Бас тақырып

«Бəріміз – биосфера кемесінің тұрғынымыз»

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Экология жəне табиғи ресурстар министрлігі тарапына былтыр үлкен міндеттер жүктеді. Əсіресе, Қазақстан Республикасы Экология жəне табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа экологиялық заңнаманы тиімді негізде жүзеге асыруға жəне табиғи ресурстарды барынша сақтауға қатысты бірқатар тапсырма берген еді. Арада бір жыл өтті.

Сурет: ugra-news.ru сайтынан

Мерзімді мезгіл өткесін…

Президент ірі кəсіпорындардың зиянды шығарындыларын азайту жөніндегі жоспардың іске асырылуын, сондай-ақ, осы нысандарға мониторинг жасау үшін автоматтандырылған жүйе енгізу ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Бұл тұрғыда өндірісті өңір көшбасшылар қатарында екендігі тағы аян. Осы түйткілді түйіндердің бір парасын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне тарқату мақсатында облыстық Табиғи ресурстар жəне табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев осы жылдың І тоқсанындағы атқарылған қызметі турасында ақпарат ұсынды.

Мемлекет басшысы министрлікке қарасты ведомстволық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жəне ұлттық парктердегі орман өрті ошақтарын ерте анықтау жүйелерін тезірек енгізу, сондай-ақ, орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өткен еді. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев ағаш отырғызуға қатысты ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру жəне ретсіз пайда болған қоқыс полигондары мəселесін шешудің кешенді тəсілдерін əзірлеу маңызды екеніне назар аударды. Президент тапсырмасы аясында өңірдегі ахуал қандай? Облыстың бас табиғат сақшысының айтуынша өңірдің бұл бағыттағы өмірі бірқалыпты. Тарқаталық.

Құзырлы мекеменің ережесіне сəйкес, салалық басқармаға орман, су ресурстарын, жануарлар дүниесін, табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізу, жобаларға экологиялық сараптама жасау, II, III санаттағы нысандар үшін қоршаған ортаға теріс əсер етуге тиісті рұқсат беру, сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану саласындағы бақылау бойынша 89 функцияны іске асыру жүктелген. Небары 16 қызметкерден құралған ведомствоның арқалаған жүгі батпандай екен деген ойға қала бергенімізде, басқарма қарамағында Орман жəне жануарлар əлемін қорғау жөніндегі Қарағанды, Ақтоғай, Кувское сынды іргелі шаруашылық шоғыры жəне Қарағанды су қоймалары сынды мемлекеттік кəсіпорнының бары таразы басын теңестіргендей болды. Күнделікті жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету. Ресми деректер 2024 жылдың 1 тоқсанында басқарма 291 мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның ішінде 205 мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы, сондай-ақ II санаттағы нысандарға əсер етуге 42 экологиялық рұқсат, жануарлар дүниесін пайдалануға 38 рұқсат жəне 6 орман билеті берілгендігін айғақтайды. «Президент тапсырмасын орындауда, іркіліс жоқ» деп бағамдады басқарма басшысы.

Бəсең жүріп «бəсе» дегіземіз

Спикердің сөзінше басқарма өзінің негізгі қызметін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2022- 2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде жүзеге асырады. Биылға арналған жоспар тармағында атмосфералық ауаны, су нысандарын, жер қабатын, жануарлар мен өсімдіктер əлемін қорғау, түрлі тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу жəне ғылыми-зерттеу, іздестіру жəне басқа да əзірлемелер саласында 80 іс-шараны іске асыру көзделген. Оған жұмсалар қаражат көлемі – 24,3 млрд. теңге шамасында.

– Облыстың қала мен аудандарында жеке тұрғын үйлерді газбен жабдықтау жөніндегі іс-шаралар кезең-кезеңімен іске асырылатынын өздеріңіз біліп отырсыздар. Қолданыстағы 39 тұрғын үйде үйішілік жылыту жүйесін қалпына келтіру мəселесі де бақылауымызда. Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалалары мен Ақтоғай, Қарқаралы, Абай, Бұқар жырау, Шет, Осакаров аудандарында кəріз тазарту құрылыстарын салу жəне реконструкциялау ісі де кешеуілдемеуі қажет. Қарағанды қаласында ұзына бойы 12 шақырымды құрайтын нөсер кəріз жүйесін салудың да тұрғындар үшін өмірлік маңызы зор, – деп бір тұжырды ойын Бахтияр Жұматайұлы.

Шыны керек, бүгінде алдымен тозған жүйені не жаңадан салу, не оңдау саясаты іске асқалы бері жергілікті жердің өміріне өң кіріп қалғаны жасырын емес. Мəселен, Тихоновка, Тоғызқұдық, Жастілек, Қарасаз бөгеті, Таңатбай, Ақтұмсық, Мұхтар су қоймасы Ақжар сынды 8 су нысанын күрделі жөндеу өңірдегі ахуалды тұтастай жақсы жағына өзгертетінін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. «Су – тіршілік көзі» дейтін болсақ, ұзындығы 17 шақырымдық Үлкен Бұқпа, Тоқырауын, Нұра өзеніндеріне санация жүргізу – қауіпсіздікке қорған. Ал, Балқаш аумағында орналасқан бірқатар бұзылған жерлерді рекультивация лау жер қабатына деген қамқорлық амалының бір парасы деп бағамдарлық. Балқаш қаласы мен Қарқаралы, Абай, Бұқар жырау, Нұра аудандарында тұрмыстық қалдық полигондарының құрылысын бастауға қажетті қаражат көзі қарастырылған. Бір ғана арнаулы контейнерлерді орнатуға жəне контейнерлік алаңдарды жайлас тыруға 1,4 млрд.теңге сарп етілмек. «Иə, мұндай кешенді істер легінде «əсте-əсте» қағидатын қолданған ұтылмайды. Өйткені, бір ебедейсіз қателік алдымен дүрбелең, онан соң халық наразы лығын тудырады. Асықпау қажет», – деді спикер.

Көкейдегі көп жайлар…

Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері, облыстың төмен көміртекті даму жоспары, коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламалары байыппен əзірленуде. Мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 127 039 га құрайды. Кешенді жоспарға сəйкес, 5 жыл ішінде орман қорының аумағына 1750 гектар жерге 4,2 млн. дана көшет егу жоспарланған. Биыл 619,7 га алаңда 1272 мың дана көшет егу көзделді. Осы жылы көктемгі ағаш егу науқаны барысында 223 гектар жерге 614,23 мың тал егілді. Тəртіп бұзушылық та жоқ емес, əрине. Заң бұзушылық жайттарын анықтау бойынша 37 рейд жүргізілді.

– Президент экологтар қауымдастығының материалдық жарағына да терең мəн бергендігі бұқараға белгілі. Жоспарымызда қосымша 4 бірлік патрульдік көлік, 2 өрт сөндіру, 1 роторлы шөп шабатын машинасын, 1 трактор питомниктік орман алқабына арналған автомашина түрін сатып алу межеленді. Теміртау, Шахтинск сынды қалалық жерлерде орман өртін ерте анықтау жүйесін орнату жоспарлануда, – деді ведомство басшысы.

Спикер балық шаруашылығы су айдындарын бекіту бойынша үш учаске бойынша конкурстар өткізіліп, жеңімпаздар анықталғандығын қоса хабарлады. Биыл Қарағанды облысының су айдындарын балық отырғызу материалымен 737 510 дана сазан сеголеткасымен қоректендіру жоспарлануда. Сондай-ақ, балық шаруашылығы су айдындарының тізбесінде жоқ 18 су айдынында ғылыми-зерттеу жұмысы (паспорттау) жүргізіледі. 2024 жылғы 4 мамырда Мемлекеттік мүлік порталында www.gosreestr.kz Қарағанды облысының резервтік қорының 14 аңшылық алқабын бекіту бойынша конкурс жарияланды.

Сыбанған білек мақсатқа жетеді

Брифинг соңында сөзін қорытындылаған Бахтияр Санбаев табиғатты пайдалануды парасат аясында үйлестіру мен басқару қазіргі қым-қуыт қоғамның ажырамас бөлігі ғана емес, сонымен бірге, болашақ ұрпақ үшін моральдық міндет болып табылатындығын қаперге салды. Инновация, білім жəне ынтымақтастық арқылы біз болашақ ұрпақ үшін планетамыздың байлығын сақтай отырып, ресурстарды тұрақты басқаруды қамтамасыз ете аламыз. «Табиғатқа ұқыпты қарауға деген адалдығымыз жер шары мен оның барлық тұрғындары алдындағы жауапкершілігіміздің айқын бір дəйегі алға тартқан қызметіміз! Ал сыбанған білек, алға ұмсынған қол мақсатқа жетеді» деп аяқтады сөзін спикер жолдас.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button