Қанаттың жұдырығында – қазақтың мерейі

      Қанат қазақтың мерейін және бір мәрте аспандатты. Сенбі күні кәсіпқой бокс мансабындағы кезекті қарсыласымен кездескен Қанат ИСЛАМ бірінші раундта-ақ тағы бір жарқын жеңісіне қол жеткізді.

Бұл жолы күрзі жұдырықты қандасымызға бразилиялық Робсон Ассис қарсылық танытуға тырысып көрді. АҚШ-тың Делавэр штатының Уилмингтон қаласында өткен жекпе-жектің алғашқы раундында Қанат Робсонды сұлатып түсірді.

Жекпе-жекті тамашалағандар жақсы біледі, Қанаттың раунд басында-ақ оң қабағы жарылып, жүзін қан жуып кетіп еді. Алайда, боксшымыз батырға тән мінез танытып, кездесу тізгінін өз қолына ала білді. Өзінің һас шеберлігін танытып, Робсонды құлатты.

Осы кеште меценат, Қанаттың қолдаушысы Бауыржан Оспанов та ринг маңынан табыла білді. Отандасымызды айшықты жеңісімен алғашқы құттықтағандардың да бірі сол болды.

Қазір Қанат «WBO Intercontinental» және «WBA Fedelatin» тұжырымдары бойынша бірінші орта салмақ деңгейінің (69,9 келіге дейін) чемпионы. 2012 жылы кәсіпқой боксқа ауысқан қазақ боксшысы 23 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, оның 19-ын нокаутпен ұтты. Ал, бразилиялық Робсон 16 мәрте жеңіс ауылына ту тігіп, 4 рет жерге қараған екен.

Осы бокс кешінде даңқты кіші Рой Джонс канадалық Бобби Ганнды техникалық нокаутпен жеңіп, «WBF» тұжырымы бойынша 90,71 келіге дейін салмақта чемпион атанды. 8-ші раундтың басында Бобби әрмен қарай жұдырықтасудан бас тартты.

Сөйтіп, кездесу соңында Қанат қазақтың қоңыр тақиясын киіп, Көк Туды жамылып шықты. Жойқын соққысының арқасында Алаштың мейманасын асырды. Қанаттың жұдырығында – қазақтың мерейі!

Нұрқанат ҚАНАФИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.