Қаныштың қолжазбасы
Мынау жиегінің жұлым-жұлымы шыққан, қағазының өңі өзгере бастағанымен, әлі оқуға болатын Қаныш Сәтбаевтың қолжазбасы Жездідегі М.Төрекелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінде сақтаулы тұр.
Жас геологтың жіті назары Қарсақбайдан «қозыкөш» жердегі Жезді кен жүлгесіне бірден түскен сияқты. «Нарсай» мен «Найзатастың» маңайына бұрғы бойлатып, браунит (марганецтің техникалық атауы — авт.) кенінің қоры барын анықтайды. 1936 жылы 3 ақпанда қағазға түскен жоғарыдағы жазбасында геологиялық-барлау жұмысын жүргізудің жай-жапсарын «жіліктеп» жеткізеді: қай жерге қандай бұрғылау қондырғысын қою мен қанша тереңдікте ұңғыма өту керектігін, тіпті бұрғылау тәсілін де көрсетеді. «Үлкен Жезді» өзенінің аңғарында жатқан марганецтің қоры түбі бір кәдеге жарайтынын түйсінген сыңайлы.
Ұлы Отан соғысының бастапқы кезінде болат қалқан (бронь) беріктігін нығайтатын шикізат қоры жау қолында қалып, майданға марганец қажеттігі ауадай артып, жау алқымнан алған алмағайып тұста ол нақты айғақ, дәйекті дәлелмен қор комиссиясының күмәнді күдігін сейілтеді. Жезді тағдыры қалай шешілгені тарихтан белгілі…
Әлібек ӘБДІРАШ.
ҰЛЫТАУ ауданы.