Руханият

“Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл…”

Қазақ тұрмысында сирек кездесетін құс салып аң аулау – көнеден жеткен қызықты салт. Саятшылықтың осы түрін құстың тілін жетік білетін құсбегілер жақсы біледі. Құпиясы мен қызығы қатар жүретін саятшылық сайыстары Қарағандыда да жиі өтіп тұрады. Өткен сенбіде құстармен аң аулау және тазы тұқымды аңшы иттер арасындағы облыстық біріншілік өз мәресіне жетті. Қазақстан чемпионатына қатысуға үміткерлер анықталған сайысқа бүркіттер мен 100-ге жуық тазы тұқымдас иттерді баптаушы құсбегілер мен саятшылар жиналды.

«Саятшылар мен аңшылар асыға күтетін сәтті күн – қарын жел үрмеген сонар. Оның қызығын қыран баптап, соңына тазы еріткендер жақсы біледі. Құсбегілік – екінің біріне ермек болар өнер емес. Оның киесі де, жөні де бөлек» – дейді сайысқа қатысушы Темірәлі Төлегенұлы.

Темірәлі секілді Ұлттық ат спорты федерациясының қолдауымен өткен облыстық чемпионатқа қатысушылар алғашқы күні «Карат» ат зауыты аумағында құс салып аң аулады. Осылайша, ұлттық құсбегілік пен саятшылық дәстүрді насихаттап жүргендер арасында мықтылар анықталды. І орынды «Ақжелкен» бүркітімен Темірәлі Төлегенұлы (Қарағанды қаласы) жеңіп алды. ІІ орынды «Сарыарқа» бүркітімен Асан Әбдіразақов (Шет ауданы), ІІІ орынды «Ақбет» бүркітімен сайысқа түскен Жарас Досов (Бұқар жырау ауданы) иеленді.

Келесі күні «Қайрат» ұлттық ат спорты мектебінің аумағында қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Қансонар» аңшылар қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, кинолог Инна Назаренко және аңшы Сергей Тілекбаевтың қатысуымен тазы тұқымды иттерді тіркеу және оларға төлқұжат беру рәсімі өтті. Сонымен қатар, тазыларды жүгірту сайыстары қорытындыланды. І орынға Амантай Төлегеннің (Абай ауданы) «Майлақ» атты тазысы лайық деп танылды. ІІ орын Анна Захарованың «Джек» тазысына, ІІІ орын А.Бауыржановтың (Бұқар жырау ауданы) «Ақтөсіне» бұйырды. Ұлттық спорт түрлерінен тазы тұқымды аңшы иттер арасындағы ашық облыстық біріншілікті Нұр-Сұлтаннан келген сарапшылар бақылап, баға берді. Жарыстың бас төрешісі, «Қайрат» ұлттық ат спорты мектебінің директоры Шәризат Қазтаевтың айтуынша, біріншілік жоғары деңгейде өтті. Ұлттық спорттың жоғын жоқтап, оның кең етек жаюына үлес қосып жүрген облысқа белгілі саятшылар мен құсбегілер тегіс жиналды.

  • «Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл… Қыран бүктеп астына дәл басқанда. Құсы да, иесі де қоразданар» дейді Абай хакім. Осы бір сәтті өлеңмен бейнелегенде құсбегіліктің бүкіл болмысын ашқан. Ертең облыстық сайыстың жеңімпаздары Ұлы Абайдың елі Семейде өтетін құсбегілер сайысына аттанады. Саятшылықты жан-тәнімен сүйген бүркітшілер республикалық чемпионатта Қарағандының намысын қорғайды. Жалпы, ұлттық асыл мұраларымызды жиі дәріптесек – рухани азық алып, кемелденіп қалатынымыз рас. Оған қазақтың көне саятшылық өнері дәнекер бола алады, – дейді Шәризат Қазтаев.

Қарағандылық саятшылар Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай өтетін сайыстан қыран құстардың бабын тапқан қырағы құсбегілердің олжалы оралатынына сенімді. Олар «құсбегілік өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – міндетіміз» дейді.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button