Арқада – сәнгерлер байқауы
23-25 наурыз күндері Қарағандыда жас сәнгерлер мен зергерлердің байқауы өтеді. Қала тұрғындары «Достық үйінде» өтетін байқауды тамашалап қана қоймай, үздіктерді анықтауға атсалысады.
Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі мұрындық болған байқау халықаралық «Fashion House International Kazakhstan» және Қазақстан қолөнершілер Одағының қолдауымен өтеді.
Қазылар алқасы сән, дизайн, киім, зергерлік және сәндік-қолданбалы өнер саласындағы жас таланттарды анықтайды. Байқауда жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру, кәсіби жағдайын жақсарту көзделген. Сондай-ақ, әлеуетті серіктестер мен жұмыс берушілер базасы құрылып, өз ісінің мамандары анықталмақ.
Жеңімпаздар 22-24 сәуірде Алматы қаласында өтетін халықаралық «Fashion House International Kazakhstan» байқауына жолдама алады.
Ең үздік сәнгерге 100 мың теңге сыйақы беріледі. Сонымен қатар, ерекше үлгілерімен көзге түскен сәнгерлер мен зергерлерге жұмыс орындары ұсынылады.
Аяулым СОВЕТ