рубльден астам көрсеткішке жетті», – деген деректер кездеседі. Саудаға салынған малдың саны жарты миллионнан асып кетеді. Мал саудасының көлемі ХХ ғасырдың басында да осы көрсеткіште болған.
Ерлан ҚҰСАЙЫН,
Қарқаралы ауданының әкімі.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің 15 тамыздағы №90 (23 266) нөмірінен оқи аласыздар.