«Алжыған ғасыр» кітабының тұсауы кесілді
Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Алашқа белгілі қаламгер Төрехан Майбастың «Алжыған ғасыр» кітабының тұсаукесері өтті. Шараға қазақ даласының түпкір-түпкірінен қаламдас достары арнайы келді. Сонымен қатар, құрметті қонақтар қатарында Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшелері де бар.
Қазақтың тарихын, қазақтың қоңыр күй кештіретін әңгімесін мазмұнына арқау еткен су жаңа кітаптың лентасы дүйім жұрттың алдында қиылды. Бұл рәсімді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков пен ақындар Жұмағали Қоғабай және Қайырбек Сәдуәқасов атқарды.
Ал, кештің шымылдығын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нілдібаев ашты. Ол басқарма басшысы Еркебұлан Жұмакеновтың құттықтау хатын жеткізді.
– Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесі – 70 жасқа алып жетті. Сіз осы кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келіп отырсыз. Терең пайым, толғаныс пен ішкі сезім арпалысына толы, ұлттық қанықбояумен суарылған, шежірелік аңыздар, дүниетаным иірімдері қанық еңбектеріңіз рухани әлем әдебиеттің нағыз жанашыры екендігіңізді танытты. Лайым қанатыңыз талмай, қажыр-қайратыңыз арта берсін. Алдағы уақытта да еселі еңбегіңіз берекелі болып, қалам сертін қалтқысыз атқара беруіңізге тілектеспіз, – делінген құттықтау хатта.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz