Жаңалықтар

Қанаты – алтын, қаламы – күміс

00

Былтыр  облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығы жайлы жазған ақсарбас ақпарда «сұңқар құс теңіз түбінен маржан жеген балықты іледі» деп жазған екен әріптесіміз. Биыл да сол тәмсілді қайта есімізге түсірдік. «Алтын сұңқарды» – Алаштың ақиық ақыны Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ алып тұрғанда! Сұңқар – балықты ілсе, Ақсұңқарұлы – халықтың сөзін айтқаны үшін! Сұңқар – маржанды ілсе, Ақсұңқарұлы – Мағжанды айтқаны үшін! Сұңқар – тегін қыраннан таратса, Ақсұңқарұлы – Тұраннан ту көтергені үшін!

«Алтын сұңқар» – Ақсұңқардың Серігінде!

Төртінші биліктің төл мерекесін төңірекке таныстырып жатқанымыз әбестік болар. Ақмылтық журналистеріміздің сілтеген қаламы сілтідей тиіп, қоғамның қотыр дертінің дауасын қолға қойғандай қылар еді. Сол еңбектерінің өтеуіндей «Алтын сұңқар» сыйлығын табыстап келе жатқан бірден-бір облыс екенбіз. Ұзағынан сүйіндірсін.

Биыл да үміткерлерді үздіктіріп, үздіктерді үкілеп қайттық. Үміті ақталмай, бап болмай, бақ қонбай жатқан әріптестерге қарап, сыйлықтың жылдан-жылға ауқымын кеңейтіп, қорын қомақты ете түссе деген ниет те жылт берді.

Аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков өзі қатысып, ақиқат пен ақпараттың алдаспан өкілдеріне ақжарма тілегін жеткізді.

– Кез келген ақпарат, ең алдымен, ұлт мүддесі мен ұрпақ үлесін бірінші кезекке қояды. Кішкентай ақпараттың өзі  – мемлекет қауіпсіздігіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап,  ақпарат саласына ерекше мән беріп, қамқорлық көрсетіп келеді. Мемлекет Басшысы айтқандай, «Ақпараттық сала – ұлттық өлшемнің бөлінбес бөлшегі». Яғни, әрбір ақпарат құрал­дарының өкілдері бұқара мен биліктің арасындағы елші, – деді.

Сөздің киесін сезініп, жүйесін тауып сөйлеу – екінің біріне бұйырмас енші екенін аймақ басшысы құттықтау сөзінде тілге тиек етті. Ендеше, «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» елшілерді қалай құрметтесе де жарасып тұр. Қанаты – алтын, қаламы – күміс сұңқарларды тұғырларына қондырар болсақ:

«Мамандыққа адалдығы үшін»  аталымы бойынша  – журналистика ардагері, Айқын Ескермесұлы НЕСІПБАЙ үздік деп танылды.

«Белсенді өмірлік ұстанымы үшін» аталымына «Саран газеті» басылымының тілшісі Нұрбану Сағынтайқызы БАЙМҰХАМБЕТОВА лайық шықты.

«Объектив шебері» аталымы бойынша мәреге – республикалық «Астана» телеарнасының бейнеоператоры Мақсұт Жалмаханұлы САРАБАЕВ саңлақ келді.

«Ауыл тақырыбын үздік жариялау» аталымы бойынша – аудандық «Қарқаралы» газеті редакторының орынбасары Аян Сәулебайұлы КИЗКИН марапатталды.

«Әлеуметтік тақырыпты үздік жариялау» аталымы бойынша – облыстық «Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының редакторы Светлана Васильевна ЩУЛЬЦ тұғырдан көрінді. «Өндіріс тақырыбын үздік жариялау» аталымы бойынша «Вечерняя газета» (Теміртау) газетінің тілшісі  Лидия Николаевна ФРОЛОВАНЫҢ шашасына шаң жұқпады.

«Алғашқы табыстары үшін» аталымы бойынша  «5 арна» телеканалының тілшісі Алина Маратқызы АҚБАЕВА жүлдегер деп табылды.

«Жылдың үздік шығармашылық жұмысы» аталымы бойынша – «Новый вестник» газетінің тілшісі Анастасия Владимировна МАШНИНА қара үзді.

«Мәнер мен атқарымдылық үшін» аталымы бойынша аудандық «То­қырауын тынысы» газетінің корректоры Алия Ғалымқызы ИБРАЕВА лайық десті.

«Еңбек адамы» тақырыбын үздік жариялағаны және насихатта­ғаны үшін» аталымы бойынша «Сарыарқа» газеті (Жезқазған) бас ре­дак­торының орынбасары Сара Кәрімсаттарқызы СМАҒҰЛДЫҢ бағы шапты.

 

«Асқар таудың сол бүркіт, ылдидағы аңын шалар ма?» дегендей – бас жүлде, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығы – Серік Ақсұңқарұлында! Алаштың айбарын асырған ақынға сыйлықты облыс әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы өзі табыстады.

Мирас АСАН,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button