Қарағанды

Апталықта – асқақ рух

     Қарағандыдағы №86 жалпы білім беретін орта мектепте жыраулар поэзиясының жалауы желбіреді. Асан қайғы, Қазтуған, Ақтанберділерден бастап, Бұқар жырау, Шортанбайға дейінгі жыраулар мұраларының інжу-маржандары қазақ тілі мен әдебиеті апталығының қорытындысында «Бабамнан қалған мұра едің» атты әдеби-сазды кештің өзегіне айналды.

Алаш әдебиетіндегі Абайдан кейінгі данышпан Шәкәрім Құдайбердіұлы «Ескі ақындық» жырында: «Ескі ақын бізден әлі артық, Тақпақ пен мәтел тағы артық, Суырып салма жағы артық. Айтады олар ойланбай: Сыпыра жырау, Шортанбай, Үмбетей мен Марабай – Жел жетпейтін құландар!» – деп жыраулар поэзиясын жоғары бағалайды. Сол баға әлі күнге биігінен түспегенінің бір дәлелі – аталған мектепте өткен осы кеш. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Маржан Ғабдуллина ұйымдастырған шарада жоғары сынып оқушылары Қазтуған Сүйінішұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Жиембет, Ақтанбердінің жалынды жырларын жатқа оқыды. Арасында мектеп оқушыларының орындауында Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйі мен Сүгірдің термесі сияқты өршіл рухтағы шығармалар шырқалды.

Жырын құран, топырағын тұмар қылған жыраулар мұрасы бүгінгі күннің басты мұратымен астасып, асқақ рух пен елге, жерге деген зор сүйіспеншілікке баулиды. Ендеше, өскелең ұрпақ «Жайлауыңды көргенде, Жадыраймын, жайланам. Өксігіңді ойласам, ұйқы беріп, қайғы алам. Көл қорыған қызғыштай, сен десе салам байбалам. Мендей сені қызғанар, Бауырыңда өскен қай балаң?!» деген Дулат Бабатайұлы сияқты бабаларының жырларын жүрегіне сіңіріп, елі мен жеріне елеңдеп өссе – келешегіміз кемел деген сөз.

Әнел САҒАТ,

86 мектептің 8 «ә» сынып оқушысы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button