Бас тақырып

Анкарада “Алаш туы астында” деректі фильмі көрсетілді

Анкара қаласындағы Ұлттық кітапханада “Алаш туы астында” деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Көрсетілімді Түркия қазақтарын біріктірген “Көкту” қазақ мәдениеті қоғамы ұйымдастырды.
Тұсаукесерге Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы, Кітапханалар және басылымдар бас директорының орынбасары Яхия Өзен, профессор, доктор Хулия Касапоглу Ченгел, профессор, доктор. Әбдуақап Қара, доцент, доктор Джемиле Кынаджы, Түріксойдағы Қазақстан өкілі Асқар Тұрғанбаев, түрік зиялылары, қазақстандық студенттері қатысты.
Беташар сөзінде Қазақстан елшісі Абзал Сапарбекұлы желтоқсан айының қазақ ұлты үшін ерекше маңызы бар екендігіне тоқталып,   Алаш қозғалысы жөнінде түсірілген ең ауқымды фильмді  Түркияда көрсеткен “Көкту” қоғамына алғыс айтты.
 “Ұлт азаттық күрес жолында Міржақып Дулатов “Оян, қазақ!” деген болса, Қазақстан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев” Оян, түркі әлемі! ” деп шақырады”,-деді өкілетті елші. 
“Алаш ұлттық қозғалысын бастаған зиялылар тек қазақ даласының еркіндігін ғана ойлаған жоқ, олар бүкіл Орталық Азияның болашағын ойлады. Тәуелсіз мемлекет құра алмаса да, тәуелсіз мемлекетте болуы қажет барлық шешімдерді қабылдады”,-деді елші. 
Алаштанушы ғалым, профессор, доктор Хулия Касапоглу Ченгел болса өз кезегінде қазақ ұлт азаттық күресі өкілдері мен түріктің ұлт азаттық күресін жүргізген тұлғалар арасында өте жақын ұқсастық бар екенін атап көрсетті.
“Олар – бірдей рух, бірдей тебіреністің тұлғалары. Қазіргі күні Сталин өз туған жерінде ұмытылған кезде, Алаш зиялыларын бүкіл түркі елдері әспеттеп еске алады”,- деді ғалым. 
Профессор,  доктор Әбдуақап Қара Алаш қозғалысының мәні мен маңызының тереңде жатқанына тоқталды.
“Арада 100 жыл өтсе де, болашак ұрпақ оларды толық түсінуге әлі де талпынуда”,-деді ол. 
Деректі фильм Анкара тұрғындары, зиялы қауым өкілдері мен жас зерттеушілердің көңілінен шықты.
Айта кетелік,  ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ пен «Ел» продюсерлік орталығы бірлесіп түсірген Алаш қозғалысы туралы сыр шертетін «Алаш туы астында» деректі фильмі «Оян, қазақ!», «Жарияланбаған автономия» және «Қатерлі өткел» деп аталатын үш бөлімнен тұрады.

Фильмді түсіру тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университетінде, Уфадағы мемлекеттік мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізген.

Фильмнің қоюшы режиссері – Ерген Тоқмурзин. Фильмнің бас кеңесшісі  – Мәмбет Қойгелді, сценарий авторы – Болат Мүрсәлім, қоюшы оператор – Мұстафа Өнер, композитор – Бейбіт Акош.  
Ләззат Қожахметова
Анкара

Басқа материалдар

Back to top button