Тұлға

Алып (Заң ғылымдарының патриархы Салық ЗИМАНОВ хақында)

«…ТУҒАН ЖЕРДІҢ ӘРБІР САЙЫ МЕН ҚЫРҚАСЫ, ТАУЫ МЕН ӨЗЕНІ ТАРИХТАН СЫР ШЕРТЕДІ. ӘРБІР ЖЕР АТАУЫНЫҢ ТӨРКІНІ ТУРАЛЫ ТАЛАЙ-ТАЛАЙ АҢЫЗДАР МЕН ӘҢГІМЕЛЕР БАР. ӘРБІР ӨЛКЕНІҢ ХАЛҚЫНА СУЫҚТА ПАНА, ЫСТЫҚТА САЯ БОЛҒАН, ЕСІМДЕРІ ЕЛ ЕСІНДЕ САҚТАЛҒАН БІРТУАР ПЕРЗЕНТТЕРІ БАР. ОСЫНЫҢ БӘРІН ЖАС ҰРПАҚ БІЛІП ӨСУГЕ ТИІС».

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласынан.

Ертең – ерекше күн. Бізге заң ғылымының корифейі, академик Салық Зимановтың 100 жылдық мерейтойының куәгері болу нәсібі бұйырған екен. Салық Зиманұлы – қазақ байтағының біртуар азаматы. Заңғар заңгердің елімізге, мемлекетімізге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сондықтан да, ел Президентінің пәрменімен бұл айшықты дата елімізде кеңінен аталып өтіп жатыр. Үлкен деңгейдегі конференциялар, жиындар, симпозиумдар соның куәсі. Баспасөз бетінде көптеген мақалалар мен эсселердің, кітаптардың жарық көруі – осының айқын айғағы. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген аталы сөз осындайда ойға оралады.

Көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Салық Зиманов осыдан бір ғасыр бұрын ақпанның 19-ы Гурьев қаласында (қазіргі Атырау) дүниеге келген. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарында қолына қару алып, майданға аттанады. Оқ пен оттан аман оралған соң облыстық, республикалық прокуратурада тергеуші болып қызмет етеді. 1948 жылы Ғылым академиясындағы қызметін бастап, сол жылы Бүкілодақтық заң институтын тәмамдайды. 1948-1950 жылдары аспирант атанып, 1950 жылы құқық секторының меңгерушісі, 1951-1952 жылдары философия және құқық секторының бірінші жетекшісі, 1952-1954 жылдары Алматы заң институтының директоры, 1955-1956 жылдары ҚазМУ-да заң факультетінің деканы, 1958-1969 жылдары ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтының директоры, 1976-1977 жылдары ҚазКСР ҒА Төралқасының бас ғылым хатшысы, ҰҒА Мемлекет және құқық институтын ұйымдастырушысы қызметін атқарады. 1950 жылдан осы институттың Мемлекет және құқық теориясы мен тарих бөлімінің жетекшісі, 1991 жылдан оның құрметті директоры, 1992-1994 жылдары ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты болды. Салық Зиманұлы қазақ елінің мемлекеттілік негізі – тәуелсіздік пен егемендікке қол жеткізуі әрі оның ғылыми-теориялық және парламенттік негіздерін нығайту жолында нәтижелі еңбек етті. Ғылыми мүдделері саяси және құықтық жүйелердің, федеративтік мемлекеттің, конституциялық құқықтың, мемлекеттік құқық пен саясаттанудың теориясы мен тарихын қамтиды. Академик 200-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектерін, оның ішінде 12 монография жазған.

Күні ертең еліміздің бас қаласындағы Л.Гумилев университетінде тұғыры биік тұлғаға арналған конференция басталады. Әріптестерім менің де сол басқосуға қатысып, Салық Зиманов мұрасы жайлы, ғылыми еңбектерінің өміршеңдігі турасында пікір білдіріп, баяндама жасауымды сұраған болатын. Ұлы тұлғаның мол мұрасын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Ол кісінің кісілік келбетін, энциклопедиялық өресін, азаматтық асқақ рухын қалай ашуға болады деген ой мені қатты толғандырады.

…Мен бүгін ол кісінің бір қырына тоқталғым келеді. Әрбір ұлы адамға тән мәрттік қасиетті негізге ала отырып, заң ғылымына, ел парасаты мен өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан ғалымның екі-үш әрекетін безбендеп, суреттеп кетсем деймін.

Салық Зиманов – талай ұрпаққа қызмет ететін құнды еңбектерді жазумен ғана аты шыққан ғалым емес, сонымен қатар өзі басында тұрған үлкен заң ғылымының қазанында біте қайнасқан әріптестерін де ұмытпай, олардың еселі еңбектерінің насихаттаушысы да бола білді. Мәселен, Тайыр Күлтелеев пен Савелий Львович Фукс мұраларының тасада қалып қоймауына қазақстандық заң ғылымы атасының сіңірген еңбегі зор екенін айтпай кетпеске болмас. Тайыр Молдағали Күлтелеевтің «Уголовное обычное право казахов» (Алматы: Наука, 1955) Савелий Львович Фукс. Обычное право казахов в XVIII – первой половине XIX века. (Алматы, Наука, 1983) атты іргелі еңбектерінің жарыққа шығуына зор үлес қосты.

Т.Күлтелеев 1911 жылы Астрахан облысы, Марфа ауданы, Шагано-Кондаковка ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 9 жасынан бастаған. Ол 1926 жылдан 1930 жылға дейін интернаттың тәрбиеленушісі болып Астрахан медициналық институтының жанындағы рабфакта оқыды. 1931 жылы ҚР іссапары бойынша ВЛКСМ Саратов қаласында адвокаттар курсынан өтіп, соңынан Төменгі-Еділ өлкелік сотының жанында адвокат болып жұмыс істеді. 1932 жылы Тайыр Молдағалиұлы Саратов заң институтына жіберіліп, оны 1935 жылы үздік бітірді. Ол осы жылдың күзінен 1938 жылға дейін Ленинград заң институтында қылмыстық құқық кафедрасында аспирантураны ойдағыдай аяқтайды. 1939 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды.

Ол өз жұмысын қылмыстық құқық кафедрасының доценті ретінде бастады. 1940 жылдың сәуірінен бастап Т.М.Күлтелеев осы институттың директоры болады. КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалының Қазақ КСР Ғылым академиясына айналуымен (1946 ж.) Қазақстанда алғашқы ғылыми-зерттеу заң мекемесі – Қазақ КСР Ғылым академиясының құқық секторы құрылды және Т.М.Күлтелеев осы мекеменің басшысы ретінде жіберілді. Мұнда ол өмірінің соңғы күндеріне дейін жұмыс істеді. 1953 жылы ақпанда қайғылы жағдайда қайтыс болды.

Т.Күлтелеевтің ғылыми қызығушылығының ортасында қазақтардың әдеттегі құқығының мәселелері: оның табиғаты, құрылымы, Кеңес үкіметі жағдайындағы әлеуметтік қызметтері мен тағдыры тұрды.

Т.Күлтелеевтің 40-шы жылдары жарияланған бірқатар мақалалары әлі күнге дейін танымдық және ғылыми құндылығын жоғалтқан жоқ. Оларға, «Қазақстандағы кеңестік қылмыстық заңнаманың даму тарихы туралы», «Мұхтар Әуезов романындағы қазақ жай құқығының мәселелері», «Абай», «Қазақ КСР заң ғылымы мен білімі 30 жыл ішінде және біздің міндеттеріміз», «Қазақстандағы заң ғылымдарының маңызды міндеттері» деп аталатын жұмыстары жатады. Өмірінің соңғы жылында (1953 ж.) Т.Күлтелеев «Қазақтардың қылмыстық құқығы (Қазақстанның Ресейге қосылған сәтінен бастап Кеңес үкіметінің орнатылуына дейін)» атты ірі зерттеуді аяқтады.

Ал, аталған монографияда 20 жылға жуық уақыт ішінде проблеманы зерттеу нәтижелері жинақталған. Бұл осындай бағыттағы жұмыстың бірінші туындысы. Міне, осы ғылыми жұмысты аяқтаған Т.Күлтелеев бұл еңбегінің жарыққа шығып, оқырманға жетуін көре алмай кетті. Тосын апаттан қайтыс болған ғалым еңбегінің жарыққа шығуына Салық Зиманов үлес қосып, атсалыспаса, заң ғылымының қазанында қайнамас еді. Академик осы еңбекті өзі редакциялап, алғы сөзін жазып, бар ұйымдастырушылық мәселелерін шешіп, халық игілігіне ұсынады. Кітап үлкен резонанс туғызды, заң ғылымындағы іргелі еңбек деп бағаланды. Шыққан тираж бір жылға жетпей таралып кетіп, баға жетпес құндылыққа айналды. Ғалым есімі мәңгілік қалды. Т.Күлтелеевтің осы еңбегі әдет-ғұрып заңдарын зерделеуші заң тарихын жазушылардың назарынан ешқашан тыс қалған емес. Осы кітаптың шыққанына 55 жыл өткен соң 2004 жылы осы жолдардың авторының аталмыш монографияны қайта басып шығару туралы ұсынысын қолдап, алғы сөзін Салық Зиманов өзі жазып берген еді. Кітап сол жылы Қарағандыда «Болашақ-Баспадан» 500 данамен шығып, аз уақытта бестселлер болды.

Савелий Львович Фукс (1900- 1976) – Қазақстан мемлекеті мен құқығы тарихының негізін салушылардың бірі. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында Алматы мемлекеттік заң институтында бірінші болып Қазақстанның мемлекеті мен құқығының тарихы туралы дәрістер оқи бастады және тарихи құқықтық ғылымның осы саласында бірінші болып докторлық диссертация дайындап, қорғады.

Фукс өзі үшін де, барлық адамзат үшін де тарихтың жаңа қырын – қазақтардың көшпелі мемлекеті және олардың Қазақстанның Ресейге қосылуына дейін де, сондайақ қосылу кезеңіндегі де көшпелі өркениетінің құқықтарының әлі де зерттеле қоймаған әлемін ашып көрсетті.

Ұлы Отан соғысы жылдары Алматыда болып, көпшілік біле бермейтін тарихи көздермен танысқан ол, тарихтың белгісіз қабаттарына қызығушылық танытты және Украинаға келген соң да оны қалдыра алмады. Фуксқа өткен жүзжылдықта ресейлік оқымыстылар, саяхатшылар, қазақ қоғамының тұрмыстық өмірін бақылау әкімшілігінің өкілдері жинақтаған қазақтардың әдеттегі құқығы туралы бай, бірақ жан-жақта шашылған материалдарды қорытындылау, мәнін түсіндіру, жүйелеу тарихи миссиясы жүктелді.

С.Фукстың 1948 жылы Мәскеуде қорғаған докторлық диссертациясы таңдалған бағыт бойынша атқарылған көпжылдық белсенді жұмыстардың қорытындысы іспетті. 1980 жылдардың басында бағасын алмаған бұл еңбекті де Салық Зиманов қолға алып, жарыққа шығарды. Халқымыздың өркениеттегі өзіндік орнын көрсететін ғылыми жұмыс ғалымның тікелей атсалысуының арқасында мәңгілік биігіне көтерілді. Арада жылдар салып профессорлар С.Ударцев, Ш.Тлепина және осы жолдардың авторы Санкт-Петербургте аталмыш кітаптың толық нұсқасын оқырманға жеткіздік.

Қоңыр күз еді… Салық Зиманов ағай Қарағанды қаласына сапарлап келді. «Болашақ» университетінде дәріс оқыды. Оқу орнының №215 С.Баймұрзин атындағы дәрісханасына заң, құқық саласына маманданушы студент жастар, ғалым-мамандармен қатар, аты аңызға айналған адамның жарқын дидарын көруге, аталы сөзін тыңдауға талап білдірген басқа саланың өкілдері де лық толды. Зерделі ғалым жиналғандар алдында бүгінгі, тәуелсіз мемлекеттің заң саласының қалыптасу, даму барысы, жалпы қоғамның күн тәртібіндегі маңызды мәселелері, оны шешу жолдары туралы кең көлемді әңгіме қозғады.

Жылы шуақты жүздесулерден соң негізгі жұмысының жай-жапсарын баян етті:

– Мен ертең Ақжалға – өмірлік жарым Шәрбан Батталованың есімі берілген мектепке жүремін. Шәрбан менің жұбайым, балаларымның анасы ғана емес, ең бірінші кеңесшім, досым болды. Оқыған-тоқығаны мол, көргені көп апаң менің бар жағдайымды жасап, үйдің шырайын, отбасының берекесін келтіруден ешқашан айныған емес. Ұзақ жылдар бойы қаншама адамдармен, жақсы-жайсаңдармен дәмдес-тұздас, сыйлас болып, туыстай араласып кетуімнің түп-төркіні де осы Шәрбанның алымдылығының, кішіпейілдігі мен кеңпейілдігінің арқасы еді…

Оның туған жерге, ағайынтуысқа деген ықыласы, құрметі де ерекше болатын. Өскен елін, ұшқан ұясын әркез ілтипатпен еске алып, мейірім шуағымен алқап отыратын. Өзі – Керней руының Түйте атасынан ғой. Жарылғаптай батыр, Құлжанбектей болыс, Бәйсейіттің Нұрланындай мырзалар, Дия қажы сияқты ғұламалар шыққан текті тұқым. Соның бәрі-бәрін тағылымды әңгіме етіп өрбітіп, кейінгі жас буынға өнеге етуден жалықпайтын.

Алда-жалда ел жаққа жол түсе қалса, сонау Мойынтыдан асқан соң Жарық станциясына дейін пойыз дәлізіне шығып алып, сағым буған сары далаға ұзақ қарап, алабұртып отыратын. Туған жерінің әрбір бел-белесін, тау-тасын танып, онда өткізген балауса күндерін еске түсіретін болуы керек. Мүмкін нәубет жылдардың жазылмас жарасы мазалар. Біз, мен, балалар бар, мұндай сәттерде оның ойын бөлмеуге, мазаламауға тырысатынбыз.

Тегі біздің алтын қазығымыз, тұғырымыз – туған жер мен туған ел ғой. Тіршілік иінінде көп жылдар бойы туған жеріне бара алмай кеткен еді. 1992 жылы Ақжолтай Ағыбай батырдың торқалы тойына арнайы шақырылған екен. Содан елімен, ауыл адамдарымен қауышып, бір жасап қайтқан жарқын жүзі күні кешегідей есімде…

– Ертеңгі сапар жөнінде аудан басшыларына айтпа, әкім-қаралардың қажеті жоқ. Мен бұл жолы академик Зиманов емес, Ш.Батталованың жары, сол елдің күйеу баласы ретінде бара жатырмын. Серік қылып Жамбыл ағаң (Ақылбаев – авт.) мен өзіңді ғана алсам ба деп отырмын, – деді.

– Ертеңіне Ақжал кентіне сапар шектік. Бізді Жақсы Жәкеңнің – Жанғұтты бидің ұрпағы Мейрам Баданов бастаған ауыл, ел азаматтары ілтипатпен қарсы алды. Химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Шәрбан Батталова есімі берілген мектепті аралап көрдік. Мұнда атқарылып жатқан игілікті шараларға көңіл тоғайттық. Салық ағай қанағат сезімімен:

– Бұл істің басы-қасында Ералы (Тоғжанов) екеуің жүрдің ғой. Апаларыңның аруағы разы, мен де ризамын. Қолдан келген көмегімді, қамқорлығымды аямаймын. Қандай мәселе болсын айтып, хабарласып тұр,– деді сөз түйінінде.

Ел іші қашанда кеңқолтық, пейілге бай ғой. Ардагер ағамен кездесу барысында түрлі айта жүрер әсерлі оқиғалар да көп болды.

Әдеттегі амандық-саулық ба­рысында бір ширақ кейуана суырылып шығып:

– Жездеке, 90-ға келіп қалдың. Жасы ұлғайған адамға отбасында шүйіркелесіп, шай ішіп отыратын адам өте керек. Біз де біраз жасқа келдік, әмеңгерлік жолмен апамыздың орнына біреуімізді аламын десең, басымыз бос, дайынбыз,- деп айтып қалды.

Жиналған қауым күлкіге қарық болып жатыр. Ал ағамыз әзіл-шыны аралас айтылған бұл сөзге де мән беріп, орнықты жауап қатты:

– Шынында да, балдыздарымның арасында әлі де болса сыны кетпегені баршылық екен, ойланып көрем бе?!.

Кентте жаңа балабақша ашылып жатыр екен. Ағай мұнда да арнайы барып, жас жеткіншектерге аталық батасын берді. Осы жерде де бір оқыс оқиға орын алды. Бір атты жігіт арындап келіп, ат үстінен: «Әй, жездеке, жағдайың қалай?» деп қойып қалды. Біз оның бұл қылығын аса оғаш көрген едік, ағай соншалықты көңіліне алмады. Жайдары қалпын бұзбай, жақсы жауап берді. «Имеет право» деп бір ауыз сөзбен қайырды.

Бұл сапардан ағамыз үлкен әсермен қайтты. Өмірлік серігі Шәрбан Батталова есімін мәңгі есте қалдыру, оның есімі берілген оқу орнындағы игілікті іс-шараларға қатысты ел азаматтарына ризалығын білдірумен болды.

Арада 1-2 жыл өткенде университеттің бір топ маман-ғалымдары «Қаз дауысты Қазыбек би» тұлғалық энциклопедиясын шығаруды қолға алған едік. Соған орай қазақтың билер институтының білгірі ретінде Салық ағамызға Қазыбек би туралы бас мақала жазып беру жөнінде өтініш жасадық. Ағай оны ықыласпен қабыл алып, жылдам жазып берді. Өкінішке орай, бұл заң саласының патриархы, ғұлама ғалымның ең соңғы мақаласы екен… Арада көп уақыт өтпей ағамыз фәни жалғаннан бақи дүниеге озды.

Сөз жоқ, адамның адамдық қасиеті істеген ісі, еткен қызметі, сіңірген еңбегі ғана емес, сонымен бірге айналасына, адамдарға, кейінгі буын өкілдеріне көрсеткен қамқорлығымен де өлшенеді. С.Зимановтың тәуелсіздіктің елең-алаң жылдары ең алдымен Күлтелеев, Фукс сынды заң саласы мамандарының ұмыт бола бастаған еңбектерін қайта жарыққа шығаруына мұрындық болуының өзі көп жайды аңғартса керек. Өткен тұрмақ, өз тұрғыластарын әрең мойындайтын кесапат заманда мұндай ерлікке екінің бірі бара бермейді. Ұлы ұстаздың үлгі-өнегесі дегенде мен ең алдымен осы – өрелі тарихтың өміршең салт-дәстүрлеріне сәуле түсірген терең танымын, кемел кемеңгерлігін ерекше атар едім.

Салық ағай қызмет, жұмыс бабында қандай талапшыл, ымырасыз, қатал болса, былайғы өмірде сондай жайсаң, маңғаз еді. Әрдайым ойы тұнық, салиқалы, толғамдары салмақты, сөздері сүбелі болатын. Заң, құқық саласының тұғыры бөлек патриархы С.Зимановтың елі мен жері үшін сіңірген есепсіз еңбегі, ғибратты ғұмыры халқы үшін қашанда құнды, маңызды.

Кезінде қазақтың асыл ұлдарының бірі, үлкен парасат иесі Салық Бабажанов қайтыс болғанда халық «Салық өлгенше, халық өлді десейші» деп қайғырған екен. Заң ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан абыз ағамыз фәниден бақиға озғанда да Кеңсайға бет алған қаралы қауым тағы да сондай күйді кешкен еді.

Ертең – 19 ақпан Салық Зимановтың 100-ге келген күні. Жылдар жылжып өтсе де, замана заңғарына айналған парасат-пайымы биік, рухани жан дүниесі бай, білімі терең тау тұлғаның аты ешқашан өшпек емес. Алып аласармайды.

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,

заң ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button