Ғалымға арналған монета шықты
Ұлттық банк «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясы шеңберінде Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған QANYSH SÁTBAEV. 125 JYL коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады.
Қаныш Сәтбаев – белгілі геолог-ғалым және қоғам қайраткері, профессор, Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті.
Номиналы 2 000 теңгелік монетада марганец рудасының, минералдың түсін білдіретін күрең қызыл түске ие тантал сақинасы бар. Бұл ірі кен орнын Қаныш Сәтбаев Жезді ауылының маңында тауып, игерген. Марганец Ұлы Отан соғысы кезінде броньды техникаға арналған болат қорытпалары өндірісінде кеңінен қолданылып, КСРО-ға марганец кенінің 70%-дан астамын беріп отырған.
Биколорлы монетаның массасы – 74 грамм, диаметрі – 50 мм, сапасы – proof. 2 мың теңгелік монетаның 300 данасы шығарылды. Мельхиор қоспасынан жасалған монетаның салмағы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, сапасы – brilliant uncirculated. Ол 200 теңгелік номиналымен 5 мың данамен таралады. Монеталардың барлық түрі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнымен төлемнің кез келген түрінде қабылдануға, елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударылуға, ұсақталуға және айырбасталуға жатады.
Биколорлы монеталар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ нөмірлі сапа сертификаттары бар кәдесый орамында шығарылады. Мельхиор қоспасынан дайындалған монеталар блистерлік орамда шығарылады. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz